Basty bet

«Өмір барда жылаймын, қуанамын…»

Желауыздар өкіртеді өсекті,
Жемқорларың ортақ малын жесе епті.
Сезім шіркін икемдесе бойыңды,
Ақша шіркін жақсы көрер есепті.
* * *
Өмір бастан бара жатыр күнде өтіп,
Мына бізге созғансумен қол ұшын.
Өлмеген соң тірі жүру міндетім,
Адамдығым – айқыны анық борышым.
* * *
Жайын ойлап бала-шаға, туыстың
Соңдарынан салпаңдаппын әр істің.
Сөйтемін – деп қанша мәрте «у» іштім,
Сөйтемін – деп талай рет «зәр» іштім.
* * *
Жер үстіне жүрміз жаппай үйіліп,
Былайынша ішіндеміз базардың…
Өткен жолы бір ініме түйіліп,
Осы жолы бір ағама сазардым.
* * *
Көрінгенді қалай, қайтіп тілдеймін,
Жансақ бассам болғаны да өзімнен.
Өңге түгел өзімді онша білмеймін,
Қараңдаршы – көрініп тұр көзімнен.
* * *
Сұрғылт түстен сұр тұманның көйлегі,
Бізден бөлек басшылардың сөйлемі.
Әр нәрсеге бас қатырып жүргенде,
Бір күндері өлтіреді ой мені,
Бір жылдары тірілткенмен ой мені!…
* * *
Көкті сойды найзағай тіліп тұрып,
Қарардаймыз шошына былай оған.
Ашынғандар – құдайын ұмытты құп,
Тасынғанның біразы құдай – адам.
* * *
Ол да менің жылтырады бетіме,
Мен де оның жылтырадым бетіне.
Бәріміз де қалыптамыз аман-сау,
Кіре-кіре дүние – кірдің к!………
* * *
Өкпе артуды қойғандаймын жиі елге,
Өз орнынан ата бермек сірә таң.
Таппай далмын кісіңді де сүйерге,
Таптырмастан арқа сүйер бір адам.
* * *
Көне алмаппын әркімдердің «шартына»,
Шіркіндерден талай көңіл қалды да.
Жоқты көрдім бұрылғанда артыма,
Көпті көрдім үңілгенде алдыма.
* * *
Әркімге де мүшел деген жас қауіп,
Барша сезім әрбір сөздің бастауы, ұқ
Өз-өзіме үлгергенше дос болып,
Айналамнан алайыншы дос тауып.
* * *
Өлең жазу жасымнан ұлы ермегім,
Шіренгенге ұқсай ма шіренгенім.
Апанына тірліктің кіріп біттім,
Жан бар ма қолтығыма кірер менің.
* * *
Не жетпек сыйлы сөзге иланғанға,
Ақындығым бұрыннан құп ермегім.
Кімдерге батар дейсің қиналғанда –
Өзімді тастап-тастап жібергенім.
* * *
Бір басыңа қайтпекпін кінә тағып,
Қайбірін дін-асылдың ұнаталық,
Сенің орның – байқаймын жұмақ жақта,
Менің орным, ұрыспашы, мына тамұқ.
* * *
(Бар ниетім зәуімен тым аққала,
Түсінбейді жайымды кім-ақ қана…)
Кісәпірден, кәпірден емес едім,
Мүмкін барып қалармын жұмаққа да.
* * *
Қайбіріңе кісі боп көп елендім,
Дәмсіздікті меңзердей мәні өлеңнің,
Қалайда да нәпсіммен сәйкестендім,
Үмітіме жалпаңдап дәмелі өңім.
* * *
Шыдамаппын ауырдың қандайына,
Өмір – майдан, шығарар күнде өтіне.
Жазылған соң «мың сынақ» маңдайыма,
Жансақтау да жатпақшы міндетіме.
* * *
Көрінсем де намысымнан өлген боп,
Тәуекелмен бірақ алға беттеймін.
Осы жаққа келейін деп келгем жоқ,
Және-дағы кетейін деп кетпеймін!…
* * *
Ырзалықпен қарадық па өмірге,
Дін атаулы жан-дүниеме дауа ма.
