Basty bet

Ақ тілеулі азамат

бәйтеректік Сапар Қамбаров екі ауылда еңселі мешіт салып берді

Сапар Қамбарұлы 1953 жылы Ақтөбе ауылдық кеңесіне қарасты Ақтоған ауылында дүниеге келіп, балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұс келді. Қаршадай бала қол жұмысына ерте араласып, еңбекпен келген нанның тәтті дәмін сезініп өсті. Жаңаталаптағы мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін бірер жыл ауылда қалып, шаруашылықта түрлі жұмыстар атқарды.

Отан алдындағы азаматтық борышын Мәскеу қаласының түбінде орналасқан әскери бөлімнің жүргізушілер батальонында өтеді. Екінші дүние жүзілік соғыста аты аңызға айналған, Кеңес Одағының жүрегі – Мәскеу қаласының қорғаныс шебі болған Волоколамск тас жолында орын тепкен Мемориалдық кешендегі «Офицерлердің демалыс үйі» бастығының жеке жүргізушісі болды.
– Соғыстың шешуші сәтінде қалаға жауды қарыс сүйем жақындатпай, қарша бораған от пен оқтың астында жан аямай ұрысқан әйгілі генерал Панфиловтың 316 атқыштар дивизиясының Қазақстаннан шығуы Мәскеу халқының қазақстандықтарға, жалпы қазақ халқына деген сый-құрметін арттырғаны белгілі. Бұл, әсіресе, сол шайқаста ерекше көзге түскен жаужүрек комбат, аға лейтенант Бауыржан Момышұлының есімі осы аймақтағы бүкіл жұртқа, Кеңес Одағы мен әлем елдеріне жайылып, қарапайым адамдардың құрметіне айналған кез-ді.
Әлі есімде, жаз айы болса керек. Батальонда әскери қызметімді өтеп жүргенімде бір күні «демалыс үйіне Бауыржан Момышұлы демалуға келіпті» деген қуанышты хабарды естідім. Ел-жұрттың бәрі Батырды көруге ынтық. Мен де дереу барып, ол кісіге сәлем берейін деп ойладым. Алайда, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жолымды кес-кестеп, маңайына жолатпады. Сол кезде ол қасымнан небәрі 50 метрдей жерден өтті. Бұл менің халық мақтанышына айналған хас батырға деген сүйіспеншілігімді арттыра түсті. Тілегім сол кезде іске аспаса да, кейін елге оралғанда, онымен туған жердің төсінде талай мәрте дидарласқанымды ризалықпен еске аламын, – дейді Сәкең сол күндерді ой елегінен өткізгенде.
Әскер қатарынан оралғаннан кейін Сапар Қамбарұлы еңбек жолын 1976 жылы Ақтөбе ауылдық кеңесі аумағында орналасқан КСРО Қорғаныс министрлігіне қарасты №10 «Октябрь» әскери кеңшарының 2 бөлімшесінде жүргізуші болып бастап, табаны күректей 11 жыл жұмыс істеді. Одан кейін кеңшар бөлімшесінің қоймасына қоймашы болып ауысып, онда төрт жылдай еңбек етсе, 1991 жылдан кеңшар тарағанға дейін бастықтың орынбасары болып істеді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ауыл шаруашылығы саласында түбегейлі реформалар басталғанда, қаржылай қолдау болмағандықтан әскери кеңшардың да жұмысы тұралады. 1996 жылы кеңшар таратылып, орнына ұсақ шаруашылықтар құрылды, жерлері мен дүние-мүлкі жұмысшыларға және ауыл тұрғындарына үлестірілді.
Сапар Қамбарұлы 2005 жылы «Байлық» шаруа қожалығын құрды. Одан кейінгі жылдары шаруа қожалығының жұмысын жолға қойып, оның аяғынан тұруы мен өсіп-өркендеуі жолында тер төгіп келеді. Бүгінде қожалық өз иелігіндегі 470 гектар егін алқабының басым бөлігіне ақ егіс салады. Азын-аулақ жерге картоп та егеді. Одан алған өнімді өзінің отбасының, ағайын-туыстарының қажетіне жаратады.
Сапардың арманындағы аруға үйленем деген ойы орындалмай, жалындаған жастық шағын өткізіңкіреп алып, кештеу үйленді. Таңдауы шапырашты руының қызы Әлия Төлегеноваға түседі. Екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп, бүгінде олардан 14 немере сүйіп, бақытты ата-әже атанып отыр.
Шаруашылықтың бүкіл құжаттары мен есеп-қисабын ол бүгінде құқық қорғау органдарында жұмыс істеп, отставкаға шыққан ұлы Мәлікке тапсырып, оған әркез жол көрсетіп, көмек-қолдау білдіріп отырады.
«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір басқа» дегендей, болмыс-бітімі бөлек Сапар Қамбарұлы жақсы іске жанашыр бола білетін ізгі ниетті, ақ тілеулі азамат. Ол ауыл-аймақтағы жағдайы нашар мұқтаж жандарды әркез демеп жүруді әдетке айналдырған. Қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым адамдарға қол ұшын беру сақилықтың белгісі және ондай іс тек жомарт жүректі жандардың қолынан келері анық. Сапар Қамбарұлы да халқымыздың осындай асыл қасиетінен танбай, ата дәстүрді жалғастырып, тұрмысы төмен отбасыларды, жетім-жесірді, талантты жастарды қолдап келеді.
Ұлтжанды, іскер азамат ұлт рухының шырақшысы бола біліп, өз қаражатына туған ауылында және Қызыларық ауылдық округінің Ақтөбе ауылында сәулеті жарасқан мешіт салдырды. Жаңаталап ауылында өзі сатып алған әскери кеңшардың кеңсесін жөндетіп, балабақшаға берді. Ақтөбе ауылдық клубының алдында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап, ескерткіш- құлпытас орнатты.
– Мұның бәрі халыққа, елге қажет дүние. Ауылға көмектеспегенде қайда көмектесеміз? Бүгінгі жеткеніміз, асып-тасып жүргеніміз – осы ауылдың, елдің арқасы. Осында алған білімнің арқасы. Перзенттік парыз деген болады. Оны ешқайсымыз ұмытпауға тиіспіз. Осы ауылда туып-өстік, ер жеттік. Жиған дүниені өзімізбен бірге арқалап кетпейміз ғой. Жасаған ісіміз ертеңгі ұрпаққа үлгі-өнеге болса, кейінгі буын осыны жалғастырса дейміз, – дейді қария ағынан жарылып.

Таңдаулы материалдар

Close