Basty bet

Ауыл тұрғындарына берері мол бағдарлама

А.Тұрмаханбетов жеңілдетілген несие алып, малдың басын көбейту үстінде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында әдеттегідей ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіптік кешенді жаңа заманға сай дамыту мәселесіне де баса назар аударылғаны белгілі. Халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мәселесі қай кезеңде де маңызын жоймақ емес.
Бұл туралы Президент: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы»,- деді.
Мемлекет басшысы онымен бірге қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамыту ісінде маңызды рөл атқарып, ел өңірлерінде жоғары сұранысқа ие болып, айтарлықтай нәтиже бере бастаған «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігі туралы да айтты.
Қазіргі таңда облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бағыттарының аясында Қарасаз ауылдық округінің де кәсіп ашуға ниетті жекелеген азаматтары жылдық пайыздық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын қомақты несие қаражатына қол жеткізіп, кәсіптерін дөңгелетіп, малдың басын көбейтумен бірге, оны асылдандыру ісіне де көңіл бөлуде.
Ауылдық округте «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында барлығы 164 ауыл тұрғыны несиелендірілсе, оның 163-і атакәсіп саналатын мал шаруашылығын дамыту бағытында несие алып, жұмыс істеу арқылы нәсібін де содан айырып отыр. Соның бірі Қарасаз ауылының тұрғыны, еңбекқор жас азамат – Амангелді Тұрмаханбетов. Жастайынан ауылдың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып өсіп, мал шаруашылығының жайын жақсы білетін ол былтыр бағдарлама аясында 6 миллион теңгеге жуық несие қаражатын алып, оған 85 бас Гиссар тұқымды асыл тұқымды қой сатып алғанын айтады. Аудандағы белгілі шаруа қожалықтардың бірінен сатып алынған аналық қойлар былтыр қысқа салым төлдеп, одан 60 басқа жуық төл алынған. Биыл да сәтін салса, желтоқсан айынан бастап төлдейді деп күтілу үстінде.
Жаз және күз айларында ауыл маңындағы шөбі шүйгін жайылымда бағылған Шопан ата тұқымының қоңдары жақсы, семіріп ет алғандары байқалады. Әзірше қойлар даладағы ашық қорада тұрса, суық түсе жылы сарайға кіргізіліп, оларға қолдан жемшөп беріледі. Буаз малдарға осылай жақсы күтім жасалмаса тағы болмайды. Малдың қыстық азығы жазғы орақ науқаны кезінде алдын ала қамдалған деуге болады. Ол үшін шағын шаруашылықтың егістік алқаптарына жыл сайын мал азығына жаздық арпа, бидай және көпжылдық шөп егіліп, бапталады. Міне, бұл – құнарлы мал азығының мол болуының бірден бір кепілі.
-Өзім ауыл мектебінен кейін жоғары оқу орнында Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ветеринария факультетінде оқып бітіргенмін. Малдың басын көбейту, түрлі мал ауруларының алдын алып, оны емдеу ісінде мал дәрігері мамандығын игергенімнің пайдасы көптеп тиюде. Былтыр ауылдық округте қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, соның нәтижесінде, қомақты несие қаражатына қол жеткіздім. Жалпы қолға алған жұмысым жаман емес. Қойдың басын көбейтіп, төл алу және ет бағытын да қатар дамытып жатырмын. Мал қарауды оңай жұмыс деп айта алмаймын. Күнделікті бағым-күтімі бар. Әсіресе, қой төлдеген кезде жұмыс біршама қауырт бола түседі. Барлық қиындықты отбасы мүшелерімен бірге еңбекпен еңсеріп келе жатырмыз,- дейді еңбекқор азамат Амангелді Асылбекұлы.
Бағдарлама қатысушысы А.Тұрмаханбетов отбасылық ортақ кәсіпті ата-анасымен және аға-жеңгесімен бірге жүргізу үстінде. Айта кету керек, ағайынды азаматтардың үлкені Арман Асылбекұлы 2021 жылдан бері «АгроАлихан» шаруа қожалығының жұмысын жүйелі жүргізіп, өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзінің мол үлесін қосып келеді. Шаруашылықта 200 гектардан астам егістік жер болса, биылғы күзгі дала жұмыстары кезінде келер жылдың өнімі үшін 60 гектарға күздік бидай егілген. Егістіктің 35 гектарына көпжылдық шөп орналасқан. Қалғанына келер жылы жаздық арпа мен мақсары дақылдары егілмек.
Шаруа қожалықта Беларус МТЗ-80, МТЗ-892.2. маркалы жер өңдеуге арналған доңғалақты тракторлар, «НИВА-эффект» астық дәнін жинайтын комбайны, ауыл шаруашылығы тіркемелері, дән себуге арналған агрегат, сонымен қатар, жер жыртып, оны өңдеуге арналған соқа, культиваторлар бар.
«Біріккен істің берекесі бар» демекші, ағайынды Тұрмаханбетовтар бірлесіп қолға алған жұмыс аз уақытта жүйелі жолға қойылып, өз нәтижесін де бере бастады. Үй маңындағы шағын шаруашылықта Шопан ата төлімен қатар, сүтті және етті бағытта ірі қара малдары бағылады. Одан алынған сүт және ет өнімдері қолжетімді бағада отандық нарыққа өткерілу үстінде.
Істің көзін тапқан ағайынды азаматтар өздерін жастайынан еңбекке баулып, ұлттық тәлім-тәрбиемен сусындатып өсірген ата-аналарына алғыстарын жеткізді. Айта кетсек, олардың ата-аналары Асылбек Тұрмаханбетов пен Пәтеш апай жастарының ұлғайғанына қарамастан әлі де еңбектен қол үзген емес. Отағасы мал қарау ісіне әлі де араласса, отанасы ауыл мектебінде техникалық қызметкер болып жұмыс атқару үстінде. Үлкен ұлы Арман отбасында келіншегі Жанна екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсіруде.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close