Арқа сүйеп көріп едім тәңірге,
Жайсыздандым сүйенгендей ауаға.
* * *
Теріс қарап міңгірледі ол маған,
Пасық неме шірігінен мүңкітті.
Пенде еді ол жөргегінен болмаған,
Мұндайлардан жақсылықты кім күтті?
* * *
Қиыннан бұл кезеңнің адамдары,
Бар болсын қыршаңқысы, қызталағы –
Қолпаштауға келгенде сараң бәрі,
Кемітуге келгенде ұста бәрі!
* * *
Жалпақ жұртқа жасаппын қайыр қандай,
Бәсекелес менімен шайыр қандай.
Қолдан келіп тұрғанда өлең жаздым,
Жақсы менен жаманды айырғандай.
* * *
Қай ойымды қайтарып алғандаймын,
Алдымды орап өмірден озып кеткен.
Жоқ күнімді несіне армандаймын,
Бір жылдары өмірден озып көптен.
* * *
Табиғат та мен сияқты ақын ба,
Жанғазы да мен секілді ақын ба,
Олар деген балапаннан сарыауыз,
Ақындыққа басын тыққан жақында.
* * *
Өткен жолы өтті өмірден бір құдам,
Қу тірлікке қолын сілтеп, түге – деп.
Келген кезде кемеңгерлік тұрғыдан,
Жұрттың дені рухани мүгедек.
* * *
Жас ұлғая салқын тартты күлкім де,
Мойындайық растан деп шынды бұл.
Аяқ алып жүре алмайсың бұл күнде,
Адамдардан екіжүзді, мыңқұбыл.
* * *
Мезгілімен суықтады күз күні,
Өтер күннің қыр соңынан көп ердім.
Қалайда да тіршіліктің тізгіні,
Қолында ғой табиғаттай шебердің.
* * *
Сөзімді айттым баршаңызға қаратып,
Қаламыма іліккеннен жыр тағы.
Жаратылыс бәрін өзі жаратып,
Ақырында бәрін ептеп құртады…
* * *
Екпіндесем аласұрған күй кешіп,
Өлең жазып басылғандай бар жыным –
Түйсігімнің үйірімен үйлесіп,
Қаламымның қарымына арзыдым.
* * *
Үміттің де, күдіктің де орны бар,
Сенімнің де, сезімнің де орны бар.
Барлық ұғым басы барға жол сілтеп,
Басы жоқты шатастырып қор қылар.
* * *
Кімдеріңді тұтар екен жұрт үлгі,
Күнәһарлар… мекен күн астын.
Әрбір адам мінезден ғой біртүрлі,
Біртүрліден өлеңі де Ілиястың.
* * *
Қашқақтасам зілі түрпі әзілден,
Көңіл құлпын ой-кілтпен жай аштым.
Қай жағыма дайындалдым қазірден,
Құр толтырып жүре бермей ай астын.
* * *
Қабағыма қарар ма екен көп – шулы ,
Қашқан құтты беретіндей кім құрап.
Өміріме өкпелімін өксулі,
Өлеңді де қайтпекшімін мың құрақ.
* * *
Ұстай-ұстай зар біткеннің бір ұшын,
Сезгендеймін шексіздіктің бұрышын.
Бүйтіп сүйген өмірім де бар болсын,
Тағдырым ше, одан әрі құрысын.
* * *
Пиғылдары тұрмаса да күрт түлеп.
Бір-бірінің артын ашып жұрт күлед(і),
Жүре бермек бірін-бірі шұқылап,
Жүре берсін бірін-бірі түрткілеп.
* * *
Бұралқы иттің құйрығы бұлғақтайды,
Тұрғандай мына менен ас дәметіп.
Мен қатсам да, ит маған тіл қатпайды,
Қартайған-ау бірталай жастан өтіп…
* * *
Жұрт өзіне мейірімі түскен сайын,
Түсіреді рахымын өзгеге кем.
Сусын да күнделікті ішкен шайың,
Тұр байлықты сондықтан көздеп әлем.
* * *
Жүрміз ғой барлығымыз аман бүгін,
Мен туралап келтірсем айтарымды.
