Basty bet
Асханалардағы тәртіп талапқа сай ма?
Төтенше жағдайға байланысты аудандағы бірқатар кәсіпкерлер жұмыстарын тоқтатқаны баршамызға белгілі. Осы уақыт ішінде жұмысын уақытша тоқтатқан кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетілді. Жақында ҚР Президентінің Жарлығымен 11 мамырдан бастап төтенше жағдай режімінің аяқталуына байланысты кәсіпкерлердің кейбір санаттары өз қызметін қайта бастады. Бірақ, жеке кәсіпкерлерге жұмысқа кірісерде барлық санитарлық талаптарды сақтау қажеттігі қатаң ескертілді. Себебі, елімізде індетті жұқтырушлырадың саны күнен-күнге артып отыр.
Ауданда Б.Момышұлы ауылындағы асханалар тұрғындарға қызмет көрсетуге 18 мамырдан бастап кірісті. Осы ретте, кәсіпкерлердің жай-күйін білу мақсатында орталық базарда орналасқан бірнеше тамақтану орындарының иелерімен сөйлесіп, әңгімелескен едік.
Ең алдымен «Диана» деп аталатын асханаға бас сұқтық. Шағын ғана асханада адамдардың қарасы көп емес.
Кафенің иесі Халима Қаражігітованың айтуынша, тамақтану орнының ашылғанына үш жылдың жүзі болған. Сонымен қатар, ол: «Жұмысымызды наурыз айында тоқтаттық. Мемлекет тарапынан түскен тапсырмаға түсіністікпен қарадық. Алғашында күнделікті табысымыздан айырылғанымыз оңайға түспеді. Қиын болды. Асханада үш жұмысшы жұмыс істейді. Олар осы жерден күнделікті табыс тауып жүргендіктен не істерлерін білмеді. Бірақ, біздің жағдайымыз елеусіз, ескерусіз қалмады. Қиын сәттерде мемлекет көмек қолын созды. Жұмысшылар мемлекеттік әлеуметтік көмекті алып, қуанып қалды. Үйде отырған адамға бұл үлкен көмек. Жұмысымызды қайта бастағанымызға қуаныштымыз. Жұмыс уақыты белгіленген кестеге сай. Көбінесе түскі үзіліс уақытында адамдар көбірек келеді. Ас мәзіріндегі тамақтарды да әдеттегіден азырақ әзірлейміз. Ысырап болмауы үшін. Қазір азық-түлік, ет қымбаттаған. Сол себепті біз де барлық шығындарымызды есептей келе бағамызды көтердік»,- дейді.
Одан кейін «Тараз-шаһар» кафесіне атбасын бұрған уақытында мұнда да тұрғындар бірен-саран ғана екендігін байқадық. Кафенің жұмысын жүргізуші Баян Тілегенова жұмыстарын енді ғана бастағанда төтенше жағдай жарияланып, тоқтап қалғаны ауыр тигенін айтады. Бірақ, еш мойымай, бәріне түсіністік таныту азаматтық борышымыз деп санайтынын жеткізді. Баян Тілегенова өз сөзінде азық-түліктің қымбаттағанын, осыған сәйкес бағаларының көтерілгенін айтып өтті. Ол жұмыс барысында сақтық шаралары мен санитариялық талаптарды сақтау керектігін де жіті түсініп отыр.
Ал, ең көп тұрғындардың тамақтанатын «Халал» кафесінде тамақтанушылар жоқтың қасы. Мұндағылар қасиетті Рамазан айы біткен соң тұрғындар көптеп келетініне үмітті. Олар да мемлекет тарапынан тағайындалған әлеуметтік көмекті алғандарын жеткізді. Қазіргі таңда аса үнемшілдік жасап, тамақтарды әдеттегіден тым аз әзірлейтіндерін де айтып өтті.
Шын мәнінде қазіргі таңда кәсіпкерлерге оңай тиіп отырған жоқ. Олар аяққа қайта тұру үшін шыдамдылық пен төзімділік танытулары керек. «Сақтансаң, сақтайды» демекші, сақтық шараларына бей-жай қарамағаны да абзал.