Basty bet

Тұрғындардың тілегі – тұрақты назарда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деп атап көрсетілгені белгілі.

Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен облыс көлемінде қолға алынып, ауыл тұрғындарының, сонымен қатар, жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуды көздеген көшпелі қоғамдық бақылау тобы өткен аптаның ішінде бірқатар ауылдық округтерге барып, жергілікті жерлердегі мәселелермен жете танысқан болатын. Айта кету керек, қоғамдық қабылдау тобының құрамы аудан әкімдігінің бірқатар бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандарынан, құқық қорғау, прокуратура органдарының өкілдерінен жасақталған.
Жамбыл облысы әкімінің бекіткен кестесіне сәйкес өткен аптаның жұма күні Билікөл ауылдық округі Қарабастау ауылдық мәдениет үйінің ауласында көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Қоғамдық қабылдау барысында ауылдық округ тұрғындарынан барлығы 14 сауал түсіп, 12 мәселеге осында түсіндірме беріліп, екі мәселе бақылауға алынды. Атап айтқанда, тұрғындардан түскен 555 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант алу жолдары және ауылға табиғи газ тарту мәселелері назарға алынып отыр.
Сенбі күні қоғамдық қабылдау тобы Жетітөбе ауылдық округінде болып, округке қарасты Шыңбұлақ ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің ауласында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдау барысында ауылдық округ тұрғындарынан түскен сұрақтар мен өтініштер тыңдалып, кейбірінің шешілу жолдары назарға алынды.
Күреңбел ауылдық округінің орталығы Күреңбел ауылындағы Күреңбел мәдениет үйінің алдында өткен көшпелі қоғамдық қабылдауға аталған ауылдық округтің тұрғындары белсенділікпен қатысты. Онда тұрғындар тарапынан барлығы 21 сауал түсіп, қабылдаушы жауапты тұлғалардың тарапынан 19 мәселеге түсіндірме беріліп, екі мәселе бақылауға алынып отыр. Округ тұрғындарын негізінен газ құбырын тарту және Күреңбел ауылындағы ауызсу мәселелері толғандырып отыр. Қабылдауда айтылған мәселелер бойынша аудан әкімі Н.Ергебеков, аудан прокурорының орынбасары Б.Қалыбаев Заң талаптарына сәйкес әкімдіктің тиісті бөлімдерінің тарапынан жауап берілетіндігін жеткізді.
Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылының мәдениет үйінің алдында көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, онда аталған ауылдық округтің тұрғындарынан барлығы 24 сауал түсті. Тұрғындар арасында жер қатынастары саласына, елдімекендегі интернет желісінің жоқтығы, мал шаруашылығын дамыту үшін жеңілдетілген несие алу мәселесі, ауылдағы жұмыссыз азаматтарға жұмыс қарастыру, әлеуметтік көмек туралы мәселелер көтерілді. Айта кету керек, қоғамдық қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Е.Қалмұрзаев, аудан прокурорының орынбасары Б.Қалыбаев, аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Д.Нұралиев, ХҚКО басшысының орынбасары М.Зиябеков, сонымен қатар, аудан әкімдігінің бірқатар бөлім басшылары қатысты.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close