Basty bet
ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ
…1970 жыл бастала салысымен сол кездері біздің ұғымымызша әлемдегі алып мемлекет болып саналатын Кеңес Одағының жұртшылығы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 25 жылдығын жоғары деңгейде мерекелеуге байланысты ұйымдастыру жұмыстарын бастап кетті. КСРО-ның барлық қалалары мен ауылдарында Ұлы жеңісті дәріптейтін ұрандар мен плакаттар ілініп, теледидарлар мен радио желістері және одақтың барша газет-журналдарында Кеңес Одағының неміс-фашистерін жеңудегі ерліктерін паш етер әртүрлі жанрдағы мақалалар жарияланып жатты. Тіпті одақтық, республикалық, облыстық, аудандық мерзімді басылымдар айтулы мерекенің құрметіне орай конкурс жариялады. Солардың арасында біздің Жамбыл облысы, Жуалы аудандық «Jańa ómir» (орысшасы «Новая жизнь») газеті де бар еді. Мен бұл кездері өзім туып-өскен ауылдағы Талдыбұлақ сегіз жылдық мектебінде (қазіргі С.Мұқанов атындағы мектеп) бастауыш сынып мұғалімі едім. 1967 жылы орта мектепті бітірісімен аталған мектепке орналасқанмын. Сол уақыттарда өзіміздің Жуалы аудандық «Jańa ómir», республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш», «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттеріне азды-көпті мақалаларым жарияланып тұратын-ды. Содан, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 25 жылдығына байланысты Жуалы аудандық «Jańa ómir» газетіндегі жарияланған конкурс шарттарын оқи сала, осы байқауға қатысуға бел буып, тәуекел еттім. Кейіпкерді алыстан іздегенім жоқ. Кейіпкерім – сол бір сұрапыл соғысқа бастан-аяқ қатысып, елге аман-есен оралып, ауылда қарапайым жұмысшы болып жүрген Исаев Бәйдеш атам еді. Қалам-қағазымды алып, атамыздың қолы қалт еткен тұста әңгімелесіп, ол кісінің соғыс кезінде барлаушы болғанын, жараланып, қайта соғысқа кіргенін, сөйтіп, соғысты аяқтап, елге аман келгенін, қазіргі кезде колхозда жұмыс істеп жүргенін баяндайтын «Барлаушы» деген очеркімді (ол уақытта очерк дегеннің не екенін де білмейміз ғой) аудандық «Jańa ómir» газетіне жолдадым да жібердім. Араға екі апта салып, менің «Барлаушы» атты мақалам «Конкурсқа түскен шығармалар» деген айдармен «Jańa ómir» газетінде жарияланды. Қуанғаным-ай! Бәйдеш атам да мәз болды. Қысқасы, осы мақалам конкурста бірінші орын алып, ол туралы «Jańa ómir» газетінің 1970 жылғы 9-Мамыр – Жеңіс күніне арналған арнаулы санында суретіммен жарияланды. Ауылдағылардың бәрі құттықтап, абыройым бірден көтеріліп қалды. Газет ұжымы менің бірінші орынды иеленгенімді құттықтай отырып, «Қасым Әзімхановқа селолық тілші куәлігін береміз» депті. Шынымды айтсам – аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі болу мен үшін орындалмас бір арман еді ғой. Сонымен, маусым айында Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз қаласы) педагогикалық институттың филология факультетіне сырттай оқуға түсу үшін құжаттарымды реттеп, Жамбылға тарттым. Жолай аудан орталығындағы, яғни – Бурное селосындағы (қазіргі Бауыржан ауылы) аудандық білім бөлімінен оқуға жолдама алмақшы болдым. Сөйтіп, жолдамамды алып, автобекетке келе жатқанымда күтпеген жерден «Jańa ómir» газетінің редакциясы» деген жазуды көзім шалып қалды. Ойыма редакцияның «Қасым Әзімхановқа селолық тілші деген куәлік береміз» дегені түсіп, имене ішке ендім. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендейін тура қарсы есіктен толықша келген бір кісі шыға келді. Сәлемдескеннен кейін ол мені өзінің кабинетіне алып кірді. Сөйтсем, бұл кісі «Jańa ómir» газетінің редакторы – Әбдіғаппар Айтақов ағай екен. Қысқартып айтқанда мен сол күні-ақ аудандық газетке корректор болып орналастым. «Келесі жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне жіберемін», – деді Әбдіғаппар аға. Қуанышымда шек болмады. «Жамбылдағы педагогикалық институтқа барып, емтихан тапсырамын» дегенім менің газетке жұмысқа орналасуыммен аяқталды.
