Basty bet

Тапсырмаларды орындау – баршамыздың міндетіміз

Облыстық мәслихаттың хатшысы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа арнаған жаңа Жолдауын халыққа түсіндіру тобының жетекшісі Бағлан Қарашолақов Қоңыртөбе ауылындағы Д.Похомов атындағы орта мектепте ауыл тұрғындарымен жиын өткізді.

Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, жүргізіп отырды.
Аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жаңа Жолдауының негізгі бағыттары жайлы айта келіп, сөз кезегін Бағлан Жиенәліұлына берді.
-Президентіміз жаңа Жолдауында елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында Үкіметке көптеген тапсырмалар берді.
Індет елімізде жаңадан басталғанда рас, біраз кемшіліктер орын алды. Дәрі-дәрмек тапшылығы, дәрігерлердің жетіспеушілігі орын алды. Сондықтан зейнет демалысына шыққан ардагер дәрігерлерді, медициналық жоғары оқу орындарында оқып жатқан жоғары курс суденттері көмекке келді. Нәтижесінде қазір жағдай жақсарып келеді. Алайда карантин талаптары жеңілдетілді деп босаңсуға болмайды. Әркім өз денсаулығы, отбасының, ағайын-туыс, көрші-қолаңның денсаулығы үшін талаптарды қатаң сақтауы керек,- деді Бағлан Қарашолақов. – Жолдаудағы негізгі іс-қимыл жоспарының бірі – мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі. Яғни, мемлекеттік қызметкерлердің санын биыл 10%-ке, келесі жылы 15%-ке процентке қысқарту, үнемделген қаржы арқылы мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтерілетінін айтты. Бұл мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында атқарылғалы отыр. Бізге Президентіміз айтқандай, кәсіби, озық ойлы, бастамашыл кадрлар керек.
Мемлекеттік жоспарлауға қоғам өкілдері толыққанды серіктес болып қатысып, жоспарлауға, орындауға, бағалауға тартылуы керек, яғни барлығы ашық, қолжетімді болуы тиіс екенін айтты.
Сонымен бірге келесі жылдан бастап әкімдерді халық сайлайтын болады. Бұл да халық үшін, елдің дамуы үшін маңызды мәселе. Себебі, әкім болып кім болса сол емес, халыққа пайдасы тиін азамат сайланады және халық одан жұмысты талап етеді.
Соңы. Басы 1-бетте)
Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Президент ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамытуды тапсырды. Елімізде өңделген тауарлардың үштен екісі шетелден әкелінеді. Сондықтан осы мәселені мықтап қолға алу қажет.
Ауыл шаруашылығы саласында да ілгерілеушілік бар. Алайда біз қуатты мемлекетке айналу үшін ішкі мүмкіндіктерімізді әлі де дұрыс пайдалануымыз керек. Ол үшін бос жатқан жерлерді тиімді пайдалануымыз қажет. Суды мейлінше тиімді пайдаланып, суармалы жер көлемін арттыруымыз керек.
Білім саласы – үлкен әрі маңызды сала. Елімізде қаражаттың басым көпшілігі осы салаға бөлінеді. Себебі, елдің келешегі білімді ұрпақтың қолында. Алайда бұл салада әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Бұрын елімізде санаулы-ақ оқу орындары болса, қазір олардың саны едәуір артқан. Алайда сапа жағы көңіл көншітпейді. Сол себептен әсіресе кәсіби техникалық колледждерде тек қана сұранысқа ие мамандықтарды оқыту керек және олардың жұмысқа орналасуына мән беру қажет.
Қазіргі кезде жастардың көбі заңгер, экономист мамандығы бойынша білім алғысы келеді. Экономист мамандығын алсам, кәсіпкер боламын деп ойлайды. Олай емес, кәсіпкер болу үшін еңбек керек.
Ел тәуелсіздігін алғалы елімізде қаншама жұмыстар атқарылуда. Жер-жерде мектептер, ауруханалар соғылып жатыр, көшелер жарықтандырылуда, жолдар салынуда. Биыл бір сіздердің аудандарыңыздың өзінде қаншама жоба жүзеге асып жатыр. Жол салынып, ауызсу, газ құрылысы жүргізілуде. Көптеген тұрақты жұмыс орындары ашылуда. Келесі жылы ауылдық клубтар салу жоспарлануда.
Денсаулық сақтау саласы бойынша да Президент көптеген мәселелерді айтты. Денсаулық – басты байлығымыз. Сондықтан сала мамандарының айлығының көбеюі маңызды мәселенің бірі деп есептеймін,- деді Бағлан Жиенәліұлы. Мәслихат хатшысы сонымен бірге Жолдаудың басқа да негізгі бағыттары туралы айта келіп, халыққа Жолдаудан туындаған міндеттерді орындау – баршамыздың міндетіміз екенін жеткізді.
Жиын барысында Жетітөбе ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев сөз сөйледі. Ардагер ауылда атқарылып жатқан жұмыстар, ауылдықтардың бүгінгі жағдайы және қиындықта да, қуанышта да халықтың жанынан табылатын аудан әкіміне, жалпы, үкіметке деген алғысын жеткізе келіп, ауыл тұрғындарын интернет мәселесі толғандыратынын айтты.
Бағлан Жиенәліұлы еліміз бойынша орын алып отырған бұл мәселе біртіндеп шешімі табылатынын, яғни қазіргі уақытта нақты жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Жиын барысында сонымен бірге халықтың рухани деңгейі, тәртіп, тазалық, тағы да басқа маңызды мәселелер бойынша әңгіме қозғалды.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close