Basty bet

Қамқор ана, мейірімді мейірбике

Мейірімді мейірбикелердің жұмысы қашанда үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Дәрігер емінің нәтиже беруі де ең алдымен мейірбикелердің ұқыптылығына байланысты. Сонымен қатар, бұл мамандық иесінің адамдарға түсіністік пен сүйіспеншілікпен қарауы маңызды. Өзінің өмірін науқас адамдарды емдеуге арнаған Айгүл Әбдіқадырованы да осы жылы жүректі медбикелердің қатарына қосуға болады. Бұл салада 28 жыл еңбек еткен кейіпкеріміз алдына келген науқастан ешқашан көмегін аяған емес. Ұзақ жылдар бойы науқастардың риясыз ризашылығына бөленіп келеді. Ол қарапайым, мейірімді, жауапты маман, өз ісінің қыр-сырын бес саусағындай жақсы біледі.

Айгүл Қадырбекқызы 1972 жылы Түлкібас ауданы Көкбұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Қадырбек – күзетші болып жұмыс істесе, анасы Алшагүл балабақша меңгерушісі болып абыройлы қызмет еткен. Айгүл Қадырбекқызы аталған ауылдағы орта мектепті тамамдаған соң, Жамбыл облысы Қаратау қаласындағы Жамбыл медициналық колледжінің филиалына оқуға түседі. Оқу орнын мейірбике мамандығы бойынша бітіріп, ақ халатты абзал жан атанады. Алғашқы еңбек жолын Жуалы ауданындағы орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде мейірбеке болып бастайды. Сол уақыттан бері талай науқастарға медициналық көмек көрсетіп, сауығып кетуіне септігін тигізді. Әсіресе, бүгінгі күні аты жаман індеттің таралған уақытында дәрігерлермен қатар мейірбикелерге де жауапкершілік жүгі артылуда.
-Мейірбике болу – бала күнгі арманым, – деп бастады әңгімесін Айгүл Қадырбекқызы. – Осы балаң үміт пен асыл арман алға жетелеп, оқуға түстім. Қалаған, өзім таңдаған мамандық иесі атандым. Ең бастысы жүрек қалауымен, шын пейілмен беріліп жасайтын сүйікті жұмысыма айналды. Еңбек жолым осы ауруханада басталды. Осында білікті дәрігерлермен және мейірімді мейірбикелермен бірге тату-тәтті жұмыс істеудеміз.
Жұмыстың жеңілі жоқ. Кез келген істің өз қиындығы мен ауыртпашылығы, жауапкершілігі бар. Бізге де сондай үлкен жауапкершілік жүгі жүктеледі. Дәрігерлердің берген нұсқаулықтарын уақтылы орындап, ем қабылдаушыларға қызмет көрсетеміз. Егер де жұмысымызды уақтылы атқармасақ, дәрігердің ем-домы оң нәтижесін бермейді. Ауруханаға адамдарды қабылдап аламыз. Қан қысымын, дене қызуын өлшеп отырамыз. Дәрігер тағайындаған ем-домдарын жасаймыз. Мұнда әртүрлі жағдайдағы науқастар түседі. Барлығының көңілінен шығу керек. Дер кезінде медициналық көмек көрсету қажет. Жұқпалы аурулар бөлімі болғандықтан әртүрлі жағдайлар кездеседі. Кейде адамдарға ауа жетпей, оларға оттегі тасимыз. Қандай жағдай болса да адамдарды аман алып қалуға тырысамыз. Ауруханада білікті дәрігерлер Жазира Бейсенова және Ырысалды Оразбақованың нұсқаулықтарын, тапсырмаларын орындап, адамдардың сауығуына жәрдемші боламыз.
Ал, мына аты жаман індет тосыннан келгелі бері жұмысымыз тіптен өзгерді. Бұл уақытқа дейін қалыпты өмір сүріп, емі бар аурулармен күрестік. Қазір өте қиын. Осындай жағдайда қызметімізге деген адалдығымыз, шыдамдылығымыз мен бойымыздағы адамгершілік қасиетіміз бізге күш-қайрат береді. Жұмыста күннің ыстығына қарамастан сақтық үшін обаға қарсы киім киіп жүреміз. Сонымен жұмыс істеу керек. Әрине, бұл баршамыздың амандығымыз үшін. Осы індет таралып, карантин жарияланғалы бері он күннен астам үйге бармай, науқастың қасында қалған кезім болды. Қазір бейғамдық танытып, асықпай жүретін уақыт емес. Өмір үшін жанталас. Күрес. Осы күрес жолында баршаңызды күш салуға шақырамын. Бірігіп, тәртіпке бағынып, сақтық шараларын ұстанайық. Үйден шықпай, той-томалақ өткізбей, індетті ауыздықтауға бірге атсалысайық.
«Сақтансаң, сақтаймын» демекші, жұмыстан кейін жанұяммен қауышқанда міндетті түрде тазалыққа мән беремін. Мұқият жуынып, антисептикті пайдаланамын. Немерелеріме жақындамай, беттерінен сүймеуге тырысамын. Өзімді олардан алшақ ұстап, жақындарымның амандығы үшін сақтанамын. Себебі, олардың амандығы мен денінің саулығы маңызды,- дейді ол өз сөзінде.
Мейірімді мейірбикенің қолдаушысы, күш-жігер берушісі де отбасы. Оның жанұясы қызметіне деген адалдығын түсініп, демеп, қолдап отырады. Жанұясы аудан орталығы саналатын Бауыржан Момышұлы ауылында тұрады. Өмірлік серігі Бақытжан Игенбаев екеуі өмірге екі ұл, бір қыз әкеліп, тәрбиелеуде. Тұңғыштары Әуесбек отбасылы, жары, яғни келіндері Әсел. Олардан Айсұлтан және Томирис есімді немере сүйіп отыр. Сонымен қатар, Тұрар есімді ұлы мен қырмызы қыздары Арайлым үкілеген үміттері.
Науқастарға жылулық пен мейірімділік сыйлайтын да мейірбикелер. Дәл қазіргі сын сағаттарда, аты жаман індетпен арпалыста мейірімді жүзімен, ісімен науқастың сауығуына жәрдемші болып жүрген Айгүл Қадырбекқызындай мейірбикелер аянбай еңбек етуде. Бүгінгі бейбіт күннің батырлары атанған дәрігерлемен бірге шарқ ұрып қызмет етіп жүрген олардың бұл ерліктері де кез келген құрметке лайық.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close