Basty bet

Кеңесіп пішкен тон келте болмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы мәселені сайлаудан кейінгі өзінің жоғары лауазымға ресми кірісу салтанатында қозғаған еді. Содан бері қоғамда әртүрлі алыпқашпа әңгімелер айтылғаны мәлім. Енді, міне, кеше Қасым-Жомарт Кемелұлы осы кеңесті құру және оның құрамын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі алдымен жұмыс істейтін болуы тиіс. Бүгінде қоғамда халықтың түрлі топтарының пікірлері жиі көтерілетін болды әрі олар кейде бір-бірімен қабыспай жатады. Сондықтан, Мемлекет басшысының бұл бастамасы қоғамның сұраныстарына жауап беретін әрі дер кезінде қолға алынған шара деп есептеймін.
Иә, бұған дейін халықтың түрлі деңгейде айтылған өткір пікірлері мен сын-ескертпелері сол айтылған жерінде қалатын еді, билік те «күңкілдейді де қояды, қайда барады?» дегендей сыңайда, оған аса қатты мән бермейтін, жүре тыңдап, қолдауға аса құлықты болмады. Бұл өз кезегінде, жұрттың мемлекетке, оның басқару органдарына деген сенімге селкеу түсіруге әкеліп соқтыруымен қауіпті.
Міне, осы ретте халықпен етене жұмыс істейтін болашақ құрылымның «сенім кеңесі» аталуы да кездейсоқ емес. Өйткені, елімізді алаңдатып отырған басты нәрсе сенім мәселесі болып отыр. Соның ішінде мемлекетке, кез келген жаңа бастамаларға деген көптің сенімі. Сондықтан халық өкілдерімен кеңесу, үнқатысу, бір-бірінің пікірін құрметтеу, қарама-қарсы пікірлерді қабылдау – осы сенімді туғызатын жалғыз сенімді жол.
Құрамына түрлі саяси партиялар мен қозғалыстардың көшбасшылары, азаматтық сектор, жұртшылықтың түрлі топтарының өкілдері енген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі билік пен халық арасындағы жаңа үнқатысу алаңына айналады деген сенімдемін.

Сағындық ТОҚБЕРГЕНОВ,
Қарасаз ауылдық округі
ардагерлер кеңесінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close