Basty bet
ЕРЛІК ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ!
Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушысы Айдар Болбырақов және №14 Б.Майлин атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Медеубек Жұмағұловтың бірлесіп ұйымдастыруымен «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» тақырыбында Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына орай ардагерлермен кездесу кеш өтті.
Шараға Ауған соғысының ардагерлері Мақсатбек Әбдібеков, Бақтияр Жұмашев, Ерболат Әлімбаев, Бақытбек Әміреев және колледж және мектептегі «Жас сарбаз» патриоттық клубының мүшелері қатысты.
Кештің мақсаты – оқушыларға өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалардың ерлігін үлгі ету, оқушыларды Ауған соғысында опат болғандар рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу.
Жиын алдымен Ауған соғысында қаза тапқан батыларды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалды.
Әрі қарай колледж білімгерлері мен №14Б.Майлин атындағы орта мектептің оқушылары «Калашников» автоматын бөлшектеу және жинақтау бойынша жарысқа түсті. Жарысқа түскен оқушылар мен білімгерлер бірінен-бірі өтіп, автоматты лезде шашып, тез әрі шапшаң жинауда көпшіліктің назарын өзіне аударды. Сондай-ақ, бұл жарыста оқушы қыздар да белсенділіктерін көрсетіп, көптің таңдайын қақтырды.
Кеш барысында Бекзат Жұматаев «Офицеры», «Қарағым-ай» әндерін орындап қатысушылардың көңілін бір серпілтіп тастаса, аталған мектептің 8 сынып оқушысы Ізет Қайрат «Алтын бесік» әнін ерекше мақтанышпен шырқады.
Бұдан соң, LED экран арқылы Ауған соғысы туралы бейнематериал көрсетілді. Одан әрі кезек Ауған соғысы ардагерлерімен сұхбатқа беріліп, қатысушы жастар көкейлеріндегі сұрақтарын қойды.
Ал берілген сұрақтарға алдымен Ауған соғысының ардагері әрі Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мақсатбек Әбдібеков жауап берді.
– Біз ол кезде небәрі 18-20 жас шамасындағы жігіт едік. Ауған соғысынан бұрын алты айдай уақыт дайындықтан өттік. «Соғысқа барасыңдар!» деп бізге ешкім ашып айтқан жоқ. Ауған жеріне барған соң ғана соғысқа келгенімізді білдік. Майдан шебінде жүргенде туыстарымыздан, достарымыздан хат келіп тұратын. Соғыстағы ең әсерлі сәттердің бірі де осы еді. Келген хаттарды жүрегіміздің тұсына, төс қалтамызға сақтап қоятынбыз. Шын соғысты көрмеген адам ешқашанда соғыстың не екенін сезінбейді. Лайым, соғыс болмасын. Әсіресе, соғыстан қайтқан сәтіміз естен кетпейді. Еліміздің шекарасына аман-есен өткенде жұмаққа кіргендей әсер алып, қатты қуандық. Төбеміз көкке бір елі жетпей, Аллаға шексіз ризашылығымызды білдірдік. Үлкен бақыт – осы болатын. Қазіргі уақытта ардагерлер әр салада жемісті еңбек етіп, халық үшін, жас ұрпақтың тәрбиесі үшін игілікті істер атқаруда. Мұның өзі бір ғанибет, – деген Мақсатбек Алтынбекұлы, жастарды өз елін, Отанын сүюге, құрметтеуге, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды. Одан бөлек, жастарды әскерге баруға үндеді.
Сонымен қатар, жиында сөз алған Ауған соғысының ардагерлері Бақтияр Жұмашев, Ерболат Әлімбаев және Бақытбек Әміреев те соғысқа қалай шақырылғандықтары туралы және соғыста болған оқиғаларын әңгімеледі.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»