Basty bet
Философ. Ғалым. Энциклопедист
«Қазақ халқының философиялық мұрасы» атты еңбектің үшінші және сондай-ақ екінші томдары Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық мұрасына арналған. Ойшылдың еңбектерін сұрыптауда құрастырушылар басты өлшем етіп әл-Фарабидің энциклопедиялық мұрасының барлық бөліктерінің өзара байланысын басшылыққа алды. Сондықтан үшінші томның мазмұнын оқырман зейініне ұсына отырып, сол бір терең өзара байланысты сақтауға тырысты. Екінші томға ең маңызды деп саналатын және әл-Фараби шығармашылығының кемеліне келген кезеңінде жасалынған оның философиялық көзқарастары онтологиялық мәселеден басталып, адам мен қоғам идеалынан аяқталатын, біршама қорытындыланған, жүйеленген формада бейнеленген. Мәселен, «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» сияқты еңбектері енгізілсе, ал бұл томда, «Қос философ – қасиетті Платон мен Аристотельдің көзқарастарының ортақтығы туралы», «Ғылымдар жіктелуі туралы сөз», «Музыканың үлкен кітабы» сияқты және т.б. әл-Фарабидің ірі еңбектері ұсынылады. Осы орайда құрастырушылар екі томдағы мәселелердің сабақтастығын сақтау және сондай-ақ, мазмұндық тұрғыдан алғанда әл-Фараби шығармаларында көрініс тапқан, бірақ ол туралы сөз болмаған немесе ол жөнінде алдыңғы басылымдарда болар-болмас қана әңгіме қозғалған екінші ұстаздың философиялық мұрасын басқа шығармашылық қырдан әкеліп толықтыру мақсатын көздейді.
Әл-Фарабидің философиялық мұрасын зерттеушілер әр кезде оның антикалық бастау көздеріне зейін аударып отырды. Әл-Фарабидің және басқа араб-мұсылман философиясының өкілдерінің «коментаторлығы», «эклектизмі» туралы мәселе араб тілді мұсылмандық Шығыстағы философияның дербес статусы туралы, әл-Фарабиді тәуелсіз философ ретінде мойындау туралы, ислам мәдениетіндегі философиямен айналысудың сипаты мен стилі туралы және т.б. даулы мәселелердің құрамдас бөлігі болады деп айтуға бола қояр ма екен.
Маңыздысы, қазіргі заманғы философиялық әдебиеттерде, әсіресе, соңғы жылдары, орта ғасырдағы исламдық ойшылдардың мұраларына, оларды ежелгі грек классиктерінің немесе философтарының «түсінік берушісі» ретінде, жай ғана өздерінің ізашарларын қайталаушы немесе оларды қайтып айтып беруші ретінде сипаттайтын немқұрайдылық көзқарасты кездестіру қиын екендігін аңғару. Сол немесе басқа мәселелерді зерттеуге барудың алдында ол туралы ой айтқандардың көзқарастарын баяндаудың қажеттігінің бар екенін және оның үстіне, ол баяндау сыни тұрғыда болу керектігін әл-Фараби ойлаған әрі оның барлық негізгі шығармаларынан ол байқалады. Бұл мәселені растау үшін, сондай-ақ, әл-Фарабидің «түсінік беруінің» мәнін ашу үшін әл-Фарабидің «Қос философ – қасиетті Платон мен Аристотельдің көзқарастарының ортақтығы туралы» атты шығармасына жүгінеміз.
Әл-Фараби бұл шығармасында екі философтың көзқарастарының ортақтығының дәлелін ол Аристотельдің көзқарасы бойынша, толық анықтама «дәлелдеу және бірігу арқылы алынады», ал «анықтаманы алу үшін жақын және сенімді жол – осы заттың мәні мен субстанциясындағы өзіне тән барлық сипаттары мен жалпы белгілерін іздеу болып табылады» дегенді атай отырып, Аристотельдің методологиясы негізінде жүргізеді. Жалпыны іздеу ретінде ақиқатқа жетудің сенімді жолын іздеуді мақсат етіп ұстану арқылы ол, Платон айтқандай, ақыл жететін мәндер әлемінде, таза ойлау саласында бекіген, Аристотельдің ақылға салу тәсілін ұстанатындығын растады.
