Basty bet

Ұрпақ тәрбиесі – білікті ұстаздың қолында

Міне, жадырап жаз өтіп, алтын күз де келіп жетті. Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім-ақ сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен елестетеді. Жаңа оқу жылымен қатарлас келетін Мұғалімдер күні де күздің үлесіне тиіпті.
Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойын адарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.
Осы ретте, аудандағы іргелі білім ошағының бірі Мұхамеджан Бейшенов басқаратын №29 орта мектепте 76 ұстаз жұмыс жасайды. Оның ішінде 15 жоғарғы санатты, 11 бірінші санатты, 18 екінші санатты, 11 санатсыз мұғалім оқушыларға біліммен қатар саналы тәрбие беруде. Сонымен қатар, мектепте төрт зерттеуші және тоғыз сарапшы, сегіз модератор еңбек етуде.
«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» – деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі қашанда ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Осы ретте, білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандықтарының хас шебері, кәсіби ұстаздардың бірі бастауыш сынып мұғалімі А.Шалхарбаева ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысхатымен марапатталды. Сондай-ақ, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі А.Артықов, тарих пәнінің мұғалімі Сарбина Үсенқұлова ҚР Білім және ғылым министрі Асқар Аймағамбетовтың Алғысхатымен награтталды. Сонымен қатар, «Дарабоз» жасөспірімдер арасында өткізілген байқауда үздік шәкірт тәрбиелеп, үздіксіз білім алуына үлес қосқаны үшін Л.Боранова, А.Шалхарбаева, Б.Рүстембекова, А.Абдыева, А.Тұрманова, С.Багутова «Үздік ұстаз» төсбелгісін иеленді.
Мұғалімнің қызметі өте күрделі және көпсалалы. Оқушыларға сапалы білім беріп, саналы тәртіпке баулуда педагогтерге ерекше жауапкершілік жүктелген. Тәуелсіз еліміздің ертеңгі күні жан-жақты дамуына белсене араласатын бүгінгі мектеп оқушылары. Ұрпақ тәрбиесі мен жастардың баянды болашағы – тәлімгерлердің қолында. Ұстаз бен шәкірт арасында тығыз байланыс орнаған жағдайда жақсы жетістікке жетуге болады. Демек шәкірттердің үздік көрсеткіші – оқытушылар еңбегінің жемісі.
Мұғалім әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта берсін. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Осы ретте, №29 орта мектептің ұжымы барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтайды.

Албина Қадырбекова,
№29 орта мектептің қосымша білім беру педагогы

Таңдаулы материалдар

Close