Еліміздің аймақтарында аты жаман коронавирустық індет күн санап өршіп барады. Індет жұқтырған адамдар саны көбейіп, осы қауіпті дерттен көз жұмғандар да аз емес. «Сақтансаң – сақтаймын» дегендей, әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайдылық таныту өзіміз үшін ғана емес, айналамыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері хақ.
Біз осы жайтқа байланысты газет тілшісі ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаевқа жолығып, сұқбаттасқан еді. Сол сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Құрметті бас имам, өлім-жітім көбейген жерде, адамдар жаназа намазы мен марқұмды ақтық сапарға жөнелту рәсіміне көптеп жиналатыны белгілі. Алайда, бүгінгідей қауіпті індет жайлаған жағдайда адамдардың бұл әрекеті қаншалықты дұрыс? Бұған қатысты асыл дінімізде не бұйырады?
– Сөзіңіз орынды. Иә, бұл мәселе қазір халық арасында өзекті болып отыр. Дегенмен бұған қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы мәлімдемесі бар. Онда Бас мүфти хазірет жамағатты адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға, төмендегі талаптарды орындауға және дін қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуге кеңес береді.
Мәлімдемеде айтылғандай, марқұмның ет жақындары болмаса, қазаға көп адам жиналмауы шарт. Мәйітті жууды, кебіндеуді, жаназа намазын оқуды және қабірге қоюды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өткізу құпталады. Жаназа намазына, жерлеу ісіне қатысатын адамдар бетперде тағып жүруі, қол алысып амандаспауы міндет саналады. Сонымен бірге жаназа намазы жылдам бес минут ішінде өткізіліп, мәйітті жерлеп болғаннан кейін ол жерде ұзақ тұрып қалмай, тезірек қайтуға асығу қажет. Зейнет жастағы кісілерге, денсаулығы нашар немесе ауырып жүрген адамдарға және мектеп жасындағы балаларға жаназа намазына қатыспауға рұқсат. Тағы бір мәселе, мәлімдемеде жаназа намазына және қабір басында көп жиналмау қажеттігі ескертіледі.
Жалпы, шариғатқа сай жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес (Фәтәуа Һиндия, 1/223). Жаназаны үш қатар болып оқу – мұстахаб. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш қатар жамағатпен жаназа намазы оқылған мұсылман мәйіттің күнәсі кешіріледі» деген (имам Тирмизи). Үш қатар жеті адаммен де құрылады, яғни, ең алдында имам, үшеуі бірінші қатарда, екеуі екінші қатарда және біреуі артында тұрады (Фәтәуа Татархания, 1/611).
Бас мүфти індеттен сақтанудың тағы бір жолы ретінде халықты жинап, қонақ асын өткізуді, жерлеу рәсімінен кейін ас беруді, жетісі, қырқы, жылы т.б. Құдайы астарды елімізде эпидемиологиялық жағдай толық тұрақталғанға дейін тоқтата тұруды сұранады.
– Пандемия кезінде жаназа намазына қатысудың үкімі қандай?
– Пандемия деп – қауіпті індеттің әлемдік ауқымда таралуын айтады. Дәрігерлердің айтуынша, пандемия кезінде әр адам санитариялық гигиена талаптарын қатаң сақтауы тиіс, көпшілік жиналатын жерлерге, қоғамдық орындарға, базарларға барудан бас тартуы қажет.
Ислам – адам баласының өміріне, денсаулығына, сеніміне, отбасына және абыройына аманат ретінде қарайтын дін. Жаратқан Алла тағала қасиетті Құранда: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» деп ескерткен. Сондықтан әрбір адам баласы өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және қауіп-қатерден сақтануға міндетті.
Мұсылман ғалымдары: «Залалды жою – пайда келтіруден бұрын тұрады» деп тұжырымдаған. Сондықтан жұқпалы ауру тараған кезде азалы жиынға көпшілік болып жиналу еліміздегі санитариялық тәртіпке қайшы. Сол себепті мұндай жағдайда жаназа намазы мен жерлеу істерін марқұмның ең жақын туыстарымен өткізген дұрыс. Өйткені, қайтыс болған мұсылманға жаназа намазын оқу – парыз кифая.
