Биыл ел тәуелсіздігіне, өз алдымызға егемен ел болып қалыптасқанымызға 30 жыл толғалы отыр. Уақыт өлшемімен қарағанда әрине, бұл әжептеуір уақыт. Осыдан дәл 30 жыл бұрын туған сәби болса, бүгінде орда бұзар жасқа келіп, етек-жеңін жинап, оңы мен солын танитын, әрі десе ел қажетіне жарап қаларлық азаматқа айналары сөзсіз. Осы жылдар ішінде еліміз өркендеді, экономикамыз дамыды, Қазақстан әлем таныған елге айналды. Мұның бәрі, әрине егемендіктің, азаттықтың арқасы.
Осы тұста тәуелсіздік бізге не берді немесе біз тәуелсіздікке не бердік деген сұрақтар кімді де болсын мазалайтыны анық. Шыны керек, тәуелсіздік бізге көптеген игіліктерді берді. Әлі де беретіні көп. Тәуелсіздік жылдары ішінде «өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тіріліп» жатқанын неге айтпаймыз? 70 жыл уақыт бойы Кеңестік Одақтың құрамында болған қазақ халқы осы жылдарда салт-дәстүрінен, тілінен, дінінен айырылып қала жаздады. Шынында дүбәра ұлтқа айналып бара жатқанымызды өзіміз де сезбей қалғанымызды несіне жасырамыз. «Тілсіз халық – балық» деп жерлесіміз, ұлт руханиятының жоқтаушысы Шерхан Мұртаза айтқандай, тілсіз, дінсіз халыққа айналуың аз-ақ алдында тұрдық.
Тарихымызға көз салсақ, озбыр саясаттың салдарынан ата-тегіміздің есімдеріне «ов, ев, ова, ева» деген орысша жалғаулар жалғанып шыға келді. Фамилияның соңынан жазылатын ұлы немесе тегі, қызы деген жалғаулар жалғанды сол тұста. Сонда пәленшенің ұлы немесе қызы, немересі деп жазуға не кедергі болғаны белгісіз? Бұл да сол тұстағы халқымызды ұлтсыздандыру саясатының бір көрінісі болды ма, кім білсін?… Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толса да, көзге шыққан сүйелдей болған осы олқылықтардың орнын әлі де толтыра алмай келеміз.
Оны қойыңызшы, аты-жөндерін қазақша емес жеке куәлік бойынша айнытпай жазатындар көбейді. Ресми куәлік бір бөлек, ал басқа құжаттарда, газет-журналдарға аты-жөндерін қазақша жазуға арланатындар да бар. Мысалы, сіздің атаңыздың аты Өмірәлі немесе Өмірбек болса, бірыңғай жүйе бойынша жеке куәлікте Омиралиев немесе Омирбеков деп жазылатыны белгілі. Сонда сіздің атаңыздың аты шын мәнінде Омирали немесе Омирбек болғаны ма? Қасаң қағидадан арылатын кез әлдеқашан жеткен. Басқаны айтпағанда, тегімізді қазақшалап, өмірге келуімізге себеп болған әкелеріміз бен ата-бабалармыздың атын шығаруды ар көреміз бе сонда? Әрине, көп дүние өзімізден басталады. Алдымен аты-жөнімізді қазақшаламай жатып, біз кімге ақыл айта аламыз, өзімізден кейінгі жас ұрпаққа қалай өнеге көрсетеміз? Тіпті, «фамилиямды орысша жаз, себебі жеке куәлікте солай жазылған» дейтіндерге не айтасың? Хош, бұл тақырыпқа сәл кейінірек ораламыз.
Бұл мақалада негізгі айтайын дегеніміз, жер-судың, ауыл-аймақтардың атаулары жөнінде болатын. Осыдан 30 жыл бұрын Жуалы ауданындағы жер-су, ауылдардың атауларының барлығы дерлік орысша болатын. Оны аға ұрпақтың өкілдері жақсы білсе керек. Орыстардың осында қоныс аударуымен ең шұрайлы деген жерлердің барлығы солардың иелігіне өтіп, «ұлы халықтың өкілдері» қоныстанған елді мекендердің барлығы мұндаға дейін орысша атаулармен аталып келді. 1990 жылдарға дейін Жуалыдағы елді мекендер кілең Ресейден ауып келген орыс кулактары мен мұжықтардың атымен аталып келгені қандай өкінішті.
