Basty bet

Алты құрама да финалға жолдама алды

Жақында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі және «Жайдарлы Жуалы» лигасының ұйымдастыруымен «Білімді ұрпақ» тақырыбында аудандық мектеп оқушылары арасындағы Жайдарман 1/2 жартылай финалдық сайысы өтті. Сайыс барлық санитариялық талаптарды сақтай отырып, ұйымдастырылды.

Жайдарман ойындарының мақсаты – аудан жастарын тапқырлыққа, ой ұшқырлығын дамытуға, дүниетанымын кеңейтуге, достық қарым-қатынасты нығайтуға, жастардың қоғамда дұрыс пікірін қалыптастыруға, өмірде өз орнын таба білуге, олардың бойына отансүйгіштік қасиеттерін оятып, патриотизмге, елін-жерін сүюге, халқын құрметтеуге, жастардың бойына ұлттық рухты ұялатуға бағытталады.
1/2 жартылай финалдық сайысы негізгі бір кезеңге бөлінді. Яғни, бұл кезең «Сәлемдесу» деп аталды. Сайысқа жалпы алты құрама қатысты.
Ойынға аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры М.Телеушов, аудандық «Jańa ómir» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі А.Аманқұл, ТҮҚЖ банкінің маманы, «С акцентом» құрамасының ойыншысы Д.Көлбай, «Дін істері және ақпараттық талдау» бөлімінің меңгерушісі О.Жұмағали қазылар алқасының құрамынан табылды.
Ойынды «Жайдарлы Жуалы» лигасының 2019 жылғы чемпионы, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі М.Қаниұлы жүргізді.
Ойынды алғаш болып Жамбыл атындағы орта мектептің «Жамбыл» құрамасы бастады. Одан кейін Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің «Қызыларық» құрамасы, Амангелді атындағы орта мектептің «Ешкере» құрамасы, Абай атындағы орта мектептің «Тек қана ұлдар» құрамасы, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның «Қонаев қыздары» құрамасы және А.Пушкин атындағы орта мектептің «Қарасаз» құрамасы кезегімен өнер көрсетті.
Шараны аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов қорытындылап, жастарға сәттілік тіледі.
Ойынның қорытындысы бойынша алты құрама да «Жайдарлы Жуалы» лигасының ақтық мәре финалдық сайысына жолдама алды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close