«Жетім көрсең жебей жүр» деген қайырымдылық қағидаттарын ұстанған қазақ халқы ежелден жесірі мен жетімін жылатпаған. Өз ұрпағын қайырымдылыққа тәрбиелеп, әлсізге қамқор, жетім-жесірге пана болуға үндеген. Әсіресе, өткен ғасырларда адамдардың мұндай қайырымы мен мейірімінің шарапатын елімізге жер аударылған өзге ұлттардың өкілдері көрді. Қасиетті қазақ жерінде жүз жылдан бері түтін түтетіп, ұрпақ өрбітіп отырған бауырлас халықтар қазақ халқына тек қана алғыс айтумен келе жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Қандай жағдайда да халқымыз мұндай қасиеттерден арылмақ емес. Рамазан – Алланың мейірімі мен кешірімі түсіп, адамдардың сауапты молынан жинайтын қасиетті ай. Бұл айда қайырым жасағандар мол сауапқа кенелетіні туралы қасиетті Құран Кәрімде де айтылғаны белгілі. Бір айта кетерлігі, кім болса да игі істерді атын шығарып мақтан үшін жасамағаны дұрыс.
Жақында Диқан ауылының жастарының қайырымды істеріне куә болдық. «Ынтымақ қайда болса, ырыс сонда» демекші, ауызбіршілікті ту етіп ұстанған ауыл жастары тұрмысы төмен бір отбасының үйінің шатырын ауыстырып беруге қол ұшын берді. Атап айтқанда, Зәкира Есімбекованың үйінің төбесі көптен бері жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен еді. Оны ауыстыруға жасы ұлғайған ананың жағдайы да, шамасы да келмейтінін түсінген жастар тез іске кірісіп кетті. Алғашында бұл істі бастаған ауылдың жанашыр азаматы Бақтыбай Жартыбаев болатын. Үйдің шатырын ауыстыруға керекті алғашқы қаражатты да өзі беріп, игілікті істі жалғастыру ісін ауылдың жастарын ұйымдастырып жүрген Бақтияр Дүйсалиевке берді. Олар аз ғана уақыттың ішінде керекті қаражатты жинастырып, шын мәнінде көмекке мұқтаж Зәкира Есімбекованың үйінің шатырын, сонымен бірге терезелерін ауыстырып беруге атсалысты.
Қасиетті Рамазан айында Алланың разылығы үшін қолға алынып, атқарылған осынау сауапты істі өз көзімізбен көріп келдік. Бұл игілікті іс Ақсай ауылдық округіне жасаған сапары барысында аудан әкімі Нарбай Ергебековтың де назарына ұсынылды. Аудан басшысы осынау іске ұйытқы болған азаматтарды көпке үлгі ету керектігін айтса, үй иесі Зәкира апай көмек қолын созған қайырымды ауылдастарына аналық алғысын жеткізді. Бізді бұл отбасының тұрмыс жағдайынан Зәкира Есімбекованың туған сіңлісі Рысқыз Елшібаева хабардар етті.
-Әпкемнің күйеуі Әмірхан Есімбеков колхозда механизатор болып жұмыс істеп, өмірден ертерек озды. Әпкем екеуі отбасында сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Оның үшеуі қайтыс болған. Тұрмыстың тауқыметі кім-кімге де оңай тимейді. Құдайдың басқа салғаны ма, білмеймін, бұл отбасының тұрмысы оңға баспай қойды. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» демекші, әпкемнің денсаулығы да аса жақсы емес. Балаларының да шаруаға қыры болмады. Бұл отбасына қиын жағдайда қол ұшын беріп, көмек көрсеткен ауыл жастарына Алла разы болсын. Тек қана жақсылық көрсін,-дейді Рысқыз апай.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демей ме халық даналығында?! Ынтымағы мен бірлігі жарасым тапқан Диқан ауылы жастарының бұл ісі көпшілікке жарқын үлгі болмақ…
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»