Basty bet

«Қиындықта бөле жеген құйқаның дәмі тәтті»

Әлемде және елде қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Үндеу жолдады. Елбасы Үндеуінде Қазақ елінің бұл қиындықты да еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басатынына сенім білдірді.
«Отан – елдің анасы» дегендей, біздің тәуелсіз еліміздің басынан небір алмағайып, аласапыран замандар өтпеді десеңізші?! Мың өліп, мың тірілген жұртымыз тастүйіндей ымырашылдығы мен бекем бірлігінің арқасында аман қалып, кез келген қиын сынықтарға төтеп берді. Міне, халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасында осындай жарқын шаққа қол жеткіздік. Енді әлемге, елімізге қауіп төндіріп отырған «тәж вирусына» да шыдас беру, қатаң тәртіпке бағынып, сабырлық таныту ел халқының жауапкершілігіне жүктеліп отыр.
Қазақта «Сабыр түбі – сары алтын» деген жақсы сөз бар. Мемлекет тарапынан берілген тапсырмаларға бей-жай қарамай, сабырлы болу – бәріміздің міндетіміз. Сондай-ақ, Елбасының халыққа арнаған Үндеуінде ел бірлігі, татулығы кеңінен айтылған.
Қазақ халқы – бауырмал халық. Қиын-қыстау шақта бір-бірімізге көмек қолын ұсыну – баршамыздың ортақ ісіміз. Сонымен қатар, халқымыздың жомарттығын, мәрттігін алға тартып, отандық кәсіпкерлерді көмек қолын созуға шақырып: «Мұндай мәрттік жалғасын тауып, оған қосылатын бизнес өкілдерінің саны көбейе түседі деген үміттемін. Компаниялардың иелері өздерінің қол астында еңбек етіп жүрген жандарға қаржылай да, моральдық тұрғыдан да жәрдемдеседі деп сенемін. Қиындықта қол ұшын беру – игі дәстүр, халқымыздың қанында бар, бойымызға сіңген асыл қасиет» деді.
Ия, бұл сынақ «Көппен көрген ұлы той». Бұл сынақты да ел болып, бірлігіміздің, ынтымағымыздың, татулығымыздың арқасында еңсереміз деп сенемін. Ел басына күн туған шақта әрбір саналы азамат өзінің сабырлығымен түсіністік танытуға шақырамын.

Аманжол қажы ДҮРӘЛІҰЛЫ,
«Ақментей» қоғамдық
бірлестігінің президенті,
ауданның Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close