Basty bet

Рухани мәдениетімізді жаңғыртудағы құндылықтар

Егеменді еліміздің тірегі – білімді, тәрбиелі ұрпақ. Болашақта еліміздің мәртебесін көкке көтеріп, экономикасын дамытатын, елімізді бүкіл әлемге танытатын бүгінгі жас ұрпақ болып табылады. Қазіргі таңда еліміздің білім беру ісінде көптеген өзгерістер болып жатқаны баршаға аян. Ал бүгінгі таңда мектептің, мұғалімнің ең қасиетті міндеті – рухани бай, себебі жан-жақты дамыған, бойында ұлттық құндылықтар қалптасқан жеке тұлғаны қалыптастыру. Рухани байлық ең алдымен әр халықтың ұлттық әдет-салты, мәдениеті, өнері және шыққан түп тамырында жататыны белгілі. Сол ұлттық құндылықтарды бүкіл адамзаттың өз ұрпағын тәрбиелеудегі білім берудегі озық ұстанымдармен байланыстыра отырып әр баланың қабілетін, талантын ашып, сенімін нығайтып, сан қилы өмірде аяғынан тік тұрып кететініндей жағдай жасауымыз қажет. Сол себепті барша ұстаздардың, ата-ананың, қоғамның міндеті әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді жандандырып, ұлттық сана-сезімі жоғары тәрбиелі ұрпақты өсіру. Қазақ халқының аяулы ақыны Мағжан Жұмабаев «…Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»,- деген. Бұл үлкен міндетті орындауда ұстаздардың рөлі жоғары болу керек. Ол ең алдымен мұғалімнің даярлығына,оның іс-тәжірибесінің қалыптасып шыңдалуына байланысты.

