Basty bet
Кәсібін ашуға бағыт-бағдар беруде
Қазақстанда кәсіпкерлік кеңінен таралуы керек. Осы үдеріске «Бизнес-Бастау» жобасын жүзеге асыру жақсы негіз. Жоба «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен жүзеге асырылуда.
Жамбыл облысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандағы филиалының сүйемелдеу жөніндегі консультанты, «Бизнес-Бастау» жобасының аудандағы үйлестірушісі Бекмұрат Кенжебекұлының айтуынша, биылғы жылы 280 азамат бағдарлама аясында оқып, сертификат алуы тиіс. Аудан тұрғындары үш кезеңмен онлайн жүйеде оқуда. Бірінші кезеңде 101 адам оқыса, екінші кезеңде 66 адам, үшінші кезеңде 65 адам кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруде. Оқудың бірінші легі 10 маусым және 30 маусым аралығында, екінші легі 9 шілде мен 29 шілде аралығында өткізілген. Ал, үшінші легі 6 тамыз бен 26 тамыз аралағында жүргізілуде. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі аталған жоба аясында бүгінгі күні ауданда 62 азамат қайтарымсыз грант иегері атанған.
Палатадағы бизнес-тренер Жазира Тоқабаева. Сертификаттар екі бағытта беріледі. Бірі – «Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында гранттарға қатысуға, несие алуға, инновациялық бағытта қолдануға болады. Ал, екіншісі бизнес-кеңесші ретінде кәсіпкерлік палатасынан білім алуға болады екен. Жалпы, азаматтар «Бизнес-Бастау» жобасымен 21 күн оқып, 55 сабақтан білім алады. Тоғыз сабақаралық тест тапсырады. Онлайн жүйеде бір күнде 11 сабақ оқуға болады.
Биылғы жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі «Бизнес-бастау» жобасымен тұрғындар 565 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Тек ол үшін жүйелі жоспарыңыз бен кәсібіңіздің бас-жоспары болуы керек. Гранттар көбінесе ауыл шаруашылығы саласына және өндірістік бағытта бөлінеді.
-Еліміздегі індетке байланысты біздің салада да өзгерістер орын алды. Тұрғындарға уақтылы кеңестерін беріп, құжаттарын қабылдау үшін барлық санитариялық талаптарды сақтай отырып, қызмет көрсетіледі. Ал, «Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында онлайн жүйеде сабақтар жүргізілуде. Оқытудың басы жұмыспен қамту орталығынан басталады. Онда ең алдымен ниет білдіруші азамат өтініш білдіреді. Өтініші бойынша базадан оның құжаттары тексеріліп, жұмыссыз ретінде тіркеліп, академияға жолдама алады. Тұрғындар «Atameken.com» сайты арқылы оқуға тіркеледі. Тіркелгені базадан көрініп, осы бойынша сабаққа қабылданып, кезегімен оқу жүргізіледі.
Whatsapp мессенджері арқылы чат ашылады. Чаттан керекті мәліметтерді, сұрақтарының жауаптарын алуға болады. Азаматтар өздері жеке ізденіп, оқиды. Сабаққа керекті материалдарды жинақтап, тапсырмаларды орындап отырады. Бәрі бақылауда. Егер, олар бес күн ішінде сабаққа қатыспаса, автоматты түрде оқудан шығарылады. Яғни, әр сабаққа қатысушылар жауапкершікпен қарауы тиіс.
Өткен жылы қайтарымсыз грант «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 29 жасқа дейінгі азаматтарға берілген болатын. Ал, биылғы жылы ондай шектеу жоқ.
Яғни, «Бизнес-Бастау» жобасымен кез келген сертификаты бар азаматтар қатыса алады. Сертификат үш жылға дейін жарамды. Қайтарымсыз грант ұтып алған азаматтарға үш ай уақыт беріледі. Олар осы уақыт ішінде кәсібін ашып, жолға қоюы керек. Үш айдан соң тексеріс жүргізіледі. Егер де тексеріс барысында кәсіпкердің ісі жолға қойылса, оны әрі қарай құжаттары толық рәсімдеуге жіберіледі. Ал, керісінше, қаржыны мақсатсыз жұмсап, дұрыс бағытта пайдаланбаса, қаржы кері қайтарылады. Сондықтан грант иегерлері енді ғана істеріне кірісіп жатыр, – дейді Жамбыл облысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандағы филиалының сүйемелдеу жөніндегі консультанты, «Бизнес-Бастау» жобасының үйлестірушісі Бекмұрат Кенжебекұлы.
Еліміздегі кәсіпкерлік саласын дамытуға біздің ауданның тұрғындары да үлес қосып отырғаны қуантарлық жағдай. Нәтижелі ісімен көпке үлгі болып, өзін-өзін жұмыспен қамтыған жандардың бірін осы палатадағы мамандар ұсынды. Бізге жас кәсіпкердің жұмыс орнын көрсетіп, онымен тілдесуге ықпал жасады.
Ветеринариялық дәріхана ашу мақсатында «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен қайтарымсыз грант иегері атанған Құдірет Тоялы бүгінде тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде екен. Аудандық орталық аурухананың маңындағы «Айболит» ветеринариялық дәріханада төрт түлік малға қажетті дәрі-дәрмектің барлығы дерлік бар. Оның ісін бастағанына да екі жылдың жүзі болған. Жас та болса, өз кәсібін жақсы біледі.
-Б.Момышұлы ауылының тумасымын. №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 2014 жылғы түлегімін. Көрші Түлкібас ауданындағы коллежді бітірдім. Мамандығым да осы ветеринария саласымен байланысты, яғни мал дәрігерімін. Бұл мамандықты да осы кәсібіме байланыстыру үшін оқыдым. Енді, міне, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы оқып, сертификат алдым. Қайтарымсыз грант иегері атанып, ісімді өрге дөңгелетудемін. Дәрілер жеткілікті. Келісілген фирмалардан дәрілер уақтылы жеткізіледі.
Мұнда ауданның барлық елді мекендерінен келіп, малдарына дәрілерін алып кетеді. Кейде кеңестер беріп, дұрыс емдеу жолдарын көрсетемін.
«Кәсібің-нәсібің» демекші, әр адам ісінің көзін тауып, табысқа жетіп, осымен өзін-өзі жұмыспен қамти білуі керек. Ол үшін сол саланы жақсы меңгергені абзал. Мал да адам секілді ауырады. Адам сөйлеп, ауырған жерін айтып, көрсетсе, мал оны жеткізе алмайды. Тек олардың іс-қимылынан байқауға болады. Мәселен, төрт түліктің іші ауырса бүйіріне қарайды.
Алдағы уақытта еліміздегі ветеринария саласын дамытуға өз үлесімді қосуды көздеп отырған жайым бар. Кәсібімді кеңейтіп, басқа да гранттарға қатысу басты жоспарда бар, – дейді Құдірет Керімсалұлы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»