Бетке де айттым жаманның жамандығын,
Болсын деп қай істің де қайтарымы.
* * *
Тұр дүниенің мұрыны қусырылып,
Байқап тұрмын түрі жоқ ешкімді аяр.
Басталды, әне, өкпемнің шу – сырылы,
Өмір деген тіріге бес күнгі аял…
* * *
Көре-көре өзінің әбестігін,
Көре-көре өзінің зұлымдығын.
Ендігіәрі күнәға батпастаймыз…
Сайтан өліп қалды деп мен естідім.
* * *
Кей жазғаным дәлдірүштің шатпағы.
Басбіреуі туындымнан ең мықты.
Ширыққанда, ой шіркінім қаптады,
Іштен емес, сырттан іздеп кеңдікті.
* * *
Сиқыр сезім сөйлей берер көп тілде,
Сезімталдық – түсінгенге сор қалың.
Дін-ислам, қадіріңе жеттім бе –
Жетпедім ау деп құдайдан қорқамын.
* * *
Кейде бар ғой таңқалмасқа таң қалдым,
Өлмейтіндей өліп-өшкен жандардың,
Түкке алғысыз талабынан шошыдым,
Жайын сізге айта салсам осының.
* * *
Бой ұрғаным жақсы ма сопылыққа,
Етегінен ұстайын енді ненің?
Шаршаппын опырылып, опынып та
Құшағына сыймастан кең дүниенің.
* * *
Көресімді көрсетсе құдай маған,
Шыркөбелек орнымда шыр айналам.
Тепкісіне өмірдің көнеді адам,
Хақтың да әміріне шыдайды адам.
* * *
Қазір маған сілтемесін жөн ешкім,
Өміріме араласпасын жердегі.
Мен құдайдың ойыншығы емеспін,
Сайтанның да бола алмадым ермегі.
* * *
Бар сырымды, елім, саған ақтардым,
Долбарымның айт қойсам нақты алдын,
Қарапайым халықтікі – жай өмір,
Мына өмірің өмірі үстем таптардың.
* * *
Ешкім сөзін айтпайды тақтан асып,
Жүрсің сен де әркіммен бақталасып.
Бөліп берер ешкімге дәнемең жоқ,
Неменеңе көкисің, мақтанасың.
* * *
Тірі кезде шығатұғын төр бөлек,
Кеми түссек, кіретұғын көр бөлек.
Сонша өліп-тіріліп ек, пайда жоқ –
Бет алдыңа баратырмыз өрмелеп.
* * *
Жерге тастап көрмеппін еш сөзімді,
Айтар сөзім әрі тәтті,қатты да.
Кейде өмірің өзге етеді өзіңді,
Кейде жақын тұтқызады жатты да.
* * *
Кісімсініп неменеңді қираттым,
Әсте-әсте ұятына толады ар.
Астында анау інім жатыр зираттың,
Қоңсылары тату-тәтті молалар.
* * *
Құдайдікі – мынау мұңлы ғұмыр, ұқ!…
Сайтандікі – санамдағы сыбыр, ұқ!…
Көтерем деп небір ойдың салмағын,
Бір күндері кетер ме екем жын ұрып.
* * *
Жас кезгідей тұру қайда шалқайып,
Әрең алып жүрмін бе әзір өзімді-ей,
Сыртқы түрім тұрғанменен қартайып,
Көңілім менің 41-дегі кезімдей!
* * *
Қай ісіме ырзалықтан күлемін,
Ойсыздікі – гүл жайнаған бұл өмір.
Өз орнына қашан түспек жан-дүнием,
Қашан дұрыс дүрсілдердей жүрегім.
* * *
Сенбеу керек еш сөзге барып көрмей,
Сөз құралмас біртіндеп әріп термей.
Мен жоқ кезде менің бар өлеңімді,
Жанғазы ұлым өлтіріп дәріптердей.
* * *
Баратқандай бір жаққа заман да «өрлеп»,
Болымсыздар тартқандай бар азабын.
Бар қызығын өмірдің арам көрмек,
Уақыт жалап адалдың жара жанын.
