Basty bet

«Бизнеске арналған Үкімет» орталығы ашылды

Жаңа орталық арқылы кәсіпкерлер өздеріне қажетті қызмет түрлерін «Бір терезе» қағидатына сай ала алады. Енді мұнда облыстық кәсіпкерлік палатасының, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының, «Тараз», «Атамекен» шағын қаржы ұйымдарының, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының, екінші деңгейлі банк менеджерлері, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша сарапшылық топтың өкілдері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қызмет көрсететін болады.

Жаңа орталықтың жұмысымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқармасының мүшесі, басқарма төрағасының кеңесшісі Ербол Үстеміров танысты.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің дамуына кедергілерді азайту шараларын қолға алуды тапсырды. Ол үшін барлық мүдделі тараптың өзара жұмысын үйлестіру керек. Олар бірлесіп саладағы барлық өзекті мәселелерді шешіп, қарапайым тұрғындарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттандырғаны жөн. Біздің мақсатымыз қайтарымсыз гранттар мен шағын несиелер алған азаматтардың санын көбейту болып отыр. Кәсіпкерлерді өз мәселелері жайында ашық айтуға шақырамыз.
Тоқсан сайын кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша сарапшылық кеңестің отырысы өткізіледі. Онда сіздердің ұсыныстарыңыз бен талап-тілектеріңіз қаралады, – деп атап өтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
–Бизнеске арналған мемлекеттік қызметтің сан түрін ұсынып, кеңестер беру, бизнес-жобаларды кәсіби сүйемелдеу жаңа орталық жұмысының негізгі бағытына жатады,–дейді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» төрағасы Олжас Қаржауов.
Мемлекеттік органдар басқа ұйымдармен бірлесіп, инвестиция тартудың бірыңғай механизмін жасайды.
–Орталық ғимаратында кәсіпкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы да бизнесмендердің «Электрондық Үкімет» порталындағы қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Уақыт өте мұнда ұсынылатын қызметтің ауқымы да кеңейе береді, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Самат Қосалиев.
Қазір мұндай орталық Алматы, Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласында жұмыс істейді.
Дәл осы күні Тараз қаласындағы «Достық» үйінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша сарапшылық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңес қатысушылары өңірдегі бизнес ахуалды жақсартуға бағытталған шаралары мен жергілікті жерде кәсіпкерлікті дамытуға кедергі болатын өзекті мәселелерді талқылады.
Басқосу барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров кәсіпкерлік қолдаудың Жол картасына қол қойды.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close