Basty bet

Түсіндірме жұмыстары жүргізілуде

Бүкіл әлем елдерін дүрліктіріп, қыспағына алған «COVID-19» ауруының біздің елімізде тіркелгеніне де біршама уақыт болғаны белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылдың 16 наурызынан бастап 2020 жылдың 15 сәуіріне дейін елімізге төтенше жағдай режімі енгізілді. Төтенше жағдай режімінің мерзімі тағы да ұзартылып отыр. Елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бері қарай аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында бірнеше сақтық шаралары қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр.

Атап айтқанда, ауылда бір мәрте әскери қызметкерлердің күшімен адамдар көп шоғырланатын орындарда дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Ауылда орналасқан азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың таңғы 9.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істеу қажет екендігі, дәмханалар, асханалар және киім-кешек сататын сауда орындары карантинге байланысты уақытша жұмыстарын тоқтату туралы ұсыныс-ескертпе қағаздары таратылды. Жұмыс жасап жатқан азық-түлік дүкендері мен дәріханаларға сақтық шаралары бойынша арнайы нұсқаулықтарға сәйкес жұмыс жасауы керектігі ескертілді. Ауыл тұрғындарына үйден шықпауларына, тек аса маңызды қажеттілік туындаған жағдайда ғана шығуларына және қоғамдық орындарда медициналық маскасыз жүруге болмайтындығы туралы арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Төтенше жағдай кезінде жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен Б.Момышұлы ауылы бойынша аз қамтылған 10 отбасы мал етімен қамтамасыз етіліп, 37 отбасына азық-түлік пакеті берілді. Волонтерлердің тарапынан да 17 отбасына әлеуметтік азық-түлік пакеттерімен көмек көрсетілді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға 5 мың 200 теңге, көпбалалы отбасыларға 10 мың теңге көлемінде сақтық шараларына арналған антисептик құралдарын алуға арналған жәрдемақылар берілуде.
Ауылдағы еріктілер тарапынан 54 жалғызбасты қарияға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарап отырған азаматтарға, аз қамтылған отбасы мен көпбалалы 21 отбасыға бетперделер тегін таратылды.
Қазіргі таңда, төтенше жағдайда жұмысынан айырылғандар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға төленетін 42 500 теңге жәрдемақыға 2020 жылдың 4 сәуірінен бастап Б.Момышұлы ауылы бойынша бірқатар азаматтар өтініш білдірді.
Ауыл тұрғындарына үй жағдайында не ұялы телефондарында инетернет желісі қолжетімді болса, 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны «Egov.kz» порталы немесе «42500.enbek.kz» сайты арқылы әрбір азамат өзі жеке үйден шықпай-ақ тіркелуіне болады. Мүмкіндік болса, үйден шықпай-ақ өтініш білдіріп, сұраныстарын жолдаған жөн. Ал егер, интернет желісі қолжетімсіз болған жағдайда, Б.Момышұлы ауылының әкімшілігіне жеке басын куәландыратын құжатпен кез келген банктен ашылған жеке есеп-шотын алып келіп, тіркетуіне болады. Түсінбеген сұрақтар бойынша ауыл әкімшілігінің мамандарына 8 (72635) 2-18-06 немесе 8 (72635) 2-12-03 байланыс телефондарына хабарласып сұрауларына болады.
Тағы бір айта кететін жайт, тұрғындар 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыға өтініш берместен бұрын ең алдымен міндетті түрде бірыңғай жиынтық төлемді төлеуі қажет. Бірыңғай жиынтық төлемнің сомасы 1325,50 теңгені құрайды.

Бауыржан Момышұлы
ауылы әкімінің аппараты

Таңдаулы материалдар

Close