* * *
«А-на оңбағыр тұқымынан аярдың,
Мынаусының нағашысы жәдігөй».
Қайбіріне құшағымды жая алдым,
Ішкі түйсік деуін маған деді ғой!
* * *
Жатырмын сол баяғы үйде тұрып,
Жас кезде адам біткен салқам-сері,
Жас кезде адам біткен емін-еркін,
Қартайса, күн өткізбек үйде отырып.
* * *
Қай «жырымды» айтайын өзге саған,
Пысық ұқпақ тұрмыстың түзік хәлін.
Өзіме ыстық білгелі ес босағам,
Төреңнің де төріне қызықпадым.
* * *
Жарар еді жалғаннан жалықпасам,
Қай сорымнан басымды алып қашам,
Өз орнымды кей шақта білмей қалам,
Шарпуымен шабыттың «шалықтасам».
* * *
Көрінгенді жақсының сөкпейді іші,
Кімнің хәлін қатырмақ өзі бейбақ.
Басқаларды ойлауға жетпей күші,
Әр пендең жүр бұл күнде өзін ойлап.
* * *
Маған ол ше, көрсетті білген пейлін,
Жармасқанда жағама қатты қайғым.
Құп сағынып қазірде жүргендеймін,
Бөрі тектес баласын Сәттібайдың.
* * *
Өзім жүрмін көлемінде кеуілдің,
Әрбір ісіме беріп жиі таза мән.
Өлең маған сіңіскелі елу жыл,
Мен де өлеңге айналғалы не заман!
* * *
Ақылы ерте жатып, кеш тұратын,
Қоғамың саналардай сірә қорға.
Көп көптің жады-есіне ешбір хәкім,
Жарытып жасай алмас реформа.
* * *
Бойыңдағы жігерді өзің бекіт,
Сонда ғана келердей жөнге өлермен.
Игілікті көретін өзіңнен күт,
Ағаттық күту оны өзгелерден.
* * *
Түпкірлеп кім ойламас теңге жайын,
Доллар – мықтың ақшадан ең қожайын.
Ғаламды тырп еткізбей билеп тұр ол,
Уақыт сайын қанатын кеңге жайып.
* * *
Сен де сүрдің өмірді,мен де сүрдім,
Бетін ашып тастасам демде сырдың.
Сен деген өктемдіктің өкілісің,
Мен бе, мен өлең жазсам кең көсілдім.
* * *
Шамамның жеткенінше мен де өзіңдей,
Ретсіз басыма сөз келтірмеймін.
Кәдімгідей көлпалмын кең кезімде-ей,
Мәрттігімді жайдан жай өлтірмеймін.
* * *
Ғұмыр бізді қойды ғой детектетіп,
Қай жағына қадамды бастық нағыз –
Біресе қара жердің үстіндеміз,
Біресе қара жердің астындамыз.
* * *
Көз салмадық тіріміз, тірімізге,
Басыбайлы құл болып пәленге а-на.
Былайша біріміздің бірімізге,
Бөліп берер «дүниеміз» сәлем ғана.
* * *
Мендік өлең ар-нама да, зар-нама,
Сәл шатақтау маған тартқан мінезі.
Өлеңіме керек емес жарнама,
Өзін-өзі жарнамалап тұр өзі.
* * *
Өзекті мәселеден өмір деген
Қанын жалар бейбағың битін сығып.
Өзім де қазір сирек көңілденем,
Жүргендіктен күніге итім шығып.
* * *
Бар үмітім оянса мида, қанда,
Тапты өзін өрелі ойым өмірден тек.
Шабыт – күшім бойыма сыймағанда,
Онысымен қоямын көңіл емдеп.
* * *
Шыбын жаным жүр он екі мүшемде,
Әсіресе рух бойғы күшімде.
Әркімменен тайталасқа түсем де –
Мұның жөні өмір сүру үшін бе?
* * *
Ширыққанда шығамын демде қызып,
Дүр сілкінер мейілінше көңіл – хәлім.
Назар салсаң ойларға мендегі үзік,
Сәлде болса ұқпақсың өмір мәнін,
Оқырманым!
