Basty bet
Ел дамуының ажырамас бөлігі
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы, әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді.
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, өз Отанын сүйіп, еліміздің бас нышандары рәміздерін құрметтеуге тәрбиелеу – баршамыздың міндетіміз. Ал, осындай ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу бүгінгі еңселі еліміздің тұтқасын ұстайтын әрбір жеткіншектің, әр азаматтың парасатты парызы деп білуіміз керек.
Осы ретте, №22 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте мемлекеттік рәміздерді насихаттау, оған құрметпен қарау жұмыстары жолға қойылған маңызды жұмыстардың бірі. Аптаның алғашқы күніндегі сабақтардың Мемлекеттік Әнұранмен басталуының өзі оқушының Отан алдындағы саналы қадамы. Себебі, «Мемлекеттік Рәміздер» деген қасиетті ұғым әрбір оқушының миында қатталып, санасында жатталып тұруға тиіс.
Мектепте оқушылардың аса маңызды мемлекеттік белгілер рәміздер жөніндегі білімдерін жан-жақты сарапқа салу, оларға мемлекеттік белгілердің маңыздылығын ұғындыру, ерекше құрметтеп, мақтан тұту керектігін ашып көрсету мақсаттарында жылдық жоспар жасалып, сол жоспарға сәйкес түрлі іс-шаралар өткізіледі.
«Алғашқы қоңырау», «Соңғы қоңырау» және еліміздің мемлекеттік айтулы күндерінде өткізілетін мерекелік жиындар мен іс-шараларда Мемлекеттік Әнұран орындалып, Мемлекеттік Ту көтеру рәсімдері мектептің үздік оқушыларына тапсырылып, көтеріледі.
Барлық сыныптардың жас ерекшелігі ескеріле отырып, түрлі тәрбие сағаттары мен танымдық өнеге сағаттары да ұйымдастырылады. Атап айтар болсақ, 4 сынып оқушыларымен «Мемлекеттік Рәміздерге құрмет» тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді. Мұнда оқушылар рәміздердің шығу тарихы, авторлары мен Мемлекеттік Рәміздердегі бейнеленген әрбір элементтердің маңызы туралы ақпараттар алды.
Мектеп дәлізінде Рәміздерге арнайы оқшауланған орын бекітілген. Онда Мемлекеттік Ту, Әнұран және Елтаңба талапқа сай орналастырылған. Мектеп кітапханасында да түрлі тақырыптық кітап көрмесі де жасақталады.
«Болашаққа жоспар құрсаң, баланы тәрбиеле», – деп шығыс нақылында айтылғандай, жас ұрпақты Мемлекеттік Рәміздер арқылы патриоттық тәрбие негізінде тәрбиелесек, егеменді еліміздің көк байрағы көк аспанда мәңгілік желбіремек.
Ләйлә Жолболдиева,
№22 Б.Момышұлы атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары