Basty bet

Түктібай ауылына ауыз су қажет

Округ әкімдерінің ауыл тұрғындары алдындағы жыл қорытындысына арналған есептік жиындары жалғасын табуда. Осындай есептік жиналыс Нұрлыкент ауылдық округі Түктібай ауылы М.Әуезов атындағы орта мектептің акт залында өтті. Жиынға аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов, аудандық мәслихат депутаты Керімқұл Бегалиев және ауыл тұрғындары қатысты.

Есептік жиынды Нұрлыкент ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Бақытжан Назар ашып, 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
-Ауылдық округте Нұрлыкент, Түктібай және Қазбастау деп аталатын 3 елді мекен орналасқан. 846 аула бар, округте 4466 адам тұрады, 2 орта мектеп, 2 балабақша, 1 шағын орталық және 1 кітапхана бар
Округіміз негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. Округтің шаруашылық жөніндегі кітабында 60 шаруа қожалық тіркелген. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында 26 жеке кәсіпорын жұмыс істейді. 3 елді мекенде күнделікті халық тұтынатын тауарлар сататын барлығы 17 дүкен қызмет көрсетуде және «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестік өз жұмысын жүргізуде.
Округтің жер көлемі 9606,7 га. Оның ішінде шаруа қожалықтарының жері 6609,3 га. «Гамбург» ЖШС жері 2774,6 га. Жұртшылықтың жері 222,8 га. Ал ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі 9383,9 гектарды құрайды.
Ауылдық округтегі көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес орындалды. Күздік бидай 530,0 га, арпа 1740,0 га, күнбағыс 118 га, мақсары 777,0 га, соя 10,0 га, картоп 285,0 га, көкөніс 240,0 га, көпжылдық шөп 100,0 га жерге егілді. Масақты дақылдардың орташа өнімділігі 22,8 ц/га, мақсарының орташа түсімі 0,7 ц/га.
Окруте 2237 бас мүйізді ірі қара, 3953 бас уақ мал, 350 бас жылқы, 21 бас шошқа, 4023 құс тіркелген.
Айта кетерлігі, «Төлеген» шаруа қожалығы Чехия мемлекетінен 64 млн-ға 64 бас асыл тұқымды «Симменталь» сиырларымен қоса 2 дана «МТЗ-82» және 1 астық жинайтын комбайн «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы алды, – деп Бақытжан Қалданұлы 2020 жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, баяндамашы 2020 жылы ауылдық округте 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталатынын атап өтті.
Округ әкімінің есептік баяндамасынан соң жарыссөзге кезек берілді. Алғашқылардың бірі болып аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев сөз алды.
-Ауылдық округте атқарылған жұмыстарға көңіліміз толып отыр. Сондай-ақ, 2020 жылы Түктібай ауылында бірқатар жұмыстар атқарылатыны да ауыл тұрғындары үшін жақсы жаңалық. Елімізде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы 2021 жылы іске асырылды. Осы бағдарлама аясында ауылдық округте де біраз жұмыстар атқарылады деп сенеміз. Сонымен қатар, ауыл жастары спортпен айналысуға өте бейім. Осы орайда ауылдағы жеке меншіктегі бос тұрған үй ғимаратын мемлекет балансына алып, спортзал ашсақ деген ұсынысым бар. Спортқа бейім балаларды аудан орталығына сабылтпай-ақ бұл ғимараттан бокс, күрес мектебін ашуға болады, – деп тұрғындардың атынан ұсыныс-тілегін жеткізді.
Ал, зейнеткер Ақаш Абдалиев ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген мәселелердің бірі ауыз су және ағын су мәселесін көтерді. Ол ауылда ауыз су мәселесін жыл сайын көтерілетін мәселелердің бірі ретінде атап өтті. Сонымен қатар, ағын судың жоқтығынан ауылдың кіреберісіндегі бақ қурап кеткенін жеткізді. А.Абдалиев өз сөзінде балалардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауылда спорттық алаңша ашылса деген тілегін білдірді.
Бұл сауалға округ әкімінің м.а. Бақытжан Назар жауап берді. Ол қазіргі таңда ауыз су мәселесін округтің картасына енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын, содан кейін зерделеу, анықтау жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Жиында аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов өзіне қатысты сұрақтарға жауап беріп, ауылда спортты дамыту үшін көтерілген мәселелерді зерделейтінін атап өтті.
Сонымен қатар, жарыссөзде ауыл тұрғындары «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы, жаңа форматтағы тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек туралы сұрақтарын қойып, жауап алды. Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Батырхан Досыбаев округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close