Basty bet
Екпе салдыру – маңызды мәселе
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде COVID-19 жұқтырғандардың саны 228 миллионға жетіп жығылған. Ал, одан қайтыс болғандар 4,6 миллионнан асып отыр.
Осыған байланысты коронавирус инфекциясының профилактикасы мәселесі әлі де өзекті. Бұл ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары қазіргі уақытта тіркелген барлық өлім-жітімнің 99%-і вакцина алмаған адамдар арасында болғанын айтып, дабыл қағуда.
Бұл ретте ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап біздің елімізде де тұрғындарға екпе салу жұмыстары қолға алынды. Ең біріншіден екпе салдыру – еріккеннің ермегі емес. Бұл қажеттіліктен туындаған шара болып отыр. Бұл дүние жүзі елдерін әбігерге салып, халықты дүрліктірген аты жаман індеттің алдын алу үшін жасалып отырған маңызды қадам. Кейінгі уақытта денсаулық сақтау мекемелерінде аты жаман аурудың алдын алу үшін мектеп жасындағы балалар мен жүкті әйелдерге де екпе салу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан тұрғындарына бұған дейін аудандық газет арқылы («Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газеті, №82, 09 қараша, 2021 жыл) аудан бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы М.Искаков хабарлағандай, жалпы, американдық «Pfizer» компаниясының «Комирнати» вакцинасына қатысты алаңдауға негіз жоқ.
«Комирнати» SARS-CoV-2 тудыратын коронавирустық инфекцияның алдын алу үшін мPHҚ негізіндегі КВИ вакцинасы (нуклеозидтермен модификацияланған). «Комирнатидың» құрамында иммундық қорғаныс тудыратын вирус жоқ, КВИ инфекциясын тудыруы мүмкін емес дейді мамандар.
Тағы да айта кетейік, басқарма мамандарының хабарлауынша, аталған вакцинамен КВИ-ға қарсы вакцинациялауға мына тұлғалар жатады: 1) 12 жастағы және одан асқан жасөспірімдер; 2) жүкті әйелдер (жүктіліктін 16-37 аптасы аралығында); 3) емізу кезеңіндегі әйелдер (босанғаннан кейінгі кезең аякталғаннан кейін (42 күннен кейін). Вакцинация ерікті болып табылады. Профилактикалық егуді жүргiзугe алдын ала ақпараттандырылған келісіммен ғана жүргізіледі.
Осы ретте, бізге аудандағы вакцинациялау жұмыстары туралы аудандық емхананың меңгерушісі Еркебұлан Көмек таратып айтып берген еді.
-Ағымдағы жылдың 19 қарашасынан бастап ауданда (03 желтоқсан, 2021 жыл) (Пфайзер) “Комирнати” вакцинасы салына бастады. Соңғы мәліметке сәйкес, осы күнге дейін аталған екпені жалпы 198 адам салдырды. Оның ішінде, 183-і 12 мен 17 жас аралығындағы балалар болса, жүкті әйелдер – 9, алтауы емізулі аналар.
Тұрғындар арасында аталған вакцинаны егу туралы неше түрлі сұрақтар, одан қала берді, алыпқашпа әңгімелердің туындайтыны жасырын емес. Қайталап айтамын, вакцина балаларға ата-аналарының келісімімен ғана салынады. Сонымен бірге, вакцинациялау мектептерде жүргізіледі. Ата-аналардың қалауымен екпені емханада да салдыруға болады. Екпеге дейін ата-аналарының келісімі бар балалардың тізімі жасалып, екпе алдында дәрігердің қабылдауында болып, балаларда екпеге қарсы көрсетілімдер болмаса ғана екпе салынады. Екпе қабылдаған балалар 30 минут дәрігердің бақылауында болып, ары қарай үш күн медициналық қызметкердің тарапынан бақылауда болады.
Вакцинациялау екі кезең бойынша өтеді және одан соң ағзада КВИ-ға қарсы иммунитет қалыптасады, КВИ-мен науқастанып қалған жағдайда екпе алған кісілерде ауру жеңіл түрде немесе симптомсыз өтуі мүмкін. Екпеден кейінгі үш күннің ішінде балада немесе ересектерде жергілікті және жалпы реакциялар болуы мүмкін. Олар: екпе салған жердің ісінуі, қызаруы, ауырсынуы, дене қызуының көтерілуі сияқты жеңіл кері әсерлер болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бірден медицина қызметкерлеріне жүгіну керек. Екпе салу туралы аудан мектептерінде ата-аналармен үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр,- дейді аудандық емхана меңгерушісі Еркебұлан Бердалыұлы.
Аудандық орталық аурухананың вакцинациялауға жауапты эпидемиолог дәрігерлердің сөзінше, ауданға «Pfizer» компаниясының «Комирнати» вакцинасының жалпы 420 дозасы жеткізілген. Қазір одан 222 доза қалып отыр.
Одан бөлек, аудандық орталық ауруханада тұрғындарды ревакцинациялау жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Оны ағымдағы жылдың ақпан айында ең алғаш болып індетке қарсы вакцина салдырған 30 медицина қызметкері алып үлгерген. Мамандардың айтуынша, «Спутник-V» екпесін қабылдағандар тоғыз айдан кейін ревакцинациялаудан өтулері тиіс. Ал бұл бойынша екпенің басқа түрін салдырғандар алты айдан кейін ғана екпені қайталап салдыра алады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»