Basty bet

Ақжолтай жаңалық көп болсын!

Шапқан аттай, атқан оқтай зымыран уақыт-ай десеңші… Дүниеде уақыттан асқан жүйрік, уақыттан әділ төреші, уақыттан мықты емші не бар дейсің?! Абай бабамыз айтқандай, «Дүние – үлкен көл, замана – соққан жел, Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер. Кезегімен өлінер, баяғыдай көрінер». Хакімнен қалған осы бір тәмсілдің мағынасына үңілсек, алдыңғы толқын мен кейінгі толқынның арасындағы үндестікті арттыру және ұрпақтар сабақтастығы дәстүрін жалғастыру өте маңызды.
Зымыран уақыттың зырлап өте шығатын жүйріктігін бекер айтып отырған жоқпын. Қасиетті Жуалы ауданының құрылғанына бір ғасырға таяп қалса, әне-міне, дегенше Жуалы ауданының төл басылымы – «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің жарық көріп, сүйікті оқырмандарына жол тартқанына да биыл 90 жыл толып отыр. Бұл – қасиетті өңірдің қалың жұртшылығы мен оқырман қауым үшін маңызды мереке, биік белес және айтулы дата.
«Жаңа өмірге» – 90 жыл! Бұл тарих үшін аз ба, көп пе, оның уақыттың өзі кейін бағамдай жатар. Ең маңыздысы – аталған басылым аудан жұртшылығын және өзінің сүйікті оқырмандарын жағымды жаңалықтармен қатар, «ақжолтай» хабарларымен осынша уақыттан бері қуантып келе жатқаны көңілге үлкен медеу. Біле білгенге, адамға қуаныш сыйлау, адам бойындағы үмітті ояту, жылаған жанға жұбаныш, сүрінгенге демеу болу – адамгершілік пен мейірбандықтың белгісі емес пе?! Міне, басылымда жұмыс істейтін қаламгер қауымы осынау адамгершіліктің үдесінен үнемі шығып келеді. Бұл атаулы дата – ұлт руханияты үшін қуанышты оқиға екені рас.
Газет өзінің 90 жылдық бай тарихында қаншама тарихи кезеңді басынан өткеріп келеді. 90 жылдан бері іргесі сөгілмей, жұртшылыққа мызғымастан рухани қызмет көрсетіп келе жатқан басылымның ұйытқылы ұжымына алғыстан басқа айтар ақ тілек жоқ. Мен өзімді ауданның жанашыр азаматы және газеттің тұрақты оқырманы ретінде санаймын. Ауданның күнделікті тыныс-тіршілігі мен ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін «Жаңа өмірден» күнделікті оқып, біліп отырамыз.
Жалпылама алғанда, тұрғындардың игілігі үшін қасиетті өңірде атқарылып жатқан жобалы жұмыстар жетерлік. Біз туған өңірді жаңа заманға сай дамытып, экономикасы өркендеп, ауыл-аймағы дамыған, тұрғындарының тұрмысы еселеп артқанын қалайтын болсақ, алға қойып отырған жоба-жоспарларымыз бен мақсатымыз одан да көп болуы тиіс. Біз сонда ғана жаңа заманның көшінен қалмайтынымыз анық. Қасиетті өңірдің экономикалық, әлеуметтік дамуы жағынан болсын, рухани-мәдени түлеуі жағынан болсын, газеттің атқаратын рөлі орасан. Олай болатыны, газеттің қазіргі ұжымы шағын болғанымен, олар елдік мүддені, рухани дамуды, салт-дәстүрлерді дамытуды, еңбек адамдарын бағалап, насихаттауды, отбасылық құндылықтарды сақтауды ең бірінші орынға қойып отыр. Бұл – өте маңызды. Адамға материалдық байлық қаншалықты керек болса, рухани игілік те соншалықты қажет.
Газет сөзі – халықтың сөзі. Газет – оқырманның мінбері. Сондықтан, қол жеткізген аз-маз жетістікке тоқмейілсімей, өңірге қатысты тілшілер тарапынан көтерілген сыни-проблемалық мақалаларға да жергілікті атқарушы билік дер кезінде назар аударуы қажет деп білеміз. Аудан ортақ болғаннан кейін игілік те, проблема да барлығымызға ортақ болуы керек.
Ел игілігін арттыру жолында және қалың оқырманның көңіліндегі «көрікті ойды» тап басып, жалпы рухани дүниелерге шөлдеген жұртшылыққа нәр беру бағытында еңбектеніп келе жатқан «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің шығармашылық ұжымына мол табыс тілеймін! Сүйікті оқырманға сүйіншілеп жеткізетін жағымды жаңалықтар көп болсын! Той құтты болсын!

Мейрамбек СӘУЛЕБЕКОВ,
еңбек ардагері, газеттің тұрақты оқырманы.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close