Basty bet

Тұрғындардың наразылығын тудырған мәселе

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараздағы қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесін енгізу жұмыстарын сынға алды. Бұған қала тұрғындарынан түскен толассыз шағымдар себеп болды.
8 қазаннан бастап облыс орталығының автобустарында электронды билет жүйесі енгізілген болатын. Ол бойынша «TulparCard» карталары барларға төлем құны бұрынғы 65 теңге деңгейінде қалса, қолма-қол ақшалай төлем 130 теңгеге өскен.
Өкінішке орай, қала тұрғындарының көпшілігі аталған картаны сатып алуға асықпаған сыңайлы. Соңғы күні ғана карта алуға ұмтылған қалалықтардың қарасы қалың болып, салдарынан сауда нүктелерінде ұзын-сонар кезек пайда болған. Карталардың таусылуына байланысты кейбір сауда орындары толығымен жабылды.
– Адамдарға жақсылық жасағымыз келді, бірақ сіздер бәрін жоққа шығарудасыздар! Дәрі алуға кезекте тұрған адамдар енді төлем картаны алуға кезекке тұруда. Бұл не масқара? Дүңгіршекте 20 ғана карта қалған, ал кезекте 40 адам тұр. Неге мұның бәрі алдын ала ойластырылмаған? – деп сұрады аймақ басшысы кездесуде жауапты тұлғалардан.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, оларға екі ай бұрын, ақшаны қолма-қол төлеп жүрген кезде-ақ, жолақысының өзгеруі туралы ескертіліпті.
– Қыркүйек айының басында азаматтар күніне ең көп дегенде 700 картадан сатып алып отырды. Ал, соңғы күні бәрі ағыла түсті, – деп ақталды басқарма басшысы.
Бұл жауап облыс әкімін қанағаттандырмады.
– Картаны қай уақытта алатынын халық өзі біледі. Бұл жерде мәселе карталардың жетіспеушілігі болып отыр. Сіздер бұл туралы алдын-ала ойластыру керек едіңіздер, енді міне, халықтың наразылығын көріп отырсыздар, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек те мән-жайды түсіндіруге тырысты:
– Тек кейбір ғана валидатор жұмыс істемейді. Төлемді бір карточкадан екі рет жасау мүмкін емес. Карталар жеткілікті, – деді ол.
Бердібек Сапарбаев әлеуметтік желілердегі азаматтардың шағымдарын көрсетті.
– Сіз тұрғындарды айыптай алмайсыз. Кінә өзімізден! Мұнда олар: «Біз қаланың жартысын айналып шықтық, карта табылмады», «Лермонтовтағы карта үшін екі әйел жұлысты» деп жазады. Мұндай шағымдар өте көп. Жоқ жерден мәселе туындатып отырсыздар және оны түзеу үшін ешқандай шара қолданбадыңыздар! – дей келе Бердібек Машбекұлы Ұлан Жазылбекке, қалалық әкімдікке, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жағдайды тез арада түзетуді тапсырды.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close