Basty bet
Жаңашыл ұстаз
Ұстаздық бұл өмірдегі ең жақсы, ең адал, ең жауапты, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін мамандықтардың бірі. Мемлекетіміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына дербес ел болғаннан бері педагогтар жас ұрпаққа заман талабына сай, әлемдік жүйеде сапалы білім, саналы тәрбие беруге барынша ден қойып келеді.
Ендеше, біздің мақаламыз сондай жаңалыққа жаны құмар ұстаз, жас мамандардың бірі – Манат Мүсірәліқызы жайлы өрбімек.
Манат Жүсіп Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында туған. Манат Мүсірәліқызы Молда Мұса атындағы орта мектептің түлегі. 2011 жылы 11 сыныпты аяқтап, Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне инженер-технолог факультетіне оқуға түседі. Кейіннен 2016-2018 жылдар аралығында Шымкенттегі халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінде математика пәнінің мұғалімі мамандығын тамамдайды. 2019-2021 жылдар аралығында Халықаралық Тараз инновациялық институтында білімін одан әрі жалғастырып, «Педагогика ғылымдарының магистрі» дипломын қолына алады.
– Білім саласына келуіме себепші болған – әкем. Әкем «мұғалім бол, өскелең, жас ұрпаққа білім бер» деп осы мамандыққа түсуіме жол сілтеді,- деп ағынан жарылды жас маман.
Манат 2015 жылы жуалылық азамат Жоламан Алагөзовпен шаңырақ көтереді. Осылай қасиетті Жуалы жеріне үлкен әулетке келін боп түседі. Бүгінде екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеуде.
Еңбек жолын аудандағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептен бастаған жас маман 2018 жылдан бастап Ә.Бөкейханов атындағы №15 тірек мектеп-лицейінде математика пәнінен сабақ береді. Жас маман жас та болса талмай ізденіп, әр сабағын жоғары деңгейде өткізіп, бар білгенін шәкірттеріне үйретіп жүрген жас ұстаз. Осы уақыт ішінде ол өзін жауапкершілігі мол, инабатты, жанашыр және білікті ұстаз ретінде көрсете білді. Ол оқушылардың қызығушылығын оятып, жандарын баурап алды десек, артық айтқандық емес. Жас маман өзінің игі істерімен мектеп ұжымы мен ата-аналардың да құрметіне бөленуде. Өзінің еңбек жолында біршама жетістіктерге жетіп, мектепішілік, аудандық сайыстарға қатысып, мектептің абыройын көтеріп жүрген ізденімпаз ұстаз.
Ұстаздық қызметпен қоса, жас маман спортпен де тұрақты шұғылданғанды жақсы көреді. Жас маманның дебатқа да қызығушылығы да бар. Облыс әкімінің кубогына арналған «Ұлы Даланың рухани тұғыры – тәуелсіздік» атты облыстық пікірсайыс турниріне оқушыларды дайындағаны үшін Алғысхатпен марапатталған.
– Менің ұстаздық мамандығын таңдаудағы басты мақсатым – ұлтқа қызмет ететін білімді, жаңашыл көзқарастағы ұрпақ тәрбиелеу. Ел болашағының жарқын болуы жас ұрпаққа байланысты десек, ең алдымен балаға сапалы білім беру, оларды жан-жақты етіп тәрбиелеу – біздің міндетіміз, – дейді жас маман.
ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың
«Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне
Күн болмағанда, кім болам?» деген принципті ұстанатын жас маман аз уақыттың ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, дарынды шәкірттер тәрбиелеп жүр. Атап айтсақ, аудандық «Логика әлемі» зияткерлік сайысында шәкірті Диля Уәлихан бас жүлдені алса, осы оқушы «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсында І дәрежелі дипломмен марапатталады. «Ақбота» зияткерлік олимпиадасында ІІ дәрежелі дипломмен шәкірті Назерке Оразбақ иеленеді. Иә, расында адам өміріне сәулелі сәт сыйлайтын, баланы балапан кезінен баулитын ұстаздың орны ерекше екенін дарынды шәкірттерінен байқауға болады.
Жас маман өзінің шығармашылық әлеуетін белсендіру мен кәсіби шеберлігін жетілдіру, сонымен қатар мектеп мәртебесін көтеру мақсатында «Қазақстанның жыл мұғалімі» атты педагогтардың республикалық байқауынан жүлделі 1 орынға ие болды. Жас болса да ұстаздық жолда үлкен жетістікке қол жеткізген ол бүгінде дарынды шәкірттерді тәрбиелеуде үздіксіз еңбек етуде.
– Математика – менің өмірім. Математика ғылымы өмірмен байланысты қиын және өте қызық пән екендігімен ерекше. Әртүрлі әдіс-тәсілдермен әрі өмірмен байланыстыра өтілген әр сабақ оқушы санасына қонымды әрі кейінгі өміріне азық болары сөзсіз. Сондықтан мен әр оқушыма бар білгенімді үйретуге тырысамын, – дейді жас ұстаз.
Мектеп-лицей директорының ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Қалампыр Жолдасбекқызы жас маман Манат Жүсіп жайында пікірін білдірген болатын.
-Математика пәнінің мұғалімі Манат Жүсіп – өз мамандығын және балаларды да жақсы көретін мұғалім. Жас маман болса да, сабақтарында жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, оқу материалын қолжетімді түрде үйретуге тырысады. Ұрпаққа біліммен қоса тәрбиенің де тең дәрежеде берілу керектігіне баса назар аударады. Жұмыста жауапкершілігі мол, ізденімпаз ұстаз, – дейді ол.
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»