Basty bet

Жастар есірткісіз өмірді қалайды

«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастырумен аудандық орталық емхананың профилактика бөлімінің психологі Венера Сейтаеваның қатысуымен онлайн кеңес өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында есірткі бизнесінің алдын алуға айрықша көңіл бөлгені белгілі. Әсіресе, синтетикалық есірткі саудасы қызып тұрғанын тілге тиек еткен Президент есірткіге еліккендердің басым бөлігі жастар екеніне алаңдаушылық білдірді. Расында да бүгінде нашақорлық аса қауіпті індетке айналып отыр.
Шараның мақсаты – есірткіге тәуелділіктің алдын алу, жастар мен жасөспірімдерге мамандар тарапынан кеңес беру. Өскелең ұрпаққа саламатты өмір салтын насихаттау, өз денсаулығын күте білуге дәріптеу, зиянды әдеттерден аулақ болуға үгіт-насихат жүргізу.
Онлайн кеңесте «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің психолог маманы Жадыра Ерғалиқызының тарапынан қойылған сұрақтарға Венера Серікқызы тиісті жауап берді. Атап айтар болсақ, «нашақорлық» және «есірткі» ұғымын медициналық тұрғыдан ашып, есірткіге психикалық тәуелділіктің қалай қалыптасатыны және қалай жүзеге асатынын түсіндіріп өтті. Аудан бойынша тіркеуге алынған жастар туралы мәліметтермен таныстырды. Сонымен қатар, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында қандай іс-шаралар жүргізіліп жатқандығы жайлы да айтып өтті.
Шара барысында ата-аналарға да бірнеше кеңестер берілді. Есірткіні бастапқы пайдалану кезінде жасөспірімдерде ұйқысыздық, шаршаңқылық, оқу үлгерімінің төмендеуі, салақтық пайда болады. Ал, ұзақ уақыт қолданған кезде – дамуының тежелуі, ойлау қабілетінің төмендеуі пайда болады.
Ата-аналар баласының есірткі пайдаланып жүргенін немесе тәуелділігін: үнемі ақша сұрауынан, үйден бағалы заттардың жоғалуынан, ұйқысыздық пен ауруды басатын дәрілердің қораптары, шприцтер, кішкене қасықтар, кішкене құтылар, жылтыр қағаздың қиықтары, полиэтилен мен қағаздардың жанында алып жүруінен байқауы керек. Әсіресе, жасөспірімдік жаста баланың еліктеушілігі жоғары болғандықтан ата-аналар осы кезде перзенттерін көбірек қадағалап, ортасына мән беруі тиіс.
«Денсаулықты сақтай білу де өнер». Денсаулығымызға аманат ретінде қарауымыз тиіс. Өмірді мәнді, бақытты ету үшін ең алдымен адамға мықты денсаулық қажет. Мықты денсаулық адамға саламатты өмір салтын сақтаған жағдайда ғана болатынын еске сақтайық!
Есірткі ешқандай жақсылық әкелмейтінін ұмытпайық!

Жадыра Ерғалиқызы,
«Жастар ресурстық орталығы»
мекемесінің психолог маманы

Таңдаулы материалдар

Close