Basty bet
Мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау – маңызды міндеттердің бірі
Өткен аптаның жұма күні «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, департамент жанынан құрылған ақпараттық ағарту штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиев, сонымен қатар, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Жұбандықова Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келген болатын. Ондағы мақсат – ауданда атқарылып жатқан бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысу, ауыл тұрғындарымен кездесіп, пікір алмасу, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілермен ағарту жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келген қадағалау тобының мүшелері ең алдымен Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ақтоған ауылында орналасқан «Жарбұлақ» су тоғанындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Ондағы жөндеу жұмыстары туралы құрылысты жүргізіп жатқан мердігер мекеменің өкілі Нұрсұлтан Артаев баяндады. Оның айтуынша, аталған тоған 350 млн текше метр су жинауға қауқарлы екен. Жоба құрылысын жүргізуге 12 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда мұнда тоғанның табанын ағаш тамырлары мен батпақтан тазалау жұмыстары толығымен аяқталып, алдағы күндері бетондау жұмыстары басталмақшы.
Жұмыс сапарымен келген топ мүшелері келесі кезекте жоғарыда аталған ауылдық округте өткен жылы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы аясында құрылған «Атамекен-Бастау» өндірістік кооперативінің жұмысымен танысып, жоба бойынша атқарылып жатқан тірліктерге қанықты. Өндірістік кооперативтің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Зайырбек Сұлтанмұратовтың айтуынша, бұл ұжымда 13 адам жұмыс жасайды екен. Кооперативтің жұмысын жандандыру мақсатында өткен жылдың соңында аталған ұжымға ауыл шаруашылығына қажетті 19 дана жаңа техникалар берілген. Аталған жоба аясында өнідірістік кооператив мүшелері төрт бағыт бойынша жұмыс жасауда. Жалпы 1425 гектар егістік алқапты тиімді игеріп отырған ұжымда проблема да жоқ емес. Атап айтқанда, суармалы судан проблема бар. Ұжым басшысы З.Сұлтанмұратов ауылдық округ маңындағы бұрын қолданыста болған шағын су тоғандары қайта іске қосылса, бұл проблема жартылай болса да шешімін табады деген үмітте екенін айтады. Ол сонымен қатар, алдағы уақытта кооператив жұмысын тек егін егумен ғана емес, етті және сүтті мал басын көбейтуге, құс шаруашылығын дамытуға да күш салып жатқанын жеткізді.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, департамент жанынан құрылған ақпараттық ағарту штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиев, сонымен қатар, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Жұбандықова Нұрлыкент, Қарасаз ауылдық округтерінде болып, Нұрлыкент ауылында құрылысы жақында ғана басталған 180 орындық мәдениет үйінің құрылысымен, Қарасазда «Береке» су тоғанының жөндеу жұмысымен, сондай-ақ, округке қарасты Жұрымбай ауылындағы ауызсу жүйесінің құрылысымен танысып, құрылыстардың жұмыс жоспарына қанықты.
Сонымен қатар, топ мүшелері Жетітөбе ауылдық округінің орталығы Кәріқорған ауылында табиғи газ тарту жұмыстарын да көрді. Ауыл тұрғындары үшін маңызды болып табылатын жобаны жүргізіп жатқан мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, жеті елді мекендегі 529 үйге осы жылдың соңына дейін көгілдір отын жеткізіледі деп күтілуде. Осыған сәйкес, Жетітөбе ауылдық округіне қарасты елді мекендерге, сондай-ақ, Күреңбел ауылдарында ауылішілік газ жүйелерін тарту жұмыстары аяқталған.
Топ мүшелері түстен кейін аудандық орталық ауруханада болып, ондағы дәрі-дәрмек қорын тексеріп, жалпы аурухана және емхана қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Ауруханада атқарылып жатқан жұмыстарды бас дәрігердің міндетін атқарушы Нұрбай Ергебеков айтып берді.
–Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу, науқастарды емдеу мақсатында ауруханада тиісті шаралар қабылданған. Індетпен науқастар емделетін провизорлық стационар ашылды. Мұнда қазір науқастар жоқ. Дәрі-дәрмек қоры, қорғаныш және антисептикалық материалдардың қоры жеткілікті. Айта кететін бір жағымды жаңалық, індеттің алдын алуға Жуалы ауданынан шыққан танымал кәсіпкерлер де үлес қосты. Атап айтсам, Талғат Тұрымбаев есімді кәсіпкер азамат ауруханаға жалпы құны 110 миллион болатын жуық қаражат көлемінде көмек көрсетті. Бүгінде Малайзия елінде тұратын жерлесіміз осыншама қаржыға қорғаныш құралдарын, көпфункциялы реанимобиль алып берді. Одан бөлек, ауруханаға жылжымалы рентген аппаратын алып бермекші.
