Basty bet
Үш нысан тұрғындар игілігіне берілді

Өткен аптада еліміздің басты мемлекеттік мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ауданда бірқатар нысандар тұрғындар игілігіне берілді. Атап айтқанда, «Ақсай» су каналының сағасынан аудан орталығы Б.Момышұлы ауылы, сонымен қатар, Қайрат, Көлбастау ауылдарындағы жеке қосалқы шаруашылықтарды ағынсумен қамтамасыз ету жүйесі, Шақпақ ауылдық округіне қарасты «Шақпақ» станциясы тұрғындарына көгілдір отын жеткізу, Күйік асуындағы Жуалы ауданының паспорты жазылған стЕлланың салтанатты ашылуы болды.
Б.Момышұлы ауылы тұрғындарының қосалқы шаруашылықтарын суару үшін полиэтилен құбырларымен (диаметрі 325 мм, жалпы ұзындығы – 4,0 шақырым) сутартқыш орнату жұмыстары жаз бойы жүргізіліп, Ата Заң мерекесі күні ауылға су жіберу рәсімі болды. Айта кету керек, құрылыс жұмыстарын ұтып алған мердігер мекеме аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жуалы-Су» МКК. Жобаның жалпы құны 85 миллион 768,5 мың теңге.
Ағын су жүйесінің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылы, Ақсай, Мыңбұлақ ауылдық округтерінің әкімшіліктерінен, тұрғындардан өкілдер қатысып, қуанышқа ортақтасты. Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Жабағы жиналғандарды мерекемен құттықтап, тұрғындар үшін суғару жүйесінің маңызды екенін айтып өтсе, ал Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Қуантай Исаев көп жылдан бері істен шыққан суландыру жүйесінің қайта қалыпқа келтірілгеніне қуанышты екенін жеткізіп, жұмысты сапалы атқарған мердігер мекеменің басшылығы мен жұмысшыларына аталық ақ батасын берді.
Каналдың игілігін көретін елдімекендер – Б.Момышұлы, Қайрат, Көлбастау ауылдары. Әр елдімекен 100 текше метр суғармалы суды тұтынады. Жалпы іске қосылған бұл жүйе 4101 ауланы суармалы сумен қамтымақ.
Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 636,11 млн теңге қарастырылып, жеті елдімекенге ауылішілік газ тарту жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, бес елдімекен (Шыңбұлақ, Қоңыртөбе, Кәріқорған, Тасбастау, Күреңбел) ауылдарына «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС арқылы және екі елдімекен (Майбұлақ, Қосмұрат) «KazCityPlat2010» ЖШС мердігерімен келісім-шарт жасалып, бүгінгі күнге жұмыстар 95%-ке орындалды. Жоба толығымен аяқталғанда аудан көлемінде 37 елді мекен табиғи газбен қамтылып, көрсеткіш 75,5%-ке құрайды.
Конституция күні мерекесі күні «Шақпақ» станциясының тұрғындарына да табиғи газ жеткізілді. Бұл шағын елдімекенде қазіргі таңда 16 үй тұрады. Тұрғындардың күш біріктіріп, әрбір үйден қомақты қаржы жинау арқылы ауылішілік жүйенің жұмыстары толықтай аяқталды. Газ тарату пунктіне көгілдір отын келіп тұр. Мереке күні салтанатты түрде табиғи газдың алауы жағылды.Тұрғындардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Нарбай Ергебеков арнайы барып, құттықтау сөз сөйледі. Нарбай Әбілқасымұлы өз сөзінде ауданда биылғы жылы атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, көп жылдан бері табиғи газдың келуін күткен «Шақпақ» станциясының байырғы тұрғындарын газдың жеткізілуімен құттықтады.
Ауыл тұрғындарының атынан сөз алған әрі газ тарту жұмыстарының басы-қасында жүрген атпал азаматтар «Шақпақ» станциясының бастығы Серік Қоңқабаев, ауыл ағасы Тоқтан Исабеков сөйлеп, елдімекенге газ жеткізуге ықпал еткен аудан басшылығына, мердігер мекеменің өкілдеріне алғыстарын жеткізді. Ал «Жуалы газ шаруашылығы» мекемесінің инженері Айбек Сүлейманов тұрғындарға газ пайдаланудағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
Мереке күні Күйік асуындағы Жуалы ауданының паспорты жазылған стелланы аудан әкімі Н.Ергебеков ашты.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»