Шариғат бойынша жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес, жалғыз имам оқыса да жеткілікті. Алайда жаназаны үш қатар болып оқыған абзал. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш қатар жамағатпен жаназа намазы оқылған мұсылман мәйіттің күнәсі кешіріледі» деген. Үш қатар жеті адаммен де құрылады, яғни ең алдында имам, үшеуі бірінші қатарда, екеуі екінші қатарда және біреуі артында тұрады.
– Әлемді әлекке салған обалар Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында да болған. Ол туралы Ардақты елшіміз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) не айтқан?
– Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың өмірін сақтап қалу үшін мұсылмандарға індет аумағына кірмеуін бұйырды. Бұхаридің «Хадистер жинағында» Ибн Үсәмәнің айтуынша, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Оба – ол ластық, ал Алла обаны Израйлдегі бір қауымға жіберді» деді. «Егер сіз бір жерде оба туралы естіген болсаңыз, онда ол жерге бармаңыз. Егер сіз тұрған жерде оба байқалса, сіз одан сақтану үшін сыртқа қашпаңыз. Тағы бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Обадан қайтыс болған барлық мұсылмандар шейіт» деген.
Тіл ғылымы тұрғысынан алғанда, оба – бір аурудың атауы. Медициналық тұрғыдан алғанда, оба жаныңды жалмайтын қатерлі дерт, жұқтырған адамды қатты азапқа салады. Ал жұқтырған дене мүшелері қысқа уақыттың ішінде қараяды, көгереді немесе талаурайды, бұзылып шіриді. Оба, әдетте, қолтық асты, құлақтың арты, мұрынның ұшы немесе дененің басқа жұмсақ тіндерінен бастап жұғымдалады.
Айша риуаят етуінше, ол Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оба туралы сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Құрсақ пен қолтық астындағы түйе безі тәрізді без», – деді. Жұмсақ тіндер инфекцияланып іріңдесе, мәселен қолтық асты мен құлақ артынан байқалса, оба індетінен инфекцияланған болуы мүмкін. Оба бұзылған қаннан туындайды. Ал қанның бұзылуы инфекцияға ұшыраған кеміргіш жануарлардың денесінде болатын ауру қоздырғыштардың жұғымдалуынан пайда болады.
Инфекцияланған қан ағзаның барлық мүшелеріне ықпал жасайды, инфекцияланған дене мүшесінен кейде ірің немесе қан ағады. Мұндай жағдайда инфекцияланған қан қатысты дене мүшелеріне жеткенде, мәселен жүрекке барғанда құсу, ақыл есінен айырылу, жүрек соғуы жиілеу сияқты белгілер пайда болады. Оба жүрекке бұзылған улы қанды тасымалдағанда, өмірге қауіп төндіретін инфекция туындайды, әсіресе, ағзадағы жұмсақ тіндермен (ұлпалармен) бірігіп инфекцияға ұшырағанда.
Инфекцияланған қан уытты болғандықтан, оны ағзадағы әр орган қабылдамайды. Ал кейбір әлсіз мүшелер оны амалсыз қабылдайды. Ең қорқыныштысы оба, әдетте, құлақтың артына және қолтық астына шабуылдайды. Өйткені бұл орындар адам денесінің маңызды мүшелеріне жақын орналасқан. Жұқпалы лимфа безі обасы (қара өлім деп те аталады) емдеп сақайту (сауықтыру) салыстырмасы жоққа тең. Ал қызыл және сары обалар онша қауіпті емес, себебі ауру әдетте ластанған өңірлерде өрбиді, сондықтан «оба» деп аталады. Кез келген жұқпалы індеттің жалпы атауы ретінде қолданылады.
«Жұқпалы індет» термині «обаға» қарағанда жиі кездеседі. Әр оба жұқпалы індет, бірақ әр жұқпалы індет оба емес. Обамен жұғымдалған дене мүшесінен инфекция пайда болып іріңдейді және қатерлі ісік пайда болады. Менің ойымша, бұл ауру белгілері дәрігерлер байқай алатын обаның кейбір белгілері ғана.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге көзіміз жетпейтін көмескі болмыстардың сырын ашты. Ал дәрігерлер обаның салдарымен күресуде. Алайда, осылай бола тұрса да белгілі бір мағынадан алғанда, дәрігерлер білетін оба ауруының белгілері де оларға обаның рухпен қатысы жоқ екеніне ешқандай дәлел келтіре алмайды. Өйткені адамның жаны мен тәні кез болатын аурулар мен өлім ортасында үлкен байланыс бар. Тек сана-сезімі төмен адамдар ғана жанның адам тәніне және адамдық қасиетіне ықпал ететінін жоққа шығарады. Жұқпалы індет таралғанда немесе ауа ластанғанда, Алла адамның рухына (жанына) белгілі күш береді.