Аттың жалында, түйенің қомында жүріп, күндіз отырмай, түнде ұйықтамай ел мен жерге қорған болған батыр бабаларымыздың жанында қайдағы орыстардың мұжықтары мен кулактары біз үшін кім? Кезінде саясат солай болды. Бір кездері аты-жөнін, олардың кім болғанын білмесек те, белгісіз тұлғалардың есімін дәріптеп келдік. Есімдерін құрметтеп, жер-судың, ауылдардың атына бердік. Мысалы, Жуалы ауданында бір кездері Кантемировка, Некрасовка, Луначарка, Алексеевка, Самсоновка, Петровка деген, тағысын тағы осындай атаулардан көз сүрінетін. Ол тұста колхоз-совхоз, ұжымшарлардың аты да осындай орыс атауларымен аталды. Бәріне уақыт төреші. Солақай саясаттың салқынымен кезінде есімін Пайғамбардай көріп, табынып келген «ұлы көсемдердің» атын аға ұрпақтың өкілдері болмаса бүгінде жас ұрпақ білмейді. Білмей-ақ қойсын…
Сөз басында айтқанымыздай, тәуелсіздікпен бірге өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. «Қақың бар қайта тұрып жүгіруге» деп Мұқағали ақын жырлағандай, қатемізді түзеп, кезінде орын алған олқылықтарымыздың орнын тәуелсіздік жылдарында қайта толтырып жатырмыз. Бұл жөнінде қаламы қарымды журналист, ақын, аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінің редакторы, кейіннен аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары, аудандық мәслихаттың хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған Мырзахан Ахметовтың елді мекендерді қазақшалау ісіне қосқан ерен еңбегін атап өтпеске болмас. М.Ахметов бұл жөнінде «Жері, суы дуалы – Жуалы» кітабында былай деп жазады.
«Мен жастайымнан-ақ аудандағы елді мекендердің, шаруашылықтар мен ауылдық кеңестердің атаулары неліктен кілең орысша аталатынын ойлайтын едім. Есейе келе мұның бәрі Ресей патшалығының ұлт аймақтарын отарлау саясатының салқыны тиюінен болған себеп-салдар екеніне көзім жете бастады. 1989 жылы ақпан айында мен аудандық «Жаңа өмір» газетіне бас редактор болып тағайындалдым да, саяси ой-пікірлерімді сыртқа шығарып, көп талқысына салуға мүмкіндік алғандай болдым. Газет аудандық партия комитетінің бақылауында тұрғандықтан маған дейінгі редакторлар партияның саясатын мақтаудан әріге бара алмай, саяси ой-пікірлер қақтығысына қалам тартауға құқықсыз болғанын атап өткен жөн. Мен тәуекелге бел байладым да 1989 жылғы 13 маусымда өзім басқаратын газетке «Ауыл-село атауларын қалпына келтірейік» деген бастақырыппен көлемді мақала жарияладым. Бұл материалда жүрек түкпірінде көптен бері бұлқынып жатқан сезімдер сыртқа лықсыған сияқты. «Жуалы өңіріндегі көптеген елді мекендер Евгеньвка, Алексеевка, Петровка, Кременевка, Андреевка, т.с.с. болып аталады, – деп жазыппын мен сонда. – Бұл бүгінде құлағымызға әбден сіңісті болып кеткен атаулар. Бір қарағанда мұның ешқандай сөкеттігі жоқ болып көрінгенімен, осы есімдердің иелері кімдер, олар халық алдыңда еңбегі сіңген адамдар ма? Олар сондай құрметке лайықты жандар болса – аялайық, құрметтейік, ағайын. Бірақ әңгіменің мәні бұдан тереңірек жатқан сияқты».
Мақала оқырманның көкейінен шыққанын редакцияға бау-бау болып түскен хаттардан-ақ аңғарған едік. «Біздің ауылдың ежелгі аты «Шаңылақ» екен, – деп сыр шертеді көп хаттың бірі. – Кейін бұл жерді жөнсіз иеленіп алған Кантемиров, Некрасов есімді орыс кулактарының атына көшкен. Ауылымыздың тарихи аты қайтарылса екен». «Алексеевка селосы орналасқан жерге бұрын «Көлтоған» деген қазақ ауылы қоныстаныпты. 1910 жылы осы аймақтың болысы оны Ресейден көшіп келген Алексеев есімді орыс кулагына азын-аулақ ақшаға сатып жіберген. Сол орыс көп ұзамай жергілікті қазақтарды тауға қарай қуалап, өзі шұрайлы жерлерді иеленіп алған екен деседі. Елдімекен сол сотқардың есіміне ауысқан», – деп сыр толғайды тағы бір хат. Евгеньвка селосына атын қойғызған Евгеньевтің тарихы да осындай. Бұл ауылдың байырғы аты- Көлбастау, ал Луначарское елді мекені бұрын Шұбарағаш, Кеременевское – Шақпақата, Самсоновка – Күреңбел, Некрасовка – Ақтасты деп аталғаны туралы тарихи деректер мен мәліметтерді бізге оқырмандарымыздың хаттары еді жеткізген»,- деп жазады Мырзекең. Бұл кітап 1998 жылы Жуалы ауданының құрылғанына 70 жыл толуына арнап шығарылған болатын. М.Ахмет бір сөзінде ономастика саласында әлі де болса атқарылар біпсыпыра істердің бар екенін атап өтіп, сол тұста «Бурно-Октябрьское» «Октябрьское», «Зыковка» деген жағымсыз атауларды жамылып отырған елдімекендердің бар екеніне қынжылыс білдіреді. Мырзекең тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ жер-су атаулары жөнінде мәселе көтеріп, өзі де сол істің басы-қасынан табылды. Еңбек ақталды. Бүгінде Жуалыдағы барлық елдімекендер бұрынғы қазақша атауларымен аталады. Кеудемізді керіп мақтанатын жөніміз бар сияқты. Тәуелсіздіктің шапағаты деген осы болар, сірә?!