* * *
Жаппар ием, құдайдансың әйгілі,
Ауып біткен құлдарың көп жерде есі.
Көтере алар заттан ғой деп қайғыны,
Үйіп-төгіп бізге уайым бермеші,
Жаратқан ием!
* * *
Әрбір күнім алдына асығулы,
Желаяқтың артынан құп еремін.
Ойлар шаба бастаса басыма улы,
Бірталайын ұмытып жіберемін.
* * *
Дәурен де артта қалды арақ ішкен,
Шақтар да бастан өтті шарап ішкен.
Шашылады, ақыры басылады –
Жастық шақ қайда бармақ қара күшпен.
* * *
Қыруар уақыт өтеді қыр асқанша,
Бастағы дерт – о бастан қалың қайғым.
Құл екенім өзіңе рас болса,
Қалайша, құдай, саған жалынбаймын.
* * *
Қартайғанда денеңде күш тұрмайды,
Еш пендеңе ұлы уақыт пысқырмайды.
Сүймейсің бе өмірді, сүйесің бе –
Оныңды ол құйрыққа қыстырмайды.
* * *
Тұр үстімде көкпеңбек көгілдірім,
Тап-таза тәрізді еді өмір бұрын.
Қазіргі ішкі дүнием кірлеп лайсаң,
Кім тазартып берердей көңіл кірін.
* * *
Күлбеттенген түрлі ойдан жерінесің,
Мынаусына бастадық тағы улана –
Махаббат па қосылу өліп-өшіп,
Арты оның бала-шаға бағу ғана.
* * *
Кішіктіктің бекерге «сізі» өлмейді,
Қаһарланып қыс түспей күз өлмейді.
Мың жерден Абай хәкім жөн сілтесін,
Пенде атаулы оп-оңай түзелмейді.
* * *
Бүгін де білетін кем сөз қадірін,
Сөз қадірі дегенің өз қадірің,
Бәлкім сонда жарырсың оқырманға,
Айтарыңды уақыттан қозға бұрын,
Жазармандарым!!!
* * *
Алдын-ала жеп кетпес ақыңды әркім,
Даңқ-атаққа жеп-жеңіл жақындар кім.
Жазушыңды бүгінде жазушы оқыр,
Қызық па оқып жатса ақынды ақын.
* * *
Жаратылыс шешуі кем зар жұмбақ,
Теңестірмес қысқа менен ұзынды.
Қаусаған шал бозбалаға қалжыңдап,
Деп қояды: «қызыңды ма, қызыңды!…»
* * *
Жия алмастан тұр аспан нау етегін,
Тұр үстінен найзағай дүре соғып.
Табиғатқа біресе тәу етемін,
Құранды да отырам біресе оқып.
* * *
Танауыңды, Көке, көкке көтерме,
Көрсетпегің мұрыныңның қаспағын.
Қайтпекшісің мына өмірден өтерде,
Мына өмірдің барлық сәті қас-қағым.
* * *
Әкімдерге ұмсынамыз «әкелеп»,
Қалғанына жұғысамыз «жәкелеп».
Әлпештеудей әлпештедік билікті,
Бізді олар да көрсе екен «мәпелеп».
* * *

Құдіреттің қарап қоям күшіне,
Сайтанның да қарап қоям күшіне.
Екеуінің арасында жүр басым,
Марқұм балам жиі кіріп түсіме.
* * *
Лауазымның сүйенбеппін күшіне,
Қулардың да сүйенбеппін күшіне.
Ешкімге де зияны жоқ жан едім,
Енді олардың мына менде ісі не?
* * *
Сопыларың сұлбасы бәңгі – мастың ,
Кей дітімен қияли келіспедім,
Кір ойым жүр басында қаңғыбастың,
Бір ойым жүр қасында періштенің.
* * *
Бұрынғымның ішінде өліп қалсам,
Қалауымен жаңа ойдың тірілермін.
Алып жүрген жандар да қара басын,
Қатарында, меніңше ірілердің.
* * *
Барар жері тіріңнің өлім дейміз,
Ас ауқатқа келгенде ерінбейміз,
Жыртықыш аран бір-бірін қорек еткіш,
Біз де бос қара жерге желінбейміз.
