Basty bet

Ауылдан жеткен ақпарат

Ақсай
Сапалы жол ауыл тұрғындарының қажеттілігінің бірі екені белгілі. Осыған орай, ауылдық округке қарасты Диқан ауылының Ы.Байділдә көшесін орта жөндеу жұмыстары басталды. 0,690 метрді құрайтын жолды мердігер компания «КазЖамбылДорМостСтрой» жүргізуде. Округке қарасты Диқан ауылының Жамбыл көшесі, Қайрат ауылының Төле би және Садыбай батыр көшелерін орта жөндеу жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленді.
Боралдай
Көлтоған ауылының кіші футбол алаңында жастар арасында алкоголизм мен шылым шегуді алдын алу мақсатында ауылдық округтің жастар ісі нұсқаушысы Еламан Сәкенұлының ұйымдастыруымен кіші футболдан жарыс өтті. Жарысқа №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектептің 8-11 сынып оқушылары қатысты. Шараны ауылдық округтің әкімі Ғани Қуанышев және аталған мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Берік Найзабаев сөз сөйлеп ашып, оқушыларға сәттілік тіледі. Жарысқа Б.Найзабаев төрелік жасады. Жарыс нәтижесінде жеңімпаз командаларға Алғысхат пен грамоталар тапсырылды.
Күреңбел
«Су – тіршілік нәрі» – демекші, 1982 жылғы туған ауыл азаматтары 20 жылдық кездесулеріне орай ауылдық мешіттің ауласынан су шығарып берді. Ауыл азаматтарының игі істерді атқарып жатқаны көңіл қуантады. Түлектер жыл сайын кездесулерінде туған ауылын көркейтуге өз үлестерін қосуда. Бұл дәстүр өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болса нұр үстіне нұр болмақ.
Көкбастау
Округке қарасты Қосбөлтек ауылындағы О.Жапарқұл көшесіндегі ұзындығы 2 км шақырым жолды асфальтаттау жұмыстары жүргізілуде. Жол жөндеуге бөлінген қаражат сомасы 30 млн 240 мың теңгені құрайды. Жөндеу жұмыстарын мердігер «КазЖамбылДор МостСтрой» ЖШС жүргізуде.
Мыңбұлақ
Таяуда №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте «Жасөспірім және қылмыс» атты кездесу өтті. Кездесудің мақсаты – балаларға өмір қауіпсіздігін білуге, жанашырлыққа және қылмыспен күресуге, бейбіт рухтағы адами қасиеттерге тәрбиелеу, жастарды имандылыққа шақыру.
Шараға мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләйлә Жолболдиева, округтің жастар ісі нұсқаушысы Саят Имат, аудандық полиция бөлімінің ЖПҚ ЮПТ-ның учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Мырзатай Мекенбай және мұғалімдер мен 10-11 сынып оқушылары қатысты.
Кездесуде мамандар тарапынан кеңінен мағлұматтар жеткізіліп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берілді.
Шақпақ
Жаз айлары – балалардың толыққанды демалып, денсаулығын нығайтуға, жаңа оқу жылын тың күшпен бастауға қолайлы уақыт. Жаз маусымында оқушыларға арналып демалыс орындары мен балалар лагерьлері өз жұмыстарын бастайды. Осы орайда, ауылдық округте тұңғыш рет 8-12 жас аралығындағы балаларға футболдан арнайы жазғы жаттығу лагері ашылды. Онда округтің жас балғын футбол әуесқойлары әдістеме негізінде ойынның қыр-сырын меңгереді. Сондай-ақ, балалардың уақыттарын тиімді өткізу үшін қызықты ойындар мен жарыстар ұйымдастырылуда.

Айгүл Аманқұл,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close