21 қыркүйек күні Тараз қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Елдік елге байланысты» атты қоғамдық форум өтті. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен жиынға Жамбыл облысы бойынша барлық аудандар мен қалалардан мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, билер кеңесінің мүшелері, ұлттық-мәдени орталықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, оқытушылар мен жастар, ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысып, тең дәрежеде ашық пікір алмасты. Жиынды модератор, облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік ашып, жүргізіп отырды.
– Жиынның мақсаты – ел ішінде іріткі салып, ауызбіршілік пен ынтымаққа кері әсерін тигізетін, қоғамда қалыптасып отырған кейбір үрдістерге тосқауыл қою. Еліміздегі саяси тұрақтылықты, халықаралық келісім мен конфессияаралық бірлікті нығайту – барлығымыздың парызымыз,- дей келе, Масат Әшімұлы сөзді Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Мейрамбек Төлепбергенге берді.
«Бірлігіміз – басымыздағы бағымыз» атты баяндамасында М.Төлепберген қоғамдағы орын алып жатқан келеңсіз жағдайларға, көптеген шешімін күткен мәселелерге тоқталды. Баяндамашы жамбылдық жұртшылықты қоғамдық мәдениет пен ұлттық, оның ішінде, отбасылық құндылықтарды қайта жаңғыртуға және ауызбіршілікке шақырды.
– Қоғамға, елдің дамуына кері әсер ететін кейбір мәселелерден бас тарту керек. Әсіресе, әлеуметтік желіде қаншама әңгіме айтылып жатады. Кім бағалайды оны?- дей келе, баяндамашы «әлеуметтік желі қолданушылары туралы заң қабылдау қажет»,- деді. «Екінші – көп елді ығыр қылған, жаттанды болып кеткен, әшейінде айтамыз ғой «той – халықтың қазынасы», «тойдан кенде қылмасын» деп, бірақ тойды жасау мәдениеті төмендеп кетті. Той адамдарды шаршатпау керек». Сондай-ақ, ол бүгінгі тойлардағы, өлім-жітімдегі ысырапшылдық пен бей-берекетсіздікті тілге тиек етіп, «бірізділікке түсіру керек» деген ойын білдірді. Сонымен қатар, Мейрамбек Мылтықбайұлы сыбайлас жемқорлық пен парақорлық жайлы, бала тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды сақтау туралы көптеген деректер келтіріп, пікірін ортаға салды.
Одан кейін мінбеге шығып сөйлегендердің қатарында Жуалы ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Әбілқасым Ергебеков өз баяндамасында «Ақсақалдықтың абырой- беделін биіктету – уақыт талабы» атты тақырыпта әңгімеледі. «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб-имамы Бақтияр Әмреев «Діни жоралғыларды жасауда ысырапшылдыққа жол бермеу» және ардагер-ұстаз Кәмиләш Ахметжанова «Тәрбие – тал бесіктен басталады» атты тақырыптарда сөз қозғады. Кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков және «Асыл арман» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев «Дәстүр мен жаңашылдық жасампаздығы және жастар бастамашылдығы» және Тараз қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев баяндамаларында қоғамдағы түйіткілді мәселелер, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптың уақыт ағымымен өзгеруі, ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол бермеу, жастар тәрбиесінің өзектілігі жайлы ойларын айтып, пікірлерімен бөлісті. Сөйлеушілердің пікірлерімен залдағы форумға қатысушылар қол соғуларымен біркісідей келісіп отырғандарын білдіріп, белсенділік танытып отырды. Мысалы, адам қайтыс болған шаңырақта үш күнге дейін қазан асылмауы, қабір басына зәулім үйлер салынбауы (ол да ысырапқа жатады), тойлардың санын азайтып, жүйелі түрде өткізілуі тағы да көптеген ата-бабаларымыздың ұрпақтарына мұра етіп қалдырған салт-дәстүрімізді, әдет- ғұрпымызды сақтап, жастарға лайықты қазақи тәрбие беру хақында айтылды.
Айта кету керек, мінбеге шығып сөйлегендер халықтың ұлттық болмысы мен бірегейлігіне кері әсер ететін жайылып бара жатқан жемқорлық, қызметтегі жершілдік пен тамыр-таныстық, ағайын арасындағы рушылдық, той тойлаудағы ысырапшылдық пен астамшылдық, жастар арасындағы даңғойлық пен кердеңдік, ел ішіндегі орынсыз салтанат, қанағатсыздық пен үнемсіздік сияқты жаман қасиеттерден арылу – бүгінгі күннің басты талабына айналып отырғаны шараның өзегіне айналып, маңызды мәселе болып көтерілді және жиналған жұртшылықтың қолдауын тапты. Әсіресе, елде жасалынып жатқан тойлар туралы көп пікірлер айтылды. Мысалы, Батырбек Құлекеев форумның маңыздылығын айта келе, осындай жиындар барлық аудандарда жалғасын табу керектігіне тоқталды. Әсіресе, ол той өткізуді жаңа бағытта қалыптастырып, ысырапшылдықтан арылу керектігін басып айтты.
Форумды Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қорытындылап, қатысушылар тарапынан Үндеу жолдады.
Гүлмира Дембаева,
«Жаңа өмір»