Адам ағзасы ластанған заттардан туындаған аурулармен ауырған кезде, әсіресе қан, мәни суы немесе өт сұйықтығы инфекцияланған кезде жан адам ағзасына белгілі әсер етеді. Түрлі эмоционалдық ауытқулар мен ауруларға тап болған кезде денедегі қара энергиялар денені меңгереді.
Құран оқу, Пайғамбарлардың жасаған дұғасын жасау, Алланы еске алу мен ізгі амалдар жасау сынды ерекше тәсілдер арқылы да емделуге болады. Тағы бір айта кететін жағдай, дәрігерлер тағайындаған рецептік дәрілер мен халықтық ем-домдарды салыстыруға болмайтыны сияқты Пайғамбар медетсинасы мен жайшылықтағы медетсинаның да үлкен айырмашылығы бар. Осы көзқарасты кейбір дәрігерлер де мойындайды және рухани әсердің ағзаға жасайтын ықпалын, сондай ақ исламдағы құлшылық ғибадаттардың жоғары өнімге ие дәрі-дәрмектерден де жақсы көмектесетінін көп жерде баян етеді. Бұл рухани күш жан алғыш улы дәрілердің әсерін де жойып жіберетін қуатқа ие.
Біз зиянды газдар обаны қоздыратындығы жайындағы шындықты баса айтуымызға тура келеді. Бір жылдың әр қандай мезгілінде атмосфера ауру қоздырғыштармен ластанғанда, ағзаның ақаусыздығына қауіп төндіреді. Бұл көбінде жаздың соңы мен көктемде болады. Өйткені жаз бойы ағзада жиналған шұғыл сипатты өт сұйықтығы қалдығы жаз соңында толық ыдырамайды да күз маусымы келіп, ауа райы салқындағанда жаз бойғы ағзада жиналып, толық ыдырамаған қалдықтар температураның жоғарлауымен бұзылады.
– Жоғарыда «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарды індет тараған өңірлерге кіруге тыйым салды» дедіңіз. Мұның қандай да бір себептері бар ма?
– Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) індет тараған орындарда болған жағдайда сол өңірден шықпауға насихаттады. Бұл ең жақсы сақтану шарасы, өйткені індет тараған өңірге кіргенде індет жұқтыру қауіпі жоғары болады. Бұл бейне орманда жыртқыш аңдардың барын біле тұра, сол қатерге басын байлағанмен бірдей. Бұл – дін үкімдерін біле тұра оған құлақ аспағандық. Есті пенде құлағалы тұрған дауалдың астына отырмайды. Індет тараған өңірден алыс жүру Алланың адамдарға көрсеткен ең өнімді сақтану шарасы. Адамдар індет тараған өңірден алыстағанда және былғанған атмосферадан ауашаланғанда ғана індеттен сақтану мақсатына жетуге болады.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) індет тараған өңірдегі мұсылмандарды сол өңірден шығуға тыйым салуында екі түрлі себеп бар. Бірінші, адамдарды Аллаға сенуге ынталандыру, сол арқылы адамдардың сенімін шыңдап, Алланың жіберген барлық сынақтарына сабырлық етуге шақыру. Екіншіден, медетсина ғылымы індет тараған мезгілде індетпен жұғымдалмас үшін, ағзаны басы артық дымқылдықтан арылтып, аз тамақтанып денені құрғақ ұстауға насихат береді.
Мамандар дене шынықтыру мен жуынуды да уақытша доғара тұруға кеңес береді. Өйткені, адам ағзасында көмескі зиянды заттар болады. Шұғыл дене әрекетімен шұғылданғанда және жиі жуынғанда бұл зиянды заттар жанданады әрі ағзадағы пайдалы заттармен қосылып денеде ауырусынуды тудырады.
Сондықтан мәлім өңірде оба ауыруы тарағанда адамдар үшін ең жақсы талғам сол орыннан шықпай, денедегі зиянды заттардың оянуы мен жандануының алдын алу болмақ. Ал індет тараған өңірден шығу адамның дене қуатын сарып етеді. Мұндай жағдайда жоғарыдағы айтылған екі түрлі жағдай да адам денесіне зиянды.
Жоғарыдағы көзқарастар атамзаманнан бергі ең беделді медетсина мамандарының пікірі. Індет тараған өңірден қашу жұқпалы індеттің ауру таралмаған өңірлерге жұғу қаупін арттырады. Бұл Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихатының дұрыстығын дәлелдеді. Оны орындау рух пен тәннің ақаусыздығының кепілі.
Мүбәдә біреулер: «Пайғамбарымыз кезінде індеттен қорғану үшін басқа жаққа қашпау дейтін көзқарасымен жоғарыдағы түсіндірмесінде қарама-қайшылық пайда болды, ендеше, басқалай себептермен (мысалы саяхаттап шығу) індет тараған өңірден шығуға болады, бұл шектелмеген» деп сұрай қалса, біздің берер жауабымыз: «мейлі шипагерлер болсын, басқа адамдар болсын ешкім де індет тараған өңірдегі әрқандай қимыл әрекеттің бәрі шектеледі деп айта алмайды. Өйткені, адам қозғалыссыз тұрақты жаратылыс емес. Бірақ жұқпалы індет өршіген сәтте қажетсіз қимыл әрекеттерден тыйыла тұруға насихат береміз. Тек ғана обадан құтылу үшін емес, індет тараған өңірден шығып кетуге басқа да себептер болуы мүмкін. Бірақ, ондай жағдайда жан дүниенің тыныштығын сақтап, ағзаны дем алдыру ең жақсы талғам болмақ.
Мұнан да маңыздысы, сол сәттегі жағдайға сабыр сақтап, жан тәнімен Аллаға берілу, тағдырға мойынсұну болмақ. Күнделікті қарекет қылмаса болмайтын адамдар жөнінен алғанда, мысалы, әр саладағы жалдамалы жұмыскерлер және жолаушыларға бүкілдей тыныштық сақтау талап етілмейді. Тек қажетсіз жүріс-тұрыс пен індет аймағынан шығып кетпесе болғаны.
– Адамдарды індет тараған өңірден шықпауға бұйырудың артында үлкен парасаттылық жатыр, мұны дін ғұламаларының еңбектеріне сүйеніп, қалай түсіндірген болар едіңіз?
– Дұрыс айтасыз, бұл өте парасатты амал. Бірінші, зиян келтіретін және зиянға ұшырайтын жағдайлардан сақтану. Екінші, денсаулықты қорғау бұл дүниелік ниғыметтерден игіліктенумен ақыреттік амалдарды орындаудың негізгі шарты. Үшінші, адамдардың ластанған ауаны сіміріп індет жұқтырудан сақтау. Төртінші, індет жұқтырғандармен тікелей жанасудан сақтанып, инфекцияның алдын алу. Бесінші, жан мен тәнді микробтардың жұғымдалуынан және құрапилықтың арбауынан сақтау, құрапилыққа бой ұрған адам оңай зиянға ұшырайды.
Қорытып айтқанда, адамдардың індет тараған өңірге кіруін шектеу ең өнімді сақтану шарасы, адамдарды туылуы мүмкін болған қауіп-қатерден сақтандыру. Автор өмір сүрген кезеңде «Оқшаулау» деген медетсиналық атау қалыптаспаған еді, ал бұл хадис автор өмір сүрген кезеңнен мөлшермен 700 жыл бұрын айтылған. Хадис сенім негізінде осы бір ұғымды қалыптастырған, ал медетсина мамандары мөлшермен VII ғасырдан кейін ғана бұл білімге қол жеткізіп отыр.
Адамдардың індет тараған өңірден шығуына тыйым салу – Алланың бұйрықтары мен тағдырына бағынуға үндеу болып табылады. Бірінші бұйрық адамдарға тәрбие беру мен жол нұсқау, екінші бұйрық Алланың қалауымен болатын әрқандай іске бағынуға шақыру. Сахиқ хадистерден риуаят етілгендей, Омар Ибн Хаттаб өзінің қосындарын бастап шамға аттанады, Сайриыл өңіріне барғанда әбу Убайда Ибн Жаррақ сынды әр жердің губернаторлары келіп кезігеді әрі оған шам өңірінде оба ауруы тарап жатқанын айтады.
