Basty bet
Батыр Баукеңе еңселі ескерткіш қоюға Жуалыда жер жеткілікті
Облыстық «Aq jol» қоғамдық-саяси газетінің 21 қыркүйек №110-шы санында журналист Марат Құлибаевтың «Баукеңнің ескерткіші бір бұрышта қалып қойды» тақырыбында үлкен мақаласы жарық көрді. Онда журналист Жуалының айтулы тұлғалары, батырлары туралы айта келіп, тарихи тұлға «Датқалардың датқасы» атанған Батырбек датқа Рысбекұлының ескерткішін басқа орынға көшіріп, оның орнына даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ақбоз атпен тұрған ескерткішін орналастыру жөнінде мәселе көтерген. Облыстық газет тілшісі бұл мәселені көтермес бұрын Батырбек датқа Рысбекұлының ел тарихындағы орнына терең үңілгені дұрыс болар еді.
Батырбек датқа – Шінет батырдың немересі. Аты ұранға айналған әйгілі Рысбек батырдың ең үлкен ұлы. Ол шамамен 1795-1885 жылдар аралығында өмір сүріп, халқының келешегі, діні мен тілін сақтап қалу жолында айқасып өткен айтулы тарихи тұлға. Жоңғар-қалмақ шапқыншылығында қол бастаған Рысбек батырдың бел баласы. Қоқан хандығы тұсында, кейінгі орыс отаршылдарының уақытында да, сол аласапыран аумалы-төкпелі заманда елге, халқына бас ие, пана болған тұлға Батырбек датқа болатын. Оны өз заманында өмір сүрген Арқаның атақты ақыны Шөже, Жетісу ақындарының алтын діңгегі Сүйінбай, Қаратау шайырлары Майлықожа мен Мәделі ақындар мадақтап жырға қосқан. Ал Батырбектің бабасы Шінет Қарабатырұлы Ташкентті билеген кісі.
Тарихи деректерге жүгінсек, қазақ халқының, патшалық Ресейдің, кеңестік дәуірдің тұсында дінсізденуде, өздерінің бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрлерінен тұтастай ажырап қалмауынан, мәңгүрттенуден сақтап қалған біріншіден Алла тағаланың рақымы болса, одан соң оңтүстік өңірде Батырбек датқаның, солтүстік өңірде Құнанбай қажының, тағы басқа да елге қорған болған тұлғалардың сіңірген еңбектері ересен. Ол тұста аты аталған тарихи тұлғалардың өз қаржысына салдырған мешіт-медреселері жергілікті халықтың, әсіресе, жас жеткіншектердің діни сауатын ашудағы, салт-дәстүр ұстанымдарын берік ұстаудағы үгіт-насихат, оқыту жұмыстарының орны ерекше маңызды болғаны анық. Батырбек датқа ел билеп тұрған уағында өз қаражатына Оңтүстік өңірдің бірнеше елді мекендерінде (Сайрам, Жуалы, Талас аудандарында) Самарқан, Ташкент қалаларынан күйдірілген кірпіштен зәулім, сәулетті мешіт-медреселер салдырған. Сонымен қатар, Түлкібас, Сайрам, Жуалы, Талас аудандарында суармалы егіншілікті дамыту үшін су каналдарын қаздырып, тоғандар салдырды. Батырбек датқаның қаздырған су каналдарын Оңтүстік өңірдің халқы әлі күнге пайдалануда.
Датқа туралы тағы бір дерек. Патша генералы Черняев өзінің рапортында Батырбек датқаның өте құпия тұлға екенін айтқан. Черняевтың оңтүстік өңірді басып алу кезінде экспедиция құрамында болған ротмистр Шоқан Уәлихановтың экспедициядан кетуіне Батырбек датқа ықпал еткен. Өз халқының тағдырын барлығынан артық көретін тұлға орыс патшасының полковник шенінен, басқа да сый-сияпаттарынан бас тартқан.
Замана тынысын дөп басқан кемеңгер, дана Батырбек датқа халықты ауыл-ауыл етіп орнықтырып, елді отырықшылыққа бейімдеген. Тарихи тұлғаның Жуалы ауданы Бөкейтау жайлауының етегіндегі жергілікті жұртшылық «Датқасаз» атап кеткен мекенде Кенесары хан, Тезек төре, Құнанбай қажы, Аңдамас, Мырқы қажылар, сонымен бірге, сонау Баянауыл жерінен Мұса Шорманов, Сыпатай батыр, Бөлтірік шешен, тағы басқа ақын-жыраулар, қырғыз манаптары қонақта болған. Мұндай тарихи тұлғалардың Жуалы жеріне келуі Батырбек датқа Рысбекұлының өте қасиетті әрі Оңтүстік өңірде салмағы басым тұлға екенінен хабар берсе керек. Батырбек датқа мен Құнанбай қажы 1874 жылы қажылыққа барғанда, Меккеде өзге де қазақтың игі жақсыларымен бірігіп, қаражат шығарып, үш қонақүй «тәқия» тұрғызған. Бұл оның мұсылманшылықты берік ұстанғанын көрсетеді.
Халық – бәріне сыншы. Тарих – өткен уақытқа, дәуірге баға беруші. Тауды тау ғана таниды. Тұлға қашанда тұлғаға тағзым етеді. Бұл – өмір шындығы. Олай болмаса, еліне қорған болған кемеңгер ер Батырбек датқаның әруағын даңқты қолбасшы, қазақ халқының хас батыры Бауыржан Момышұлы сыйлар ма еді?! Батырбек датқаны батыр Баукең де дана саясаткер, кемеңгер ел билеуші, стратег деп пір тұтып, әруағын құрметтеп өткен. Бұл туралы Баукең жазушы Мамытбек Қалдыбаевпен бір сұхбатында: «Қазіргі елді, халықты басқарып жүрген кісілер Батырбек датқаның ел билеудегі даналығынан үлгі алса пайдалы іс болар еді», – деген. Баукең елге келген сайын датқаның жатқан жеріне келіп, Құран оқып тұрған.
