Basty bet

Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді

Облыстық мәслихаттың аудандық № 17 сайлау округінен сайланған депутаты, облыстық мәслихаттағы Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Әлімбек Жұмабаев ауданымыздағы бірқатар ауылдық округтерде болып, сайлаушылардың мәселелерін тыңдады.

Нұрлыкент ауылдық округі әкімдігінің ғимаратындағы қоғамдық қабылдауға келген Райхан Ақжігітова «көпбалалы аналарға шипажайларға тегін жолдама беріле ме?» деген сауалмен қайырылды. Келесі тұрғын Сәбит Құлбаев ауылда спорт объектісіне арнап наурыз айында жер бөлінгенін, ол «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен салынады» дегенін, алайда, бүгінгі күнге ешқандай құрылыс жұмыстарының басталмағанын айтып, осы мәселеге қозғау салуын өтінді.
Қабылдауға үшінші болып енген «Гамбург» ЖШС директоры Егор Кохтың сауалы әлдеқайда күрделірек болып шықты. Ауылдағы ірі өндіріс орнының бірі болып есептелетін серіктестік директорының айтуынша, іргедегі күн электр станциясының екі кезегі салынғанда, станция басшылығы ауылдың әлеуметтік дамуына атсалысуға, ауылішілік жолдардың 85 пайызына жуығын жаңартып беруге міндеттеме алған. Содан бері арада бес жыл өтсе де, ешқандай әрекет жасалмаған, тек таяуда көше жолдарын жөндеуге екі жыл қатарынан 30 миллион теңгеден бөлуге шешім қабылдап, биыл 30 миллион теңге бөлінген, алайда бұл сома ауылдың бүкіл көшесін жөндеуге жеткіліксіз. «Егер де «Бурное-солар» ЖШС екі жылға бөлінетін соманы 20 миллион теңгеге арттырып, 100 миллион теңгеге жеткізсе, онда көше жолдарын жөндеуге болар еді» деді Егор Кох.
Қызыларық ауылдық округінің Ақтөбе ауылдық мәдениет үйінде өткен қабылдауда ауыл тұрғындары халық қалаулысының назарына ауылға, балабақшаға ауыз су құбырын жүргізу секілді тұрмыстық проблемалармен қатар, аудан орталығына апаратын жолдың үш айдан бері сүріліп тасталып, мерзімінде жөнделмей, тұрғындарға қолайсыздық туғызып тұрғаны, спорт алаңшасының қажеттігі сынды өзекті мәселелер ұсынса, Ақтөбе ауылының Бәйтерек ауылындағы қабылдауда тұрғындар ауылдық округ арқылы өтетін облыстық мәндегі «Теріс-Бақалы-Сұрым-Бәйтерек» бағытындағы жолдың сапасыз жөнделіп жатқанын, өңір шаруаларының Қырғыз шекарасынан келетін ағын суға зәру болып отырғанын жеткізді.
Сайлаушылармен екіжақты тиімді пікір алмасу рухында өткен қабылдаулар кезінде тұрғындар өтініштерін мұқият тыңдап алған Әлімбек Әсембекұлы олардың шешімін сауал қоюшының өзімен кеңесе, ақылдаса келе, барлығының байыпты зерделеуді қажет ететінін, сондықтан облыстағы тиісті орындар алдында қолдан келгенше қозғау салуға дайын екенін білдірді. Мәселен, нұрлыкенттік көпбалалы ана Райхан Ақжігітованың сауалына ол облыстағы барлық көпбалалы аналардың санын, шипажайға жолдамаларға жұмсалатын шығыстарды жан-жақты есептеу, оған облыстың мүмкіндігінің қаншалықты көтеретінін ескеру қажеттігін айтса, Ақтөбе ауылының тұрғыны Ринат Жапаровтың ауылға «Street Workaut» спорт алаңшасын соғу туралы сауалына орай онымен мұндай алаңшаны қай тұстан салған тиімді болатыны, алаңшаға қажетті жабдықтарды жергілікті жерде дайындауға ауыл кәсіпкерлерінің қандай мүмкіндіктері бар екені туралы кеңесті.
Қабылдау соңында облыстық мәслихат депутаты Әлімбек Жұмабаев сайлаушылар сенімі мен аманатын ақтау депутаттық қызметінің басым бағыты болып табылатынын атап көрсете келе, облыстың, соның ішінде ауданның атқарушы органдарымен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, сайлауалды бағдарламасын орындауға әрі қарай да күш сала беретініне сендірді.
Қоғамдық қабылдауға облыстық мәслихат депутаты Әлімбек Жұмабаевпен бірге Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова, аудандық мәслихаттың тиісті сайлау округінен сайлаған депутаттары, ауылдық округ әкімдігінің жауапты мамандары қатысып, көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын бірлесіп талқылап отырды.

Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close