Ибн Аббас: «Омар маған алдыңғы мұхажырларды шақырып келуді айтты, мен оларды шақырып келдім» Омар жамағатпен ақылдаса келіп, оларға шам өңірінде оба ауруы тарап жатқанын айтады. бірақ жамағаттың пікірі әртүрлі болады. Біреуі «Біз дін үшін жолға шыққанбыз, бұлайша қайтып кетуге болмайды» десе, енді біреулері «Сен негізгі жасақтарды бастап бара жатырсың, оның ішінде алла елшісінің сахабалары да бар біз сенің оларды індет өңіріне тастап кетуіңді құптамаймыз» деді.
Сол кезде Омар жамағатқа алдымен қайта тұруды бұйырды, сосын маған: «Сен ансарларды шақырып кел» деп бұйырды, мен ансарларды да шақырып келдім, ол ансарлармен ақылдасты, нәтижесінде ансарлар да мұхажырлердің көзқарасын қолдап, әркім өз көзқарасында қалды, пікір қайшылығы туды. Омар оларға қайта тұруды бұйырды да маған: «құрайыштардың ішіндегі Меккені қалпына келтіруге атсалысқан мұхажырлердің беделділерін шақырып келуді тапсырды. Мен оларды шақырып келдім. Оларда ешқандай пікір алауыздығы туылған жоқ. Бір ауыздан: «Сен жасақтарыңды бастап кері қайт, оларды індет өңіріне қалдырма» деді.
Іле-шала Омар көпшіліктің алдында «Мен қайтуға шешім қабылдадым, барлықтарыңыз қайтуға дайындалыңыздар» деп жар салды. Мұны тыңдап тұрған Айуб Убайда Ибн Жаррақ: «Бұл Алланың тағдырынан қашу ма?» деп сұрағанда Омар: «Ей, Айуб Убайда, егер бұл сөз басқа біреудің аузынан шыққанда ғой…» деп оның түсінбестігіне таңданыс білдірді. Омар тағы да: «Біз Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашып барамыз, айтыңдаршы, егер сен бір топ түйеңді жайып бір сайға келдің, сайдың бір шеті бітік шөп, енді бір шеті қуарған құмды дала болса сен алланың тағдыры деп түйеңді шөпке қарай жаясың ба әлде шөлге қарай жаясың ба? » деді.
Осы сәтте (Ибн Аббас айтады) Абдулла Ибн Ауып келді де (Ибн Ауып бағанадан бұл ортада болмаған): «Мен бұл жайындағы бір хадисті білемін, кезінде Алланың елшісі: «Сендер бір өңірде оба тарағанын естісеңдер ол жерге бармаңдар. Егер сендер тұрған өңірде оба індеті байқалса сендер ол апаттан құтылу үшін басқа жаққа қашпаңдар деген» деді.
Қорыта келгенде, ислам – адам баласының өмірін, денсаулығын, сенімін, отбасын және абыройын сақтайтын қасиетті дін. Алла тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» деп ескерткен («Бақара» сүресі, 195-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзгеге және өзіне зиян тигізуге болмайды» деген (Ибн Мажә). Сондықтан өз өміріміз бен денсаулығымыз – Алланың бізге берген аманаты. Мұсылман ғалымдары «Залалды жою пайда келтіруден бұрын тұрады» деген (әл-Бахр әл-Мұхит, 7/280). Қазіргідей жұқпалы аурудың қаупі күшейген кезде одан сақтану – әрбіріміз үшін міндет.
Алла тағала елімізді, халқымызды жаман аурудан, түрлі пәле-жаладан сақтап, тыныштық пен амандық нәсіп еткей!
– Құрметті бас имам, мағыналы, мәнді сұхбатыңызға Алла разы болсын дей отырып, осы риясыз әңгіменің індет таралған қазіргі жағдайда көптеген адамдарға ой салып, онда айтылған өсиеттер мен тыйымдарды амалға асырады деп сенгіміз келеді.
Сұқбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»