Сонымен қатар, топ мүшелері әрі қарай аудан орталығындағы №15 мектеп-лицейіндегі оқу процесіне, Б.Момышұлы ауылындағы Д.Қонаев, Қ.Иманбеков көшелерінде салынған асфальт жамылғысының сапасына назар аударып, орталық саябаққа жүргізілген жөндеу жұмыстарына баға берді.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев «Жуалы-адалдық алаңы» жобалық офисінде болып, қабылдау өткізді. Онда Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Сахи Ибраев ауылдық әкімдікте жер кезегінде тұрғанын айтып, «Көктөбе» тұрғын үй алабындағы жер учаскелері қашан қолданысқа берілетінін сұраса, аталған ауылдың тағы бір тұрғыны Нәзипа Байгелбаева көше жолдарын қосатын аралыққа жаяу жүргіншілер жолын салып беруді өтінді. Екі азаматтың да сұрағына Б.Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов тыңғылықты жауап беріп, аталған екі мәселе бойынша да нақты жұмыстар жасалып жатқандығынан хабардар етті. Ал ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Шора Ысқақовтың сұрағы, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» көлік дәлізінің Қошқарата бағытындағы бұрылысқа жолайрық және аспалы көпір салу жөнінде болды. Аудан тұрғындары тарапынан көптеген жиында, аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есептік кездесулерінде үнемі көтеріліп жүрген бұл маңызды мәселені Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев жазып алып, тиісті министрлікке жолдайтынын жеткізді.
Топ мүшелерінің жұмысы аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында қорытындыланды. Аудан активімен болған жиынға әкімдікке қарасты барлық бөлімдердің басшылары, ауылдық округтердің әкімдері шақырылды. «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында өткен басқосуды Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков ашты. Маңызды басқосуда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, департамент жанынан құрылған ақпараттық ағарту штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиев сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу барысында облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баян етті.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсыныстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан қолдау тауып отыр. Атап айтқанда, Президенттің халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жаңа Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгілері, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуы туралы кеңінен айтылды.
Осы ретте біздің елімізде бақылау-қадағалау функциялары бар органдардың қызметкерлері парасаттылыққа тестіленетін болады. Бұл институт біздің елімізде тұңғыш рет енгізілгелі отыр. Мұндай тәжірибе Грузия мемлекетінде енгізіліп, екі жылдың ішінде өзінің оң нәтижесін беріп отыр. Бұл институт өз кезегінде мемлекеттік орган қызметкерлерін іріктеуге, сондай-ақ, Президент Жолдауда атап өткен мемлекеттік қызметшілердің санын қысқарту туралы тапсырмасына оң әсер етеді деген ойдамын. Мемлекеттік қызмет туралы Заңға өзгерістер енгізіледі. Қорыта айтқанда, бұл салада бізді түбегейлі өзгерістер күтіп тұр.
Келесі айта кететін тағы бір мәселе, сыбайлас жемқорлық терминін жеке секторға тарату. Бұған аурухана, мектеп, тағы басқа мекемелер жатады. Мектеп басшылары мен мұғалімдерге кітап пен гүлден басқа сыйлық алуға болмайды. Міне, біздің қоғамның алдында жемқорлықты біртіндеп жою мәселесі тұр.
Мемлекеттік қызмет саласына қоғамдық бақылау институтын енгізу, оны ары қарай дамыту мәселесі тұр. Қоғамдық бақылауды регламенттеу қажет. Бұл жөнінде Президент Қ.Тоқаев жаңа Жолдауда: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет» деп атап өтті.
«Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы да саланы дамытуға өз үлесін қосу үстінде. Жобалық кеңсе қызметкерлері лауазымды тұлғаларға жұмыс барысында қолдануға өз ұсыныстарын беруде. Одан бөлек, облыстың зиялы қауым өкілдері де ағарту, адалдық жөнінде ой-пікірлерін білдіру үстінде. Алдағы уақытта ұжымдармен де кездесіп, пікір алмасу ойымызда бар. Ең бастысы, мемлекеттік қызметшілердің белсенділігі мен құқықтық сауаттылығын арттыруға жете көңіл бөлінуі қажет. Қоғамды дамытсақ, онымен бірге мемлекетіміздің де дамитыны сөзсіз. Осы ретте жарқын болашаққа жетелейтін қоғам құру маңызды мәселе,- деді Равиль Қуанышбайұлы.
Департамент жанынан құрылған ақпараттық ағарту штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиев те сөз алып, мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерге тоқталып, мемлекеттік орган жұмыстарының ашық болуын қамтамасыз ету, сонымен қатар, «Сервистік әкімдік» пилоттық жобасының тиімді тұстарын әңгімелеп, аталған салада қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту, қоғам тарапынан бақылауды күшейту қажеттігін айтты.
Жиынды аудан әкімі Н.Ергебеков қорытындылап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында айтылған мемлекеттік басқару, мемлекеттік қызмет жүйесін реформалауға бағытталған маңызды міндеттерге кеңінен тоқталып, ауданның мемлекеттік қызметшілерін аталған саланың дамуына бағытталған жұмыстарды бірлесіп атқаруға шақырды.