* * *
Сылқым ойдың сыймайды қылығы ішке,
Бүлігінің келгендей түрі түске…
Өң мен түстің бұл өмір аралығы,
Бәрі түгел бас ұрмақ Ұлы күшке!
* * *
Құран сөзін құнтыммен құп аламын,
Өмір барда жылаймын, қуанамын.
Жөні де сол – елге емес етектегі,
Бір құдайға қол жайған дуанамын.
* * *
Ақырғы дем дауасыз дара тыныс,
Мұның жөні таныс жай жамиғатқа –
Келмесіңе қоймайды жаратылыс,
Өлмесіңе қоймайды табиғат та.
* * *
Қызыл-құлқын болмақшы қайтіп ізгі,
Нәпсі алып қойған соң пейлімізді,
(Тұрғанда бәрін біздер жеп бітірмей…)
Жейтін жер жөніменен жейді бізді.
* * *
Үйді айналып өтпейді ол қораны,
Бұрынғыдай буырқанса зор әлі,
Дүрліктіріп жібереді дүниені,
Үдегенде Жуалының бораны.
* * *
Ақын емес өлеңшінің көбі анық,
Жүр әншейін бірталайы күшеніп.
Тарпаңдардың санатынан Томанов,
Үлектердің қатарында Б.Үсенов.
* * *
Мен де ақыны саналсам да «жер-көктің»,
Әлі күнге дақпыртқа еріп көрмеппін.
Назарларың ауа түссін бар маған,
Жар астынан сығаласа жарнамам.
* * *
Мүсіркеп қарай салса маған пенде,
Есіркеп көз тастаппын оған мен де.
Бұ дүниең көз күлердей жап-жақсы ма,
О дүниең ел көрместей жаман ба әлде.
* * *
Көзайымым ту көктің көгілдірі,
Сөзім өтіп көрмепті өмірге ірі.
Қай жылы Абай айтқан «Адам» болып.
Тазармақшы шайдай боп көңіл кірі.
* * *
Саналғанмен бұл өмір тойдың бірі,
Ұзамаспыз алысқа аз арманмен.
Қай жылдары тазармақ ойдың кірі,
Бойдың кірі моншамен тазарғанмен.
* * *
Ойлылар бұл жалғанды «сынақ» дейді,
Ойсыздар жылтыраған «сынап» дейді.
Әрбірі де дұрыстар өз айтқанын,
Лебіздерін ұнатпа, ұнат мейлі.
* * *
Жауыз жүр жыртқышыңды жыртамын деп,
Вирус тұр тұқымыңды құртамын деп…
Дегеніне олардың бой бермедік,
Жаман-жұман жосықсыз ойға ермедік.
* * *
Бал толып тұр қарасам бір кесемде,
У толып тұр қарасам бір кесемде
Бұл өмірді сүргеннің арманы жоқ,
Келісемін… болады сүрмесең де.
* * *
Жөн бе өзі өз-өзімді қолдағаным,
Тәңірім бере бермес әркімге айбын.
Менің де жаман ақын болмағаным,
Тырнағына татысам Арғынбайдың.
* * *
Оң қабақпен кіміңе қараспадым,
Ауылдамын, бәріңнің ішіңде өстім.
Менің де ой ішілік бар аспаным,
Кейде анау палуан таулар пішіндеспін.
* * *
Өмірдің несін алдым, не беремін,
Көлеңкемнің соңынан көп еремін.
Әкесі оның өз балам болғанымен,
Шатақ мынау мінезі немеремнің.
* * *
Іштім талай көже етіп жасымықты,
Бола бергей әр істің басы құтты.
Біз деген бір Аллаға құлымыз да,
Пайғамбарлар ғана тек досы мықты.
* * *
Көңілімнің таптым ба күніге ебін,
Айтарым да осында, міне, менің,
Жанымды ұғар қарсымнан жан табылса
Әкетайлап алдынан жүгіремін.
* * *
Тірі кезде сүрінем, бүгілемін,
Үңгіріне ғайыптың үңілемін.
