Basty bet

Адамзат өркениеті мен рухани құндылықтарының биік шыңы

Әлемдік мәдениеттің құрамдас бөлігі болып табылатын мұсылман мәдениеті адамзат өркениетінің даму тарихында маңызды рөл атқарған әрі бүгінге дейін түрлі әлем елдерінің түрлі өмір аясына әсер етуін жалғастыруда. Осыдан мұсылмандық Шығыс халықтарының рухани құндылықтарын философиялық зерделеуге деген табиғи ұмтылыс пайда болып отыр.

Ортағасырлық ислам мәдениеті мен философиясы өз дәуірінен озып, қазіргі күнде де адамзат игілігі үшін қызмет етуде. Екінші ұстаз атанған әл-Фараби сынды ғылымдағы ірі тұлға арқылы қазақ халқы өзін мақтан тұтады. Ол өзінің керемет философиялық ілімдері арқылы түркілік ойлау, түркілік дүниетаным, түркілік интеллект мүмкіндігінің қаншалықты жоғары екендігін бүкіл Еуропаға паш етті. Ортағасырлық Ислам ренессансының Еуропа ғылымына жасаған ықпалы еуропалық ренессанс дәуірінің басталуына алып келіп, әсіресе, жаратылыстану ғылымдарының дамуына жасаған әсері еуропалық өркендеу дәуірінің бетін ашты.
Философия арнайы заңдар мен аргументтер, дәлелдерге негізделіп жасалатын болса, ал дінде осындай айғақтар мен дәлелдердің үнделуі мен бұйырылуы түрінде көрініс береді. Жоғарыдағы сөздерді қорыта келе, әл-Фараби философияны дінмен салыстырғанда алғашқы бастама ретінде атап өтеді. Әл-Фараби бұл жерде философияның алғашқы бастама болуын оның ең бірінші әрі айқын артықшылығы етіп көрсетуге тырыспайды. Бірақ ол философияның дінмен салыстырғанда пайда болу уақыты тұрғысынан алғашқы болуымен қатар ол барлық жағынан діннен жоғары тұратынын айтып өтеді. Әл-Фараби тіршілікте философия мен дін арасында ешқандай қарама-қайшылық көрмегендігін көрсетеді. Оның басты мақсаты – философия мен дінді татуластыру.
Әл-Фараби өзінің «Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат» еңбегінде Аристотель философиясын меңгеруге қажет болатын тоғыз шарт жайлы өз пікірін ортаға салды.
Бұл ойларды түйіндеп айта келгенде, әл-Фарабидің пікірінше, ғылым мен философия адамы болу үшін қойылатын ең бірінші талап, ол адамның жан тазалығы, ар тазалығы, адамға, өз халқына деген таза махаббат, ғылым мен білімге деген құштарлығы мен берілгендігі. Бұл шарт орындалмаған күнде адам философияны үйрене алмайды, үйрете де алмайды деп көрсетеді әл-Фараби.
Әл-Фарабиді дүниеге танытқан музыка теориясына арналған шығармаларының бірі «Музыканың үлкен кітабы» еңбегі болып табылады. Ғұлама бұл еңбекте математикалық тәсілдер пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, нотаны алғаш дүниеге келтірді. Фарабидің бұл еңбегі ХV ғасырда латын тіліне аударылып, Еуропа музыка ғылымы мен өнерінің дамуына үлкен әсерін тигізді.
Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық рухани дүниетанымына келетін болсақ, этиканы ол ең алдымен жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөніндегі концепцияларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Ғұламаның этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Фараби жасаған қорытындының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде. Фарабидің гуманистік идеялары әлемге кең тарады. Ол ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді. Фараби көркемдік сұлулық хақында былай дейді: оның пікірінше, көркемдік өмір шындығының өзіне тән қасиет, ол болмысты нақты түрде бар құбылыстардың, әлеуметтік өмірдің көкейдегі елесі. Көркемдік адамның денесі мен рухани жан дүниесінің адамгершілік қасиетінің сұлулығын көрсететін белгі деп санайды.
Фараби «Бақыт жолын сілтеу» трактатында: Бақытқа, оған жетуге бастайтын жолға айрықша назар аударады. Әл-Фараби өлгеннен кейінгі баянсыз бақыт туралы емес, тірі адамның бақыты туралы айтады. Оған жету үшін адам өзін-өзі жетілдіре отырып, қиын жолдан өтуі керек.
Адамның табиғи қабілеті өздігінше жақсы қылықты да, жаман қылықты да істеуге бірдей мүмкіндік береді.
Адамның жетілуі мінез-құлықтың жетілуімен үйлес келеді, осыдан келіп бақытқа жету мен мінез-құлықтың жетілуі арасында байланыс туады.
Бір сөзбен айтқанда, Фараби адамдардың көздеген мақсатына жетуі оның өзіне ғана байланысты екенін айтады. Адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс екен, адам ақиқатты, тек айналадағы дүниені танып-білу арқылы жетіледі деп түйін жасайды.
Әл-Фарабидің азаматтық саяси, адам, қоғам жөніндегі ойлары да, өзінің «Фусул ал-мадани» «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» трактатында қаралады. Бұл трактаттың тақырыптары әртүрлі болса да негізінен бір мақсатқа – адам мен қоғамның ара-қатынасы, оның жетілуіне арналған. Еңбектің өзіне тән бір ерекшелік сипаты – денелік және рухани құбылыстардың салыстырылып отыратындығы.
Фараби «Азаматтық саясатта» адам қоғамдарын талдауды қаладан бастаса, «Нақыл сөздерде…» ол мұны ең кішкене ұядан – отбасынан немесе үйден бастайды. Аристотель сияқты ол үйді бірнеше бөлікке – ері мен әйелі, қожайыны мен қызметшісі, ата-анасы мен баласы, мүлкі және иесі деп бөледі. Үйдің өзіне тән мақсаты болады, бірақ қаланың бір бөлшегі болғандықтан ол қала белгілейтін ортақ мақсатқа қызмет етуге арналады. Сөйтіп бұл арада адамның өз басының мүдделерін қоғам мүдделеріне бағындыру туралы пікір айтылады. Бұл жерде Фарабидің қала дегенін мемлекет деп түсіне отырып, оның ойларынан үлкен азаматтық гуманизмнің биік көріністерін табамыз. Мұнда тек жеке басының мүдделері ғана емес, қоғам мүдделерін жоғары санауы үлкен бір азаматтықтың, адамгершіліктің қасиетті көріністері деп білеміз.
Әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есептейді. Өйткені, жақсы істер істеп, мұның төлеуін күтсе, адам бұл істерін жамандыққа айналдырады.
Әл-Фарабидің ғылыми ой-пікірлері өзінен кейінгі дәуірдегі Шығыс пен Еуропа халықтарының философиялық, эстетикалық, қоғамдық этикалық ой-пікірін және өнердің дамуына, жалпы рухани құндылықтардың дамуына әсер етіп, үлкен ықпалын тигізіп отыр. Ұлы өркениет философы Әбу-Насыр әл-Фараби рухани әлемі – адамзат өркениеті мен рухани құндылықтарының биік шыңы.

«EGEMEN QAZAQSTAN»
газетінде жарияланған мақала негізінде
дайындаған Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close