Жуалы ауданында жер-су, көшелердің атауларының қазіргі ахуалы жөнінде аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетоваға жолығып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысын сұраған болатынбыз. Фариза Орынбайқызы бірден әңгімеге көшті.
– Өздеріңіз білесіздер, Жуалы ауданындағы 49 елді мекен 14 ауылдық округке біріктірілген. Қазіргі жағдайда аудандағы елдімекендердің барлығы толықтай қазақшаланған. Әрине, жер-су аттарын қазақшалау ісіне бірқатар атпал азаматтардың еңбек сіңіргенін айтуымыз керек. Елді мекендер мен жер-судың атаулары талапқа толықтай сәйкес келеді. 14 ауылдық округте барлығы 273 көше бар. Оның 10-15-і ғана орысша атауда. Бұл көшелер негізінен Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батырлары және әлем таныған тұлғалардың құрметіне қойылған. Мысалы, ауданда Д.Пахомов, Д.Кавешников, А.Лермонтов, тағы басқа тұлғалардың атымен аталатын көшелер бар. Қалған көшелерге осы елге еңбек сіңірген еңбек майталмандары мен жергілікті халықтың ұсынысы бойынша бұрынғы ескі атаулар берілген. Одан бөлек, ауданда үш білім ошағы орысша атаумен аталады. Бұлар Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов, Қарасаз ауылындағы А.Пушкин, Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектептер. Д.Пахомов Кеңес Одағының Батыры болса, Александр Пушкин әлемге әйгілі ақын, Михайл Ломоносов та әлемдік деңгейдегі тұлға.
2017 жылы ауданда Қызыларық, Ақтөбе, Нұрлыкент, Билікөл ауылдық округтері мен Б.Момышұлы ауылында идеологиялық тұрғыдан ескірген бірқатар көшелерге жаңа атаулар берілді. Атап айтқанда, Ақтөбе ауылында үш көше, Теріс-Ащыбұлақта үш көше, Күркіреусуда бір көше, Жылыбұлақта бір көше, Нұрлыкентте бір көше және Б.Момышұлы ауылындағы бұрынғы Совхозная тұйығы-1-2 атаулары қазақша атаумен қайта аталып отыр. Ал 2019 жылы бұрынғы Кеңес дәуірінен қалыптасқан аудан орталығындағы №1 Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназия және №29 А.Герцен атындағы орта мектептердің атаулары алынып, тек нөмірлерімен қалдырылды.
Осы жылы республикалық ономастикалық комиссияға мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, «Даңқ» ордендерінің толық иегері Тайыр Тастандиев, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың есімдерін ұсынған болатынбыз. Осылардың ішінен Шерхан Мұртазаның есімі ғана қолдау тапты. Сәтін салса, Ш.Мұртазаның есімі аудан орталығындағы №15 мектеп-лицейге беріледі деп күтілуде. Бұл бағытта жұмыстар жасалып жатыр,- дейді бас маман, тіл жанашыры.
Аудан әкімдігінің жанында мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі жұмысшы тобы жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Топтың құрамында 12 адам бар. Жұмысшы тобының хатшысы Ф.Оразымбетованың айтуынша, тоқсанына бір рет отырыс өткізіліп, ауылдық округтерге зерделеу жүргізілетін көрінеді. Онда негізінен Қазақстан Республикасының «Тіл туралы заңы» аясында елді мекен, көше атауларының, сыртқы жарнамалар мен көрнекі ақпараттардың сауатты рәсімделуі зерделенеді.
«Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» демекші, осы ретте ауданда тіл саясатын жүргізу жұмыстары аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетоваға да оңайға түсіп отырған жоқ. Елді мекендер мен көше атауларын ретке келтірумен іс бітпек емес. Сыртқы жарнамадағы тіл заңдылығының сақталмауы, ондағы өріп жүрген өрескел қателер, кейбір жарнамалардың тек орыс тілінде сауатсыз жазылуы, санамалай берсеңіз, тағысын тағы олқылықтар жетіп артылады. Әсіресе, сыртқы жарнамадағы мұндай өрескел қателер аудан орталығында көптеп кездеседі. Ауылына қарап, азаматын танимыз. Осындай қателердің орын алмауына ең біріншіден ауылдық округтің әкімдері мен сол ауылдардың белсенді азаматтары, қала берді кәсіпкерлер жанашырлық танытса игі. Ел біздікі, жер біздікі, ауыл біздікі. Ендеше, ондағы орын алып отырған олқылықтарға да біз жауаптымыз.
Тіл тағдыры – ел тағдыры. Тіл – тәуелсіздіктің тірегі. Өз елімізде өз тіліміздің салтанат құруы ең алдымен өзімізге байланысты. Осыны ұғынатын кез жетті, ағайын!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»