Жаңғырық ой жаныма не берердей,
Қарап тұрып бәрінен түңілемін.
* * *
Дос боп кеттік бәріміз ақшаменен,
Бұл ақша сауда жазған жақсы-ақ өлең.
Шеберлендік табуға күнде оныңды,
Жатса да «корона» – деп қақсап әлем.
* * *
Жел жұлқыр бұлтты көктің малақайын,
Жылдар бойы жетілер бала қайың.
Тартынып ем, лезде басты уайым,
Бұла күнгі сезімнің алақайын.
* * *
Өзінше әркім мұқият әр ісіне,
Өспірімі, қақсалы, кәрісі де.
Бәрі дайын өмірдің соққысына,
Құлақ түріп өмірдің дәрісіне.
* * *
Әлі күнге онша ұқпадым мұны мен,
Таңым да бар діні берік қазаққа –
Жұмақ деген рахат па шынымен?
Тозағың ше, жан төзгісіз азап па?
* * *
Қу жаныма жетіспестен дауа кей,
Кей ісіме қарным аша береді.
Алдымды орап не дер екен сәуегей,
Әлде маған сығандар ма керегі.
* * *
Қайда кеткен қадамдарым дәл басқан,
Сыртым тоқ боп көрінгенмен ішім аш.
Өткенде бір көрген жаман түсімді,
Құдайды да ауызына алмастан
Жақсылыққа жорып берді құшынаш.
* * *
Кейде бар ғой килікпеске киліктім,
Кісінегіш «Кентаврым» қайда әлгі.
Қолтағына кіре сала биліктің,
Маралтай да жай ақынға айналды.
* * *
Алып бітті өзегімді өрт қандай,
Ақыры оның не боларын айта алман.
Болмайықшы мінсіз Хақтан қорыққандай,
Абзалы сол – қорыққан дұрыс сайтаннан.
* * *
Нені көрдік ұмтылғанда тіпті алға,
Үстімізден үнсіз төніп тұр аспан.
Адам бар ма әлгі ойымды құптарға,
Бақыт бар ма мына өмірде растан?…
* * *
Әлем атты құтханамда құт бар ма,
Кең дүниеңді кім сыйғызбақ сөзіне.
Абайды Абай еткен ұлы Мұхтар ма,
Әлде әкесі Құнанбайдың өзі ме?
* * *
Бастағы өмір кімге алшы, кімге шік,
Жүрміз, әйтеу, өлмеген соң күн кешіп.
Халықтың да алды үстіне үй тігіп,
Тұрған билік бір-біріне мінгесіп.
* * *
Кімге қажет әсіреңкі ду мына,
Кімге керек есі кеткен шу мына.
Күнделікті ішіп жүрміз көбіміз,
Бір кездері Абай ішкен уды да.
* * *
Тұрмайды өмір тамашадан, қызықтан,
Бастан асты үстірттігі келте, кем
Бітімі оның былайынша бұзықтан,
Турасында – шипасы жоқ дерт екен!!!
* * *
Бар міндетін мойынына алғандай,
Жалпағынан басты вирус жалғанды-ай.
Көре-көре қу вирустың сойқанын,
Ғаламшар да төсек тартып қалғандай.
* * *
Өткелегің әр бастан тез өтеді,
Дәл осылай өткені қажет еді.
Бір-бірінен аумайтын егіз күндер,
Аяғында пендеңді мезі етеді…
* * *
Көкіректің ашылмақ көзі қайтіп,
Бұдан артық не дейін тұшымдырақ.
Жүрсем де ана жайдың сөзін айтып,
Қатырдым бергі жақтың ісін бірақ.
* * *
Олар менің бас әуремді сезбеді,
Суыма да қарамады көздегі.
Қарақұрым көп қараның ішінен,
«Өзім»дердей таппай қалдым өзгені.
* * *
Біреуіңе – бірталайдан біреумін,
Бөтендерге – көптен бері басқамын.
Сыртқа шықса дұғамдағы тілеулі үн,
Біразырақ шегіншектер бас басқайғым.
* * *
Бар теңгемді жиі жүрмін үнемдеп,
Қу ақшаға байланысты өмірім.
