Basty bet

Ұлттық руханияттың қайнар көзі

Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті.

Ауданымыздағы сәні мен салтанаты үйлесіп, заманға сай даму жолына түскен үлгілі ауылдың бірі – Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылы. Аталған ауыл биылғы жылы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауына таңдап алынып, бүгінгі күні бәйгеде бақ сынауда. Тұрғындар үшін бұл да бір қуаныш. Себебі, қазақы салт-дәстүр сақталған, қаймағы бұзылмаған Қарабастау ауылының ынтымағы мен бірлігі, тынымсыз тыныс-тіршілігі, ауылдан түлеп ұшқан азаматтардың туған жерге деген жанаршырлығы көпке үлгі-өнеге болуда.
Өткен аптаның ортасында ауданнан шалғай орналасқан осынау қазыналы мекенге тағы бір іссапарымызды арнадық. Ауылға кіреберістен тазалық, жинақылық көзге ұрып тұр. Орталықтағы саябақтар абаттандырылып, айналасындағы қоршауларға сырлау жұмыстары жүргізіліпті. Сонымен қатар, ауыл ішінде де тазалық бар. Әктеліп, сырланған көшелер келбеті өзгерген. Ауылдағы демеушілердің көмегімен соғылып жатқан сахна да жақын күндері аяқталады деп күтілуде. Бұл сахна аяқталса, елді мекеннің ажарына сән беретініне сеніміміз мол.
Бізге «Үлгілі ауыл» байқауына қатысушы Қарабастау ауылы туралы газетімізде бірнеше рет ауқымды мақалалар жарияланған болатын. Мақалаларда ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, ұлтаралық татулығы, мәдени, білім беру ошақтары туралы мәлімет берілген болатын.
Ауылда соңғы бес жыл ішінде қылмыс тіркелмеген. Бұл ауыл тұрғындарымен ауылдық округ әкімі аппараты мен учаскелік полиция қызметкерлерінің бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесі. Өзгеге үлгі боларлық үлгілі ауылдың тұрғындары қылмыссыз, құқықбұзушылықсыз қоғамды қолдайды. Пайдалы іспен айналысып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді көздейді.
Ең бастысы, бұл ауылдың мәдениетке деген көзқарастары жақсы қалыптасқан. Ал, мәдениетті, өнерді қолдаған ауыл да қылмыс та болмайтыны сөзсіз. Дұрыс жол сілтеп, ақыл-кеңес беретін қадірменді қариялары мен ұлттық құндылығымызды сақтаушы ақ жаулықты аналарымыз бұл істе өз үлестерін қосып отырған жайы бар. Сондай-ақ, ұлттық спортты дамыту мақсатында жыл сайын көкпар, күрес сынды спорт түрлерінен турнир өткізу дәстүрге айналған.
-Жастар – еліміздің болашағы. Осы ретте, ауылдағы жастардың бос уақытын тиімді пайданалу үшін спорт алаңшалары, стадиондар пайдалануға берілген. Ауылға «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасымен жастар келіп, еңбек етуде.
Қаймағы бұзылмаған қазақи Қарабастау ауылында отбасылар арасында ажырасу деңгейі төмен. Бұған ауыл ақсақалдары мен үлкендердің жастарды жаңа отбасылық өмірге дайындап, керек болса, ақылдарын айтып, ұрыс-керіс шықса, бақылап, екі жақты жарастырып отыруы себеп. Жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендерінің сөзін жерге тастамайды. Ауыл қариялары бұзығын тыйып, ақылын айтып, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керістің болмауына өз септігін тигізуде. Сол себепті ауылда жастар арасында ажырасу деңгейі төмен. Мәселен, 2019 жылдың 6 айымен 2020 жылдың 6 айын салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, 2019 жылы 17 жас шаңырақ көтерсе, 2020 жылы 14 жас отбасын құрды. 2019 жылы 1 жас отбасы белгілі себептердің бірі мінездерінің жараспауынан ажырасса, 2020 жылы жастар арасында ажырасу фактілері тіркелмеді.
Ауыл тұрғындары егін және мал шаруашылығына ден қойған. Ауылда мал басы жылдан-жылға артып келеді. Қарабастаулықтардың арасында кәсіпкерлікке бет бұрған жандар да баршылық. Ауыл тұрғындары егін шаруашылығы және мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдық округтің фермер шаруашылық кітабында 101 шаруа қожалығы тіркелген, оның 51 шаруа қожалығы мал шаруашылығын дамытумен айналысса, оның ішіндегі 4 шаруашылық егін екті. Сонымен қатар округте 4 ірі шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады.
Биылғы жылы «Билікөл-1» шаруа қожалығы 500 га күздік бидай, Ғани Омаров басқаратын «Билікөл» шаруа қожалығы 366 гектар күздік бидай, «Омар» шаруа қожалығы 20 га арпа, «Береке» шаруа қожалығы 12 га арпа, 5 га жүгері екті, – дейді ауылдық округ әкімі Талғат Әмірәлиев.
Еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қарабастаулықтар да үлестерін қосып отыр. Өйткені, іссапар барысында ауылдағы шаруасы шалқыған шаруа қожалықтың біріне барып, оның тыныс-тіршілігімен таныстық.
Ауыл сыртында орналасқан шаруашылық иелігіндегі қажетті барлық қора-жайлар тазаланып, жинаулы тұр. Жұмысшыларға жаңа үй-жай тұрғызылып, қамтамасыз етілген. Құлынды биелер арнайы орынға бос жіберілген. Өзге де жылқылар жайылымда жүр. Уақ малдар болса, жайлауда екен. Сонымен қатар, қора ішінде бордақыланған бірнеше ірі қара малдары мен «Әулиекөл» ірі қара малдары байлаулы тұр екен. Ал, есік алдында шаруашылыққа керекті техникалар бар.
2015 жылы құрылған 240 гектар жері бар «Адис» шаруа қожалығын Имран Сейсенбаев деген жас азамат жүргізеді. Әке салған ізбенен жүрген ол малды асылдандыру бағытында жұмыс істеп отыр. Ауыл сыртында орналасқан мал қоражайын сатып алып, бүгінгі күні 350 қой, 75 жылқы, 80 сиыр малын ұстап отырған жайы бар. Сонымен қатар, жергілікті сегіз тұрғынға жұмыс беріп, шаруа қожалығын өрге дөңгелетуде. Жас азамат қыстың қамын ойлап, малдың жем-шөбін де әзірлеген. Жыл сайын 16 мың түк шөп жинайды екен. Ал, бүгінгі күні 5 мың түп шөп жинап, 50 тонна жем дайындапты.
-Әкем «Берікқара» шаруа қожалығын құрған. Мен кәмелет жасқа келгенше, бұл іспен өзі айналысты. Одан кейін маған сенім артып, «Адис» шаруа қожалығын құрып, онымен өзіме айналысуға мүмкіндік жасауда. Мал шаруашылығымен айналысқаныма екі жылдың көлемі болды.
Шаруа қожалық құрудағы мақсатымыз – асыл тұқымды мал шығару. Яғни, таза қанды «Әулиекөл» малы мен таза қанды асыл тұқымды жылқыларды асылдандыру. Алдағы уақытта уақ мал мен ірі қараны көбейтуді жоспарлап отырмыз.
Бала күннен ауылға көп келгендіктен бұл іске қызығушылығым арта түсті. Жас кезде осындай пайдалы іспен айналысу керек деп есептеймін. Ерінбей, еңбек етіп, табысты болуға болады. Әрі бос уақытымды тиімді пайдаланамын. Елімізде карантинге байланысты көп өзгерістер орын алып жатыр. Сол үшін шаруашылығымның жұмысын алға жылжыту қолға алдым. Көбінесе, осы фазенда да уақытымды өткіземін. Жұмысшыларыма сеніп, мұндағы тірлікті тапсырып, қожалықтың өзге де жұмыстарымен айналысамын. Жұмысшылардың барлық жағдайы жасалған. Жалақылары да уақтылы төленіп, азық-түлікпен қамтамасыз етіліп отырады. Қора-жайларды жинауға арналған ПЭФ-500-WI техникасы да бар, – дейді Имран Талғатұлы.
Жас та болса, бұл азаматтың ісіне сүйсіндік. Себебі, қаланың тыныс-тіршілігіне үйренген Имран ауылдың қайнаған тірлігіне қалай үйренді деп таңқалыстық. Жастар көбінесе шаһарда таза орында жұмыс жасағанды қалайды. Армандарын қаламен байланыстырады. Ал, Имран Тараз қаласының тумасы болса да кәмелет жасқа толған сәттен бастап ауылға қарай келуді ойлаған.
Ол бүгінгі таңда Тараз мемлекеттік университетінің ІІІ курс студенті. Бірақ, көбінесе осы шаруашылықтың басы-қасында болып, шаруасын жолға қоюды қолға алған. «Мен бала күннен бастап ауылда көп жүретінмен. Ата-апама қыдырып, көп баратынмын. Содан осы кәсіпке қызығушылығым оянды» дейді ол. Тірліктің, табыстың көзі осы шаруашылықта екенін жақсы білетінін айтады. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істеп, шаруашылығын кеңейтуді, малды асылдандыруды қолға алуды көздеп отыр.
Табыстың кілті – ауылда. Мұны кез келген жан түсіне бермейді. Әрі ауылда бақыт пен береке, молшылық пен тоқшылық бар. Ауыл – тіршіліктің, береке мен бірліктің қайнар көзі. Адамдардың кеңпейілділігі мен қонақжайлығы, ауызбіршілігі мен ынтымағы да ауылдан табылады. Ұлттық құндылықтар дәріптелетін, салт-дәстүріміз сақталатын да осы ауыл деп білеміз. Сондықтан шаруашылықтың кең өріс алуы ауылда көрініс табуда. Оған еңбеккер, ізденімпаз, ынталы тұрғындардың септігі тиюде.
«Ауылым – алтын бесігім» демекші, міне, біз бір ауылдың жай-күйімен, тыныс-тіршілігімен танысып, қазақы қаймағы бұзылмаған, берекесі мен бірлігі мығым Қарабастау ауылын артқа тастап, аудан орталығына қарай жол тарттық.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close