Ақылға салу арқылы танитын мәндер әлемінде ақиқатты іздеу бір зат туралы әртүрлі пайымдауларды салыстыру, ара қатынасын белгілеу және олардың арасындағы сәйкестікті іздеу арқылы қол жеткізіледі. Әл-Фараби оны былайша атап өтеді: «Пайымдау мен көз жеткізу тек өмір сүріп отырған басқа/пайымдау мен көз жеткізуге/ … сәйкес болғанда ғана ақиқат
Ақылға салу арқылы танитын мәндер әлемінде ақиқатты іздеу бір зат туралы әртүрлі пайымдауларды салыстыру, ара қатынасын белгілеу және олардың арасындағы сәйкестікті іздеу арқылы қол жеткізіледі. Әл-Фараби оны былайша атап өтеді: «Пайымдау мен көз жеткізу тек өмір сүріп отырған басқа/пайымдау мен көз жеткізуге/ … сәйкес болғанда ғана ақиқат бола алады». «Айдан анық емес пе, – деп жалғастырады ол, – бір ғана зат туралы әр түрлі білімнің куәгер болуынан және көптеген пікірлердің біреуге тоғысуынан басқа салмақты, пайдалы және күшті дәлелдер жоқ, өйткені барлық адамның интеллекті дәлелдеу үшін қызмет етеді. Әуелі интеллектке ие адамның өзіне бір зат басқа заттан кейін оның қазіргі кезде қандай екендігіне мүлдем қарама-қарсы сияқты болып көрінетіндіктен … ол көптеген ақылдардың бір пікірге келуін қажет етеді және де олар қаншама әртүрлі болғанымен, әйтсе де, бұған қарағанда анықтау болатын білім емес дейтіннен басқа салмақты дәлел жоқ». Сонымен, әл-Фарабидің ақиқатты іздеу мәселесі бойынша, бұл айтқандары мен пайымдауларын талдау жасай отырып, ондай іздеудің өлшемі мен құралы ақыл болып табылады деп мақұлдауға болады. Сол немесе басқа пайымдаулардың ақиқаттығын немесе жалғандығын дәлелдеу үшін нақты ақыл қызмет етеді. Ақыл синтездеу, байланыстыру, қорытындылау, яғни олардың жалпыға бірдейлігінің арқасында ақиқат ретінде қабылдауға қажеттік туатын жалпыға ортақ пайымдаулар мен ұғымдарды жасау қабілетіне ие. «Біл,- деп сендіреді ойшыл,- жеке жағдайларға байланған индукцияларға негізделген жалпы туралы пайымдаулар заттар табиғатында мықты растықты табатыны соншалық, тіпті одан бас тартуға болмайды, одан өзін-өзі ұстап қалу немесе ешқандай, мейлі білімде, мейлі пікірде және көз жеткізуде, мейлі діни заңдарда және құқықта немесе азаматтық қауымдық өмір мәселесінде әрі тіршілік мәселесінде одан құтыла алмайсың». Әл-Фараби айтқандай, бұдан басқадай бір анықтықты және «салмақты дәлелді» таным әлі қалыптастырмады. Ақиқатты, яғни ойша құрған пікір саласынан, ол бір ғана зат туралы әртүрлі пайымдаулар арасындағы сәйкестік ретінде қойылатын ақыл жететін мәндер әлемінен іздеу керек болады.
Әл-Фарабидің осындай бір принципті нұсқауында ойлау заттар әлемімен емес, керісінше, ерекше тек оймен ғана жұмыс істейтін интеллектуалдық әрекеттің эмпирикалық материалына бағыттауда жатқандығын байқауға болады. Ой өзі білдіретін затының орнына жүреді. Сондықтан да орта ғасыр араб-мұсылман философиясы туралы әдебиеттерде әл-Фарабидің «компиляциясы» немесе «түсінік беруі» ретінде жиі айтылады, мұндай амал жағдайында, яғни ой ойлаудың өз зерттеу пәні етіп алатын тұста философиямен айналысудың ойша тәсілінің ерекше формасы ретінде қарастыруға болады. Әл-Фараби былайша көрсетеді: «Егер де ойланғаннан, өзін-өзі тексергеннен, пікірталастан, пікір алмасқаннан, сөз жарыстан, қарама-қарсы жақтарды қарастырғаннан кейін әртүрлі ақылдар тоғысатын болса, онда олар оны дәлелдей отырып және онымен бірауыздан келісе отырып алынған көз жеткізуден басқа дұрыс еш нәрсе болмайды».
Әл-Фарабидің «ізашарларының ойларына» деген қатынасты негіздеу осында болып табылады. Сондықтан «түсінік беру» деген шын мәнісінде ойлаудың басты құралы ретінде өз логикасы бар ойша философия құрудың даму дәстүрін білдіреді. Дәл логика шығыс перипатетиктерінің философиясында ойдың ақиқаттығының өлшеуіші, ақыл таразысы ретінде қарастырылады. Басты нәрсе ретінде философияның осындай бағытына ие болған тұста Аристотельдің философиясына деген ерекше көңіл түсінікті, өйткені өз ізашарларының көзқарастарын қарастыруға деген мұндай амал Аристотель философиясында алғаш рет анықталған болатын және онда логика мен оның заңдары туралы ілім жасалынған болатын.
«Қазақ халқының
философиялық мұрасы»
кітабынан