Ешкімге де бөліп берер дүнием жоқ,
Тек қана бар бөліп берер көңілім.
* * *
Сөз бар ма, өлең сөздің өткіріндей,
Тұрады өткірлігі тек білінбей.
Көктегі көп жұлдызға көз тастап ем,
Көрінді ол қара аспанның сепкіліндей.
* * *
Ауылда жаңалық жоқ пәлен дердей,
Дерексіздік өтпекші әлемді өрлей.
Қазір мен шеттеп қалдым әркіміңнен,
Ешкімге оқылмайтын өлеңдердей.
* * *
Бұл тағдыр бәрімізден әлі мықты,
Көздеген мақсатының дәлін ұқты.
Ауруды ауру баққан қиын екен,
Баққан ауыр тағы да кәрілікті.
* * *
Жел жүрсе төңіректі түртіп-қашып,
Біз жүрміз аурумен мылтықтасып…
Ел ішінде қағынған вирусың жүр,
Ақсақ Темір секілді сылтып басып.
* * *
Қай кезеңін жарылқар халықты құп,
Аузыңызға Алланы алып тұрып,
Қарғанамыз, қапысыз ашынамыз
Қу тірлігің жіберсе жалықтырып.
* * *
Тура сөзді жақсы көрем ең бетті,
Бұл жолы да тастайыншы кесіп, ал –
Өлім дейміз…өле салсам нем кетті,
Өмір дейміз…тірі жүрсем несі бар.
* * *
Кемірек пе өлеңімнің сәулесі,
Бәріне де тойып біттім – былаймын.
Өмір деген – әлек бастың әуресі,
Өлім деген – бейбіт күні құдайдың.
* * *
Шеттерінен қағып біткен текірек,
Жетер бізде әлі топас көкірек.
Уақыт өте бар көкірек басылар,
Оралына жолы түспей екі рет.
* * *
Шыбын жаным шыжғырылған кәуап па,
Тірі жүру – обалдан ба, сауап па?
Бертіндері алаңдаумен күн кештім,
Біреу келіп тартатындай жауапқа.
* * *
Бәле болды короновирус деген,
Жері жоқ ол сабаздың кіріспеген,
Ғаламшарды ұстап тұр уысында ол,
Айналысып жатқандай ірі іспенен!!!
* * *
Ой үйірін бастадым ба көгендей,
Осы жылы жарық көрсе қолжазбам,
Алдыма Ілияс түсіп кетті дегендей,
Оған қатты тарынардай ол жазған…
* * *
Шыңғырғанда шындығымның төрінен,
Турасынан дегендеймін дерімді…
Патриоттық өлең жазып көріп ем,
Біраз тұсы өтірік боп көрінді.
* * *
Ақырында…түске айналар бастағы өң,
Сонда сірә жайбарақат жай табам.
Өткен жолы өлеңімді тастап ем,
Шарасыздан бастап кеттім қайтадан.
* * *
Шырғалаңның шырмауына беріліп,
Қайғы қапса тез суынар ыстық іш.
Күрең күздің өлеріне көрініп,
Жылдағыдан биыл ерте түсті қыс.
* * *
Жүреді өлең маған жиі сүйкеніп,
Қолға түспес оңайлықпен тәуірі ал,
Сыр бергені шығар бұ да жүйкенің,
Өлең жазбай кетсем жаман ауырам!
* * *
Мен де оның қарай бердім көзіне,
Ол да менің қарап қойды көзіме,
Мен де одан күдіктене бастадым,
Ол шіркін де құлар емес сөзіме.
* * *
Көресімді көргенімше көрермін,
Келер шаққа қосақтаулы өмірім.
Өзімдікі болғанменен төр-орыным,
Босағада отыр ауру көңілім!…
* * *
Шықсам жиі әлеуметтік желіге,
Қара қамын ойламаппын бір бастың,
Қажет сөзім керек пе деп еліме,
Өздеріңмен армансыз-ақ сырластым,
Оқырмандарым!!!

Ілияс Ахметов,
ақын.
Шақпақата ауылы

Таңдаулы материалдар

Close