Basty bet

Елдігіміздің нышаны

Әрбір мемлекет үшін отаншылдық рухта тәрбие беру әр азаматтың мемлекетімізге, оның даңқты да қиын тарихына, алдағы болашағына өзінің қатысты екендігін сезініп, ойлануынан бастау алады. Бұл міндеттің күрделілігін Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «….Бұл міндет білім берудің және басқа да қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне тіптен әрбір отбасына қатысты. Ал, оны елдің Туын, Елтаңбасын, Гимнін қастерлеп, құрметтеп, тәрбиелеуден бастау керек екендігін әрбір адам бала кезінен: «Қазақстан –менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын!» деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн» -деген арнау сөзін Қазақ елінде тұратын және оны өз Отаным деп білетін әрбір азамат жүрегінің терең түкпіріне сақтап, қашанда жадында ұстауы керек. Бұл баршамыздың туған ел алдындағы перзенттік борышымыз.
Әрине, мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеп, құрметтеу үшін, алдымен мемлекеттік рәміздер туралы терең түсінік болуы тиіс. Қазіргі уақытта мемлекеттік рәміздерді білмейтін адам кемде-кем шығар. Себебі, Мемлекеттік рәміздер мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиелік жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Осы орайда, әрбір жас буын жеткіншектің бойына Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы түсініктерін қалыптастырып, оларды отансүйгіштікке, адамгершілікке, Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің Туын, Елтаңбасын, Гимнін қастерлеп, халқының тарихын білуге тәрбиелеу мақсатында биылғы жаңа оқу жылына жоспар бекітіліп, жұмыстар тұрақты ұйымдастырылып отырады.
Атап айтатын болсақ, жаңа оқу жылының басында барлық сыныптарда тұрақты түрде «Мемлекеттік рәміздер тарихы» тақырыбында сынып сағаттары өткізілді. Сонымен қатар, «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық абырой» атты «дөңгелек үстел», «Рәміздер – тәуелсіздік белгісі» тақырыбында эссе, «Мемлекеттік рәміздердің тәрбиелік мәні» тақырыбында шығарма, «Желбіресін біздің – Ту» спорттық іс-шаралар, «Тұғырлы туым -тәуелсіздік белгісі» атты көрме, «Мен елімді сүйемін!» тақырыбында патриоттық ән байқауы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Мемлекеттік рәміздер -елдігіміздің нышаны» тақырыбында түрлі іс-шара өткізу тұрақты түрде жүйеге қойылған.
Қорыта келгенде, еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылуы тиіс.
Арайлым Мәтенова,
№2 Мыңбұлақ орта мектебінің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Close