Basty bet

«Цифрлық Қазақстан»

бағдарламасының орындалуы барысы талқыланды

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысының күн тәртібінде Қазақстан Республикасының «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының Жуалы ауданында орындалу барысы туралы мәселе қаралды.

Отырысты комиссия төрағасы Сейітхан Жұмашев жүргізді.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов баяндама жасады.
-Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №827 Қаулысымен бекітілді.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласы бойынша ауылдық округтер мен аудан әкімдігінің бөлімдерімен барлығы 86 мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілуде.
2020 жылдың есептік мерзімінде жергілікті атқарушы органдармен 17 358 қызмет көрсетілген.
Электронды түрде көрсетілген қызметтер «Е-лицензия», «е-акимат», «еду-гарден», «еду-скул», «еңбек нарығы», «Е-собез», «ИРС» ақпараттық жүйелері арқылы саны артуда.
Облыс әкімі тарапынан 2020 жылы ауылдық округтерге «е-лицензия» ақпараттық жүйесін орнату жоспарланған. Ол дегеніміз – ауылдық округ әкімі аппараты арқылы осы уақытқа дейін қағаз жүзінде көрсетіліп келген қызметтер электронды түрде көрсетілетін болады деген сөз,- дей келіп Серік Дүйсенбайұлы ауыл шаруашылығы және білім саласындағы, сонымен бірге, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатындағы жұмыстарға тоқталды.
Комиссия төрағасы Сейітхан Жұмашев ауданда интернет жылдамдығының өте төмен екендігін, кейбір ауылдарда мүлдем тартпайтындығын, білім саласы бойынша ата-аналар «Күнделік.kz»-ке кіре алмайтындығы, шаруаларға жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай беруді қолжетімді ету үшін цифрландырған жүйеге енгізілсе дегендей сұрақтары мен ұсыныстарын жеткізді. Сұрақтарға Серік Дүйсенбайұлы жауап беріп өтті.
-Интернет жылдамдығының төмендігі аудандағы ең үлкен проблеманың бірі болып отырғандығы рас. Жылдамдықты көтеру үшін оның қаржысы да көтеріледі. Алайда оны халықтың қалтасы көтермейді.
Ал, жеңілдетілген бағамен шаруаларға берілетін жанар-жағармай мәселесін талдау барысына келсек, биыл мердігер кеш анықталды. Сондықтан шаруалар алдын ала өзіне қажетті жанар-жағармайды керегінше жинап алған. Сол себептен бұл жанармайды алуы төмен болды. Алайда алда күзгі дала жұмыстары бар,- деді аппарат жетекшісі.
Келесі кезекте білім бөлімінің бас маманы Салтанат Қауқаева хабарлама жасады. Хабарламашы саланың компьютермен жабдықталуы лингофонды-мультимедиялық кабинеттер, ІТ сыныптар, робототехникаға арналған кабинеттер туралы баяндады.
Хабарламашыға «компьютерлердің сапасы, ІТ сыныптардағы сабақтың өз деңгейінде өтілу барысы қалай, мектептердегі робототехникаға арналған кабинеттерді ұстаздар мен оқушылар қаншалықты тиімді пайдалануда, осы мәселе бойынша жаңа оқу жылына дайындық барысы қалай деген?» мәселелер туралы сұрақтар қойылды.
Отырысты Сейітхан Жұмашев қорытындылап, Партиялық бақылау комиссиясы қаулы етті.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close