Ұстаз – тәлімгердің жеке тұлғасын қалыптастырушы, маңызды тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын үлгісі. Бала қиялын самғатып, арманын көкке ұмтылдырушы басты тұлға. Бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік-саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуында тәлім-тәрбиенің маңызы зор екендігі белгілі. Олай болса, қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып биік адамгершілік қасиеттерге баулу, тәрбиелеу – білім берушінің басты міндеті. Ұстаз жан-жақты жетілген, білімді, әдістемелік шығармашылық шеберлік иесі, халықтық дәстүр, әдет-ғұрып пен салт-сана ерекшеліктерін әлеуметтік қарым-қатынастар түрлерін кәсіби түрде меңгеруі тиіс. Әсіресе, осы кәсіби білік дағдыларын шыңдауы оның ұстаздық тәжірибе жинақтауының ең басты міндеті болып табылады.
Қазіргі жаңа заманда ұстаз болу, тәлімгер болу оңай жұмыс емес. Басқа ешбір мамандыққа дәл мұғалімге қойылғандай талаптар қоймайды. Педагогтық қызметтің жетістігін бағалау да өте қиын. Я.А.Коменский балаларға тәлім-тәрбие беріп ұстаздық көрсететін мұғалімді өте жоғары бағалады: «Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі. Ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі. Оларға тамаша қызмет тапсырылған, күн астында одан жоғары ешнәрсе болмақ емес» деп сипаттаған еді. Балалардың санасы мен мінез-құлқының қалыптасуына ұстаздың жеке басының, оның моральдық бейнесінің атқаратын рөлі орасан зор. Бұл әсерді өзінің күші жағынан ешнәрсемен салыстыруға болмайды.
Тәрбие жайындағы белгілі мәліметтер адам баласының тәрбиесіне сүйенеді. Сара Назарбаеваның «Ұстаздан ұлағат» атты кітабында: «Тәрбие дегеніміздің өзі, ең алдымен баланың сезімін оятып, әсершілдігін дамыту сезімді тәрбиелеу-баланы қоғамдық мәні бар, адамдарға жақсылық әкелетін қылық-қасиеттерден рахат, қуаныш табуға баулу деген сөз. Парасаттылық дегеніміз – адамзатқа қызмет ету»,- деп жазылған.
Бала тәрбиесі ең алдымен аға ұрпақтың жас жеткіншекке деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығынан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан адамгершілік ізгі қасиеттердің жиынтығынан туындайды. Атадан балаға ұласатын ұлттық құндылықтар үлкендердің әңгімесінен, іс-қимылынан танылып, сезім арқылы жүректен-жүрекке беріліп отырған. Сондықтан егеменді ел жастарының санасына осы ұлттық ұлағатты қасиеттерді сіңіре білудің мәні зор. Адамның адам болып қалыптасуында ата-аналармен қатар тәрбиеші мен мұғалімнің рөлі зор. Яғни, мұғалім мамандығының иелеріне болашақ ұрпақты тәрбиелеуде үлкен жауапкершілік жүктелген. Тәрбие кезеңдеріндегі оның өзіне тән заңдылықтарын сәтті жаңашыл тұрғыда шығармашылықпен пайдалану ұрпақ тәрбиесінің жемісті болуының ең үлкен кепілі болмақ.
Қазақстан Республикасының баянды да тәуелсіз мемлекет болу үшін ұлттық құндылықтар тәрбие арқылы халық педагогикасынан нәр алып, адами құндылықтардың барлық саласын бойына сіңірген ұлтжанды азамат керек. Қазақ мемлекеті үшін бар білімі мен қабілетін сарп ететін, елін, туып-өскен жерін, тілін, халқының тарихын, дінін, мәдениетін құрметтейтін жеке тұлға тәрбиелеу, жалпы жұртшылық пен білім беру мекемелерінің басты міндеті.
Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз және оны қалыптастыру басты міндетіміздің бірі» деген сөзін басшылыққа ала отырып, «Менің Отаным – Қазақстан!» деп ойлайтын әрбір азамат ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіретін тәрбие жұмысын жүргізуі міндетті.
Ал ұлттық тәрбиеге тікелей ықпал жасайтын білім ордалары, отбасы, қоғам, орта. Сол себепті барша қауымға, соның ішінде ұстаздар қауымына жүрегі «елім, туып-өскен жерім, мен Қазақстан Республикасының азаматымын» деп жүрегі соғатын ұрпақ тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін оқып-үйрену, оны жүзеге асыру міндеті жүктелген. Қазақстанның болашағы ұлтжанды, адами құндылықтарды бойына жиған, қиыншылықтан жол табатын,экономикалық бәсекелестікке қабілетті, ары таза иманжүзді,біреудің қолдауынсыз өз еңбегімен білім алған, елі мен жерін сүйетінін атқарған ісімен дәлелдеген жастарды көргіміз келеді. Оған үлкен көмегін тигізетін тәрбие түрі – ұлттық тәрбие беру, жас ұрпаққа сана-сезім мен сенімді қалыптастыру. Ол үшін жастарға ұлттық тәрбиені ел-жұрт, қоғамдық орын, ата-ана болып жан-жақты ойлана отырып берсек, мемлекеттің де көркейетіні даусыз. Бүгінгі жас ұрпақты сонау замандардан жинақталған ата-бабамыздың мол мұрасымен, яғни ұлттық құндылықтарымен сусындату біздің басты парызымыз. Демек, ұлттық құндылықтарды пайдалана отырып, тәрбиелеу арқылы сынып жетекші ұлттық тұлғаны қалыптастырмақ. Адамды адам ететін қоршаған орта және тәлім-тәрбие десек, мектеп жасындағы балалардың тұлғалық ерекшеліктерінің қалыптасуына отбасы мен бірге тәрбиешінің де рөлі ерекше. Ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу дегеніміз – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, дүниетанымын,өнерге деген көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру.
Жас ұрпақты ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеуде халқымыздың сан ғасырлық тәжірибесі бар екені даусыз. Сондықтан сол мол тәжірибені пайдалану педагогика мен психологияны жетік біліп қана қоймай, шығармашылықпен жаңашылдық көзқараспен еңбек етуге тырысып, ең бірінші жаны таза, рухани биік, адамгершілігі мол, халқына пайдасын тигізетін адам тәрбиелеу сынып жетекшілердің міндеті. Ғұлама Абайдың өсиеттерін жете түсініп, өз тәжірибесінде тиімді пайдалану. Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керегі екенін, ұлттың болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көптеп көмектеседі, Солар арқылы ол жалпы азаматтық қоғамға аяқ басып, өз халқының игілігін басқа халықтарға түсінікті ете алады. Ендеше, еліміз тәуелсіздікке қолы жеткен қазіргі кезде білім беру жүйесіндегі негізгі міндет ұлтымыздың таным құндылықтарын бойына сіңіріп,салт-дәстүр, әдет-ғұрып мәйегін ұрпақ санасына егу арқылы тәлім-тәрбие беру.
Ұстаздың қолында адам тағдыры, болашақ ел тағдыры тұрады. Сол себепті заман тaлабына сaй шығармашылықпен жаңашылдықпен тәрбие жұмыстарын жүргізу – тәрбиешінің басты міндеті екенін ұмытпауымыз керек. Сонымен қорыта айтарым, қазақстандық патриотизм – бүкіл қазақстандықтарға тән. Себебі, ортақ Отан, ортақ тарих, ортақ салт-дәстүр, рухы бір халықпыз. «Отан – отбасынан басталады» десек, туғанауданымыздың,облысымыздың, қаламыздың көрнекі жері, тарихы, атаулы оқиғаларын, айтулы адамдардың өмір жолдарын білудің мәні зор. Өлкетану пәні небір тамаша фактілерді, оқиғаларды, құбылыстарды және тарихи қайраткерлердің халық үшін жасаған қызметін баяндайды. Осылардың бәрі олардың жүрегіне, сезіміне оң әсер етеді, адамгершілігі жоғары, саналы азамат болып қалыптасуына септігін тигізеді. Ал өлке тарихына қатысты материалдар Отан тарихы, әдебиеті, географиясы, мәдениеті сабақтарда негізгі материалға қосымша ретінде пайдаланылғанына қарамастан сабаққа қойылатын білімділік, тәрбиелік, дамытушылық міндеттерін жүзеге асырады.
«Патриотизм» ғасырлар бойы жинақталған ең терең сезімдердің бірі. Отанға деген сезім болмаса, патриот болу мүмкін емес. Патриоттық сезім адамда өзінен өзі не болмаса туа пайда болмайды. Ол ерте жастан адамға әсер ететін, ұзақ мақсатты түрде бағытталған тәрбиенің қорытындысы. Патриотизм ортаның, отбасындағы тәрбиенің, мектептің, мектепке дейінгі мекемелердің және түрлі қоғамдық ой-пікірлердің әсер етуімен қалыптасады. Мектепте оны қалыптастыратын пән тарих пәні. Ұлтына қарамастан Қазақстанда тұратын әрбір азамат Қазақстанды туған Отаным деп түсінуі қажет. Сонда ғана адамның жүрегінде қазақстандық патриотизм сезімінің, өз Отанына деген перзенттік мақтаныш сезімнің өркен ғажайып тамырлануына негіз қаланады. Қорыта айтқанда тарих сабағында оқушылардың елін, Отанын сүю сезімін қалыптастыру, ерлік рухын ояту – тарих пәнінен дәріс беретін мұғалімнің басты міндеті.

Айгүл ТӨРЕБАЕВА,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» Жуалы аудандық бөлімшесінің меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close