Basty bet
«Үздік жоба» жеңімпаздары марапатталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Азаматтарымыз реформалауға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау әрекеттерінен толық қорғалуға тиіс.Үкімет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы заңды жобаның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеуге және оның барлық техникалық мәселелерін шешуге тиіс» деген болатын.
Яғни, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі мен қоғамдық сананың жаңғыруы азаматтар белсенділігінің артуы арқылы жүзеге асатыны анық. Қоғамның санасын жаңғырту әлеуметтің белсенділігі, азаматтардың қазіргі заман мен болашақ алдындағы жауапкершілігі болмаса жүзеге аспайды. Ал үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру және оны қолдау осы бағытта атқарылатын маңызды шаралар қатарында.
Аудандық «Азаматтық орталықта» «Жуалы әйелдері» және «Жуалы Шапағат» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Үздік жоба» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – әлеуметтік жобаларды іске асыру арқылы ауылдық ҮЕҰ мен бастамашыл топтардың әлеуметтік салада жұмыс істеу дағдыларын арттыру.
Жобаға қойылатын талаптар: жобалар ауылдық аумақтарды дамытуға, ауылдық жерлердің өзекті мәселелерін шешуге, ауылдық жерлерді дамытуға тарту үшін тиімді тетіктермен қолайлы жағдайларды жасауға бағытталуы тиіс және жоба жүйелі және өміршең болуы керек.
Байқауды «Жуалы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлбақыт Айтқұлова ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жобаға үкіметтік емес ұйымдармен қатар бастамашыл топтар да қатысты.
Жобаға қатысушы «Жуалы Шапағат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Бердібаева мүгедек жандардың арбасын жөндеуге арналған шеберхана ашуды мақсат етсе, «Жуалы Қанағат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлтуған Бекмұханова «Қыздың жолы – жіңішке» атты қыздарға ақыл-кеңес беретін қажетті мамандармен қамтылған мобильді топ құруды жоспарлауда. Ал, «Жуалы Береке» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Раушан Әлиева дауна синдромы бар балаларға жан-жақты көмек көрсететін «Біз біргеміз!» жобасын ұсынды.
Бастамашыл топтан Назгүл Серікқызы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қызмет көрсететін «Әдемі, сәнді шаштараз» атты жобасын түсіндірді. Сонымен бірге Мұрат Керімхан деген азаматтың «Жас омарташы» жобасымен таныстырылды.
Байқау нәтижесінде І орынды Роза Бердібаеваның жобасы, ІІ орынды Назгүл Серікқызы мен Ұлтуған Бекмұханова, ІІІ орынды Раушан Әлиева мен Мұрат Керімханның жобалары иеленді. Байқауға қатысушыларды Күлбақыт Айтқұлова мен «Тұлға» психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығы» қоғамдық қорының төрайымы Зейнеп Дәуренова арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