Basty bet

Олег – ағаш ұстасы

Иә, өнердің қай түрі болсын адамға тек пайдасы болмаса, зияны жоқ. Қолынан іс келетін, еңбекқор адам «Кәсібің – нәсібің» демекші, өмірде қиналмайды.
Ұсталық – көнеден үзілмей келе жатқан киелі кәсіп. «Ұсталы ел озар, ұстасыз ел тозар» деген халқымыз темірден түйін түйген, ағаш жонған ісмерді «ұста» деп төбесіне көтеріп, қадірлеген.
Қазақ жерінде он саусағынан өнер тамған небір ұсталар мен ғажайып ұстаханалар көп болған. Оған археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған ұсталар жасаған көз майының еңбектері, яғни түрлі заттар дәлел.
Бүгінде заман ағымына сай кәсіпкерлік салада өз бағын сынап жүрген жастар көп. Жастардың кәсіпкерлікте беталысы жаман емес. Түрлі кәсіпті игеріп, өздерінің қабілеттерін көрсетуде. Нақты мақсатпен еңбек етіп, биік белестерді де бағындыруда. Ондай еңбекқор жастар біздің ауданымызда да жетерлік. Оның ішінде ұсталықты меңгерген жастардың орны мүлде бөлек.
Күреңбелдік Олег Клещёв ағаш ұсталықты әкесі Владимирден үйреніпті. Яғни әкесі жас кезінде ағаштан есік-терезе, түрлі жиһаздар жасайтын шебер болған. Бүгінде зейнет демалысында бейнетінің зейнетін көріп отырған жан. Ал анасы Валя Жамалқызы дүкенде сатушы, кейінгі жылдары поштада бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. Қазір үй шаруасында.
Олег отбасында үш қыздың ортасындағы жалғыз ұл.
Отбасындағы қыздар: Зарина- қаржыгер, Галина ҚазҰУ-нің математика факультетінің студенті болса, Лаура – Қарағанды медициналық университетінің студенті. Мамандығы – фармацевт.
Ал, Олег Жамбыл жоғары политехникалық колледжін мұнай-газ мамандығы бойынша тамамдаған.
Олег техниканың тілін де жақсы меңгерген. Механизаторлық ауылда жоғары сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Олег комбайн, трактор айдап та өз нәсібін тауып жүр.
Адамда өнерге деген қызығушылық болмаса, оны меңгеру қиын. Олег әкесінің өнеріне қатты қызығады. Сондықтан әкесінің жанында жүріп үйреніп алады. Қазір өзі түрлі дизайнмен түрлі есік-терезелерді жасауда. Баласының икемі мен қызығушылығына әкесі де риза.
Олег былтыр «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бизнес-Бастау» курсын оқып, Жастар жылына орай 505 мыңдық жастарға арналған грантқа ұсталық кәсібін дамыту мақсатындағы жобасы бойынша қатысып, жеңімпаз атанады. Ұтып алған 505 мың теңге қаржысына есік-терезе жасайтын жаңа станок сатып алады.
-Қазір көп адамдар үйлеріне ағаштан жасалған есік-терезелерді қоюда. Себебі, таза табиғи өнімнің денсаулыққа да тигізер пайдасы зор.
Ағаш есік-терезеге сұраныс жоғары, ауылдан, кейде жан-жақтан да хабарласып жатады. Мен тапсырыс берушілердің мүмкіндігінше көңілдерінен шығарлықтай дүние болуына бар ынтамды салып жасаймын,- дейді ағаш шебері Олег Владимирович.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close