Basty bet
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
«Қазақтың тарихында қазақ халқы ұялатын ештеңе жоқ» деп Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамыры терең халқымыздың тарихына баға бергеніндей, тарих пен оны жасаған тұлғаларға тағзым – ең ұлы істердің бірі екені даусыз. Шынында тағдыр талайы басқа халықтарға ұқсамайтын қазақ халқының өткені мен кеткені қаншама қиындықтарға толы болды. Арыға бармай-ақ, өткен ғасырдағы 1920-шы жылдары байларды жаппай кәмпескелеп, қудалаудан, қолдан ұйымдастырылған ашаршылыққа ұшыратудан басталған қиындықтар ұлтымыздың көзі ашық, зиялы азаматтарын 1932-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге салуға ұласқаны белгілі. Бұл жылдар ел тарихында «ақтаңдақ» ретінде қалды. Осы жылдар аралығында елім деп еңіреген ерлеріміз жаппай қуғындалып, олардың жарлары, балалары, туыстары арнайы азаптау лагерьлерінде өмірлерін өткізді.
«Тағдырын адам таңдап алмайды» демекші, ұлттың ұстынына айналған, қазақ халқының болашағын тереңнен ойлаған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, қазақтың «үш бәйтерегі» атанған Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, сондай-ақ Тұрар Рысқұлов тағы да басқа арда азаматтардың қысқа ғұмырындағы ұлтқа сіңірген еңбектері ел есінен мәңгі шықпақ емес…
Тағзым – тектен қалған тұмарымыз. Осы орайда ауданда осыдан бірер жыл бұрын 1932-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып ескерткіш-монумент ашылған болатын. Мұнда аудан жұртшылығы жыл сайын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні келіп, марқұмдардың рухтарына тағзым етеді. Мұндай дәстүр биылғы жылы да өз жалғасын тапты.
Аудан орталығындағы «Жасай, бер, Қазақстан!» саябағындағы ескерткіш басында ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг болып, оған аудан басшылығынан бастап, мәслихат аппараты, аудандағы ардагерлер кеңесінің мүшелері, мекемелердің басшылары мен өкілдері қатысты. Митингті аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, сөз сөйледі.
-Құрметті жуалылықтар!
Тәуелсіздік таңы атып, егемен ел болғалы халқымызға қуаныш сыйлаған тарихи маңызы зор шаралар аз өткізілген жоқ. Мұндағы басты мақсат – сырға толы тарихымыздың қойнауына тереңірек үңіліп, шаң басқан құжаттарды зерттеу. Ұзақ жылдар бойы «үнсіз» жатқан тарихи құндылықтарды жарыққа шығарып, жас ұрпаққа жеткізу, көпұлтты республикамыздағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайту болып табылады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы бойынша 31мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. «Біз үшін, азат, Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін оларды еске алу және есте сақтау қасиетті парыз» деп Елбасы атап өткендей, қазақ елінің ең сұрапыл қасірет тартқан кезеңі мәңгі жадымызда сақталуы тиіс.
Сол кезеңде халқымыздың басым бөлігі қасаң да қатаң мемлекеттік саясаттың құрбанына айналды. Миллиондаған азаматтар қуғынға түсті.
Кеңес билігінің бастапқы жылдарында аграрлық, көшпелі ел түбегейлі өзгеріске ұшырады. Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Голощекин 1927 жылы «Кіші Қазан» төңкерісін жариялады. Бұл орашолақ саясат жаппай ұжымдастыру мен көшпелі қазақты отырықшылық өмірге бейімделуін талап етті. Оның соңы асыра сілтеуге ұласып, халықтың қолындағы малды тартып алуы салдарынан 1932-33 жылдары Қазақстанда 1,5 миллион адам аштықтан көз жұмды.
Зиялы қауым партия қайраткерлерінің қателігі мен асыра сілтеуін қатты сынға алды. Кеңес билігі азаматтық соғыс жылдарындағы ұлт тәуелсіздігіне белсене қатысқан «Алаш орда» қозғалысының көптеген қайраткерін тізімге алып отырды. Ахмет Байтұрсынов, Міржақыпов Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов, Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Досмұхамедов, Жақып Ақбаев сынды 44 арысымыз қамауға алынды. Тарихшылардың мәліметі бойынша, 1937-38 жылдары кеңестік Қазақстанда 118 мың адам сотталған. Олардың 25 мыңына ату жазасы кесілген.
Осы жылдары көптеген ұлт Қазақстанға жаппай қоныс аударылды. 1937 жылы күзде жүз мыңдаған корей, түрік, ирандық, күрд және әзірбайжандар елімізге келіп қоныс тепті.
Қадірменді көпшілік!
Саяси қуғын-сүргін мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихтың шерлі беттерінің бірі болып қала бермек. Жазалаушы жүйе жоғарыда атап көрсеткендей, еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі жердегі борышымыз – осы қаңқұйлы жылдардың оқиғасы, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі еске сақтау.
Бүгінгі жастарымыз келер ұрпақ еліміздің қиын-қыстау тарихын, небір зорлық-зомбылықты қайыспай көтерген халқымыздың қайсарлығын біліп өсуі керек. Бұл біздің жарқын болашағымыз үшін қажет,-деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Одан соң аудандағы әзірбайжан ұллтық мәдени орталығының төрайымы, білікті акушер Эсмира Мамедова сөйлеп, ол Қазақстанның көпұлтты мемлекет екенін, отызыншы жылдардың аяқ тұсында ата-бабаларының қазақ жеріне қалай жер аударылғандығы туралы айтып, қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созған халыққа шын жүректен алғысын жеткізді.
Нұржан ДЕРБІСӘЛИЕВ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»