Ауданда дәнді дақылдарды жинау науқанынан кейін іле-шала көкөніс және бау-бақша өнімдерін теру науқаны басталып кетті.
Өңірде алманың кіші отаны санатын Қызыларық ауылдық округінде алма өсірумен үш шаруа қожалығы айналысады. «Бағдат» ШҚ сегіз, «Ахмет» ШҚ 10, «Дархан» ШҚ 70 гектар алма бауын өсіріп отыр.
Күздік алма теру жұмыстары бұл күндері ауылдық округтегі Ақтөбе ауылының үстіңгі жағында бұрынғы шаруашылық тұсында «тоғызыншы алқап» деп аталған аймақта орналасқан «Дархан» шаруа қожалығының үдемелі алма бағында тың қарқын алып тұр. Оған терім барысын көруге барғанда көз жеткіздік.
Шаруашылықтың бұрын ауыл іргесінде азын-аулақ алма бағы болған. Алайда, одан ойдағыдай өнім алынбағандықтан, қожалық қарқынды алмабақ егуге бет бұрған. Осы жоба арқылы өнімділікті екі есеге дейін арттыруға болатынына көз жеткізген «дархандықтар» 2009 жылы мемлекеттің қолдауымен ағын суы мол осы тұстан жаңа алма бағының орнын белгілеп, 60 гектарға алма көшеттерін отырғызған.
– Негізінен, алма бау толық табысына төртінші жылы кіреді. Одан ары жылдан-жылға климатқа орай көбейе береді. Қазір алманың бес түрін өсірудеміз. Барлығы бәсекеге қабілетті сұрыптар. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл өнім жаман емес, – дейді шаруашылықтың іс жүргізушісі Бекмұрат Өмірбай.
Алма бақтағы ағаштардың дені аласа бойлы. Ерте пісіп-жетілетін, жергілікті климатқа бейімделген, 3-4 жылда өнім беретін «Золотой превосходный», «Заря», «Бесжұлдыз», «Айдоред» сұрыптары таңдалған. Там-тұмдап апорт алмалары да бар.