Асанбай Асқаров, тағы басқа көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері келіп, Батырбек датқаның жатқан жеріне зиярат жасаған. Жарты ғасырға жуық елімізді басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев 1971 жылы Жуалы ауданын аралағанда датқаның жатқан жеріне таяу маңға киіз үй тіккізіп, қонып шыққан. Осы сапарында аудан басшыларына қаратып: «Бұл кісіні әкем аузынан тастамай еңбегін үнемі айтып отырады. Өзін пір тұтады» деген екен Димаш ағамыз. Осыдан-ақ Батырбек бабаның өте қасиетті әрі ықпалды кісі болғаны аңғарылып тұрған жоқ па?! Ұлылардың үндестігі деген осы болар бәлкім.
Бәріне уақыт төреші. Алтын кездіктің қын түбінде жатпайтынын зымыран уақыттың өзі дәлелдеді. Кезінде шынайы тарих бұрмаланып, Батырбек датқаның елге сіңірген еңбегі һәм тарихтағы орны еш ескерілмей келді. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, 2012 жылы Батырбек Құлекеевтің Жуалы ауданына әкім болып келуімен Алла сәтін салып, Батырбек датқаның да кесенесі қайта көтеріліп, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылынан еңселі ескерткіш бой көтерді. Мен бұл жөнінде ауданның беделді әрі көзі ашық, көкірегі ояу ақсақалдарымен ақылдаса келе ауданның сол кездегі әкімі Батырбек Әбдірәсілұлына мән-жайды түсіндірдім. Көргені мол азамат Б.Құлекеев Батырбек датқаға ескерткіш орнату, кесенесін тұрғызу жөніндегі ойымызды құп алып, аудан тұрғындарын, кәсіпкер азаматтарды ұйымдастыруға күш салды.
Жасыратыны жоқ, 2012 жылы Батырбек Құлекеевке дейін ауданды басқарған бірқатар әкімдер Батырбек датқаның ескерткіші мен кесенесін көтеру туралы ұсынысымызға атүсті қарап, мән бермеді. Осыған байланысты тарихи тұлғаның рухын қайта түлету ісі кейінге шегеріліп келді. Ал Батырбек Әбдірәсілұлы ауданға басшы болып келгенде бұл игілікті іс өз шешімін тапты. Ел сыйлаған атпал азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Аталған мақалаға үн қосып, Батырбек датқа ескерткішін тұғырынан қозғау жөнінде ешбір пайым-парасатсыз пікір білдірген ауданның бірқатар қариялары қатты қателесіп отыр деп есептеймін. Аузы дуалы деген қариялардың өзі қате сөйлеп, алақандай ғана ауданның ішін екіге бөліп, әр жерде әрқалай, пәтуасыз пікір білдіріп жүрсе, артымыздан өсіп келе жатқан жастарға кім ақыл бермек? Алдымен елдің бірлігін, қасиетті Жуалы жерінде түтін түтетіп, сүттей ұйып отырған ағайынның тірлігін ойлауымыз қажет. «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар?» деген бабалар сөзін әрдайым жадымызда ұстайық.
Баукең – халқымыздың хас батыры. Қазақтың маңдайына біткен марғасқа перзенттің орны қашанда жоғары. Халық батырым деп құрметтеген тұлғаға өзі туып-өскен қасиетті Жуалы ауданының төрт бұрышынан да ескерткіш орнатсақ жарасады. Батырға еңселі ескерткіш орнату туралы идеяны күллі Жуалы жұртшылығы қос қолын көтеріп, қолдайды деп санаймын. Халық құрметіне бөленген қос тарихи тұлғаның ескерткіштері қатар тұрса, айбынымыз асып, мерейіміз тасымай ма?! Облыстық газет бетінде көтерілген мәселеге орай айтарым, Бауыржан Момышұлына еңселі ескерткіш қоюға аудан орталығына кіреберісте жер жеткілікті. Батыр ескерткішін сол маңнан тұғырға қондырсақ жарасады. Оның үстіне Б.Момышұлының 100 жылдығына орай салынған ескерткіштің маңы өте шағын. Осыны да терең зерделеген жөн.
«Ел – ебелек емес, ер – кебенек емес». Елдің иесі болса, ердің киесі болады. Батырбек датқа ескерткішін орнынан қозғау – оның әруағын қозғаумен бірдей. Осы жағын да ойлағанымыз абзал. Әрбір мәселені қозғарда ақыл-парасатқа орын беріп, терең толғанып барып шешім қабылдағанымыз дұрыс болмақ. Елдің бірлігін ойламай, «ананы ана жаққа, мынаны мына жаққа көшіре салу керек» деп ұрандатқандардың көздегені белгілі. Ел мүддесі, халықтың ынтымақ-бірлігі бәрінен қымбат. Осы жолдағы істерді атқарарда «өгіздің де өлмегені, арбаның да сынбағаны» дұрыс. Ел бірлігі мен елдігімізді ойласақ, ақ сөйлеп, адал жүрейік, ағайын!
Жарас МҰРАТАЙ,
Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті азаматы. Жамбыл облысының Құрметті ардагері