Basty bet
Берері мол оқыту лагері
«Жастар – біздің алтын қорымыз!» деп Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, еліміздің жарқын болашағы саналатын жастарға мемлекет тарапынан да үнемі көңіл бөлініп отырады. Бұл ретте жастар саясаты төңірегіндегі мәселелердің оң шешімін табуға ықпал етіп отырған Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңының» маңызы зор.
Осыдан бірер жыл бұрын облыс орталықтарында құрылған жастар саясаты мәселелері басқармасының бастауымен облыс жастарының арасында оқыту лагерьлері тұрақты ұйымдастырылып келеді. Жақында дәл осындай жастар лагері ауданға қарасты әйгілі Берікқара шатқалында орналасқан «Тау самалы» демалыс орталығында ұйымдастырылды. Онда әр салада белсенді әрі жемісті жұмыс жасап, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген жастар, сонымен қатар, ерікті жастар екі күн бойы демалып, түрлі семинар-тренингтерге қатысып, табиғат аясында екі күн бойы демалды.
Екі күндік лагерьдің жабылуына аудан әкімі Нарбай Ергебеков арнайы барып қатысып, жастармен кездесу барысында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, өзінің еңбек жолынан да келелі әңгімелер өрбітті.
-Құрметті жас достар! Сіздер тәуелсіз еліміздің жарқын болашағысыздар.
Елдің болашағы сіздердің қалай білім алып, қандай дағдылармен өмір сүретіндеріңізге тікелей байланысты. Сондықтан мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті пайдаланып, білім алып, белгілі бір мамандықтың иесі атанып, халыққа қызмет етсеңдер нұр үстіне нұр. Қазіргі таңда білім алам, жұмыс жасаймын деушілерге мүмкіндік мол,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Аудан басшысы осыдан кейін жастарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жаңа Жолдауында айтылған қадау-қадау міндеттерге тоқталып, таяу болашақта жүзеге асырылатын осынау қыруар жұмыстарды жүзеге асыру ісіне жастардың да белсенділігі қажет екенін алға тартып, оларды белсенді болуға шақырды.
Аудан әкімі Н.Ергебеков белсенді жастармен кездесуі барысында Президент Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығын әртараптандыру, өнімдерді терең өңдеу, кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті дамыту жайына да кеңінен тоқталды.
-Өздеріңіз жақсы білесіздер, кәсіп ашып, жұмыс жасаймын деп талаптанған жастарға мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар беріледі. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға әрі десе ауылдық жерлердегі жұмыссыз жастарды жұмысқа тарту ісіне қайтарымсыз грант қаражатының тигізер пайдасы мол. Талапкер жастар өз жобасын сәтті қорғап шыққан жағдайда оларға 555 мың теңгеден жоғары қайтарылмайтын грант беріледі. Бұл жоба жұмыссыз жастарға өте тиімді. Тек ерінбей жұмыс жасау қажет.
Одан бөлек, аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жобалар аясында да жастарға жұмыс орындары жеткілікті. Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы да жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар «екі қолға бір күрек» таба алады. Әсіресе, шалғай ауылдарда жұмыспен қамту, кәсіп ашу мәселелері өте өзекті.
«Еңбек ер атандырады» дейді дана халқымыз. Адамды адал еңбек пен қанағат қана мұратқа жеткізеді. Қазіргі жастардың беталысы әрқашан мені қуантады. Біз де сіздер сияқты жас болғанбыз. Аудан әкімі лауазымына бірден келген жоқпын. Еңбек жолымды колхозда жұмысшы болып бастап, түрлі сатылардан өтіп келеміз. Мұның бәрі адал еңбектің нәтижесі. Адал еңбек етіңдер, сонда ғана аңсаған армандарыңа міндетті түрде жетесіңдер. Ойға олған арман-тілектеріңнің орындалуына тілектеспін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Кездесу барысында жастардың да тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Аудан басшысы жастармен естелік суретке түсіп, жастар- көңілді тарқасты.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»