Basty bet
Аудан тазалығына әрБІР тұрғын жауапты
Қоршаған ортаны қорғау – адамзаттың басты міндеттерінің бірі. Қоршаған ортаны қорғауға деген көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Яғни, табиғатқа деген көзқарас, жанашырлық сезім – адамның ішкі мәдениетін көрсетеді.
Қоршаған ортаны қорғау, тазалық сақтау, айналаны көгеріштендіру, гүлдендіру – ең бірінші адам денсаулығына пайдалы дүние. Әрі адамның көңіл күйіне әсер ететін бірден-бір фактор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн» делінген. Елімізді таза ұстау, гүлдендіру халқымыздың денсаулығы үшін де, мемлекетіміздің дамуы үшін де өте маңызды мәселе.
Елімізде көктемде және күзде көріктендіру, көгеріштендіру, санитарлық тазарту екі айлығы өтеді. Аталған айлық біздің ауданымызда да жүйелі түрде өтіп тұрады. Оған негізінен аудандағы мекеме ұжымдары атсалысады. Әрине, жылдан-жылға бұл жұмыс жинақталып келеді. Алайда әлі де аудан тұрғындарының көңіл көнжітпейтін іс-әрекеттері жетерлік. Яғни, саябақтарда, көшелерде көрінген жерге қоқыстарды тастай салу, тіпті өз үйінің ауласын, жан-жағын жинамау.
«Тазалық сыпырған жерде емес, сақтаған жерде». Сондықтан немқұрайдылықтан, жауапсыздықтан арылу керек. Егер саналы түрде ойланбай немқұрайдылық танытқан жағдайда, әкімшілік айыппұлға тартып, сананы оятуымыз керек.
Биыл күзгі екі айлыққа байланысты аудан әкімдігінің 2020 жылғы 21 тамыздағы №378 Қаулысы негізінде аудан көшелерінің, ауылдардың тазалығын тұрақты қамтамасыз ету мақсатында арнайы жоспар бекітілген. Жоспар бойынша жүйелі түрде сенбіліктер өткізіліп, тазалау, сырлау, әктеу тағы да басқа жұмыстар атқарылуы тиіс. Жұмыс басталып та кетті. Көшелердің, ауылдың тазалығын сақтауға қоғамдық жұмысшылармен бірге мекеме қызметкерлері де атсалысуда. Бұл – әрине тазалыққа қоғам болып атсалысуды білдіреді. Алайда мекеме ұжымдары өзі тұратын көшесіне, өзінің үйінің іргесіне көңіл бөлмейтін тұрғындарды да тартуымыз керек. Бұл кейбір азаматтар үшін ұсақ-түйек шығар. Бірақ, бүкіл ауыл, қоғам үшін олай емес. Егер әр адам тазалықты сақтамай, қалай-болса солай жүре берсе, айналамыз қалай болады?! Жасалған сенбіліктерден не пайда?
Бұл мәселеде де біреудің айтуынсыз, әркім өзінен бастайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Бір жағы әлі күнге бұл мәселені айтып жүргеніміздің өзі ұят. Өз үйіңе қалай қарасаң, қоғамдық орынға да сондай жауапкершілікпен қарау керек. Таза аула, таза көше, таза ауыл адамның рухын көтереді. Сондықтан тазалық мәселесіне, көріктендіру, көгеріштендіру мәселесіне өте ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарайық.
Президент айтқан мәселені жас ұрпаққа үйрету үшін ересектер өзімізден бастайық. Айыппұлсыз, жанашырлықпен атсалысуды үйренейік.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»