Редакцияның, жалпы газеттің қалай дайындалып, қалай шығатынын, оның ішінде корректорлықтан ешқандай хабарым жоқ маған алғашқы күндері бәрі-бәрі әдеттен тыс болып көрінді. Десе де, күн өткен сайын редакцияның тыныс-тіршілігімен, онда қызмет істейтін кісілермен жақынырақ таныса бастадым. Редакциядан аптасына үш реттен екі газет шығады екен: бірі – «Jańa ómir», екіншісі – орыс тілінде жарық көретін «Новая жизнь» газеті. Екеуінің де редакторы Әбдіғаппар Айтақов ағамыз. Ал, ол кісінің бірінші орынбасары – арықша келген, сұңғақ бойлы Константин Васильевич Цайзер деген қазақшасы судай, ұлты неміс азаматы екен. Одан кейінгі орынбасары, партия бөлімінің бастығы Мырзай Нұрабаев, жауапты хатшы Икрамбай Тұрғынбеков, сондай-ақ журналистер – Аман Қарабаев, Николай Кондратьевич Вершинин, Амангелді Ормантаев, Ораз Елшібаев, Адай Дүйсенбаев, А.Коробкин (фототілші), Орынкүл Бейсенбаева, Вера Карабута (корректорлар), Лида (хатшы), т.б. кісілер бар екен. Ал, менің корректорлық жұмысым – «Жаңа өмір» газеті баспаханада беттеліп жатқанда оның төрт бетін материалдардың түпнұсқаларымен салыстыра оқып, қателерін түзету. Яғни, аптасына үш күн таңертеңнен кешке дейін менің қолым босамайды екен.
Сондықтан мен аптадағы бос екі жұмыс күнімді пайдаланып, мақала жаза бастадым. Алғашында жоғарыда аты аталған тәжірибелі журналист ағаларым көп көмектесті. Әсіресе, бұл ретте мақала жазудың, жалпы журналистиканың қыр-сырын үйреткен марқұм Амангелді аға Ормантаевтың ұстаздық қамқорлығын ерекше айтқым келеді. Ол кісі қолым бос кезде мені аудан шаруашылықтарына өзімен бірге іссапарға ала кетіп, кіммен қалай сөйлесу керек екендігін, алынған мәліметтерді мақалаңа қай тұрғыдан пайдалану қажеттігін, хабар, суреттеме, очерк, қолжазбалардың жазылу тәсілдерін ерінбей, жалықпай үйретіп, кейбір материалдарымды қайта жаздырып, әрбір сөзге, әрбір сөйлемге асқан жауапкершілікпен қарауымды барынша бақылауына алды.
Сол кездегі мына бір оқиға өмір бойы есімде қалды және маған сабақ болды: Амангелді ағаның тапсырмасымен ауданымыздағы ең шеткі әрі таулы аймағына орналасқан ХХІІ партсъезд атындағы колхоздың (қазіргі Қошқарата ауылдық округі) тәжірибелі шопаны туралы мақала жазу керек болды. Өзімнің туып-өскен ауылым болғандықтан бұл өңірдің барлық адамдары, тау мен тасы, сай-саласы бәрі-бәрі таныс ғой. Ешқандай қиналмастан ауданымызда құрметке бөленіп жүрген байырғы шопан жайлы мақаламды жазып, Амангелді ағама ұсындым. Ол кісі қос газеттің («Жаңа өмір» және «Новая жизнь») партия тұрмысының меңгерушісі әрі редактордың орынбасары болғандықтан біздердің, яғни «Жаңа өмір» газетінің қазақша жазатын журналистерінің мақалаларын алдымен редакторға дейін осы Амангелді ағамыз оқып, қол қоятын-ды. Шамалы уақыттан соң Амангелді ағамыз әлгі мақаламды қолыма ұстатып тұрып:
– Мына суреттемең газетке осылай жарияланып кетсе шопан ағаңнан жақсылап тұрып сөз еститін боласың, – деді. «Тәуір-ақ жазылған мақала еді ғой» деп іштей ренжіген қалып танытып тұрғанымды Амангелді аға бірден сезе қойды да:
– Ренжіме, мақалаңда шопанның күнделікті тынымсыз тіршілігі де, жастарға берер оның тәлім-тәрбиесі мен озық тәжірибесі де, табиғат құбылысы да ойдағыдай берілген екен. Бірақ, сенің бір-екі сөйлемің тәп-тәуір жазылған мақалаңның сыйқын кетіріп тұр, – деді.
– Қай сөйлем, аға, айтыңызшы, көрсетіңізші? – дедім дегбірсіздене.
– Міне, мынау, өзің оқып көрші, сен былай жазыпсың: «Таң ата тау аңғарларынан соққан желдің екпіні күшейе түсті. Аздап ұшқындап жауған қардың соңы жапалақ қарға ұласып бара жатқандай. Соған қарамастан байырғы шопан қойларын қорадан ұзата, тау бөктеріне қарай беттетті» дейсің. Айналайын-ау, жел күшейіп тұрса, қар жапалақтап жауа бастаса, бұл дегенің боран басталудың алды емес пе? Әсіресе, ол өңірдің бораны өте қатты, табиғаты қатал, өзің білесің. Тәжірибелі шопан туралы жазып отырып, «жел мен қарға қарамастан байырғы шопан қойларын тауға қарай беттетті» дейсің. Бұл жерде сенің шопанның еңбекқорлығын көрсеткелі отырғаныңды білемін, бірақ, есіңде болсын – жел күшейіп, қар жауа бастағанда ешбір шопан, әсіресе, сен жазып отырған ауданымыздағы тәжірибелі, озат шопан қойларын қорадан ұзата жаймайды. Өйткені, аяқ астынан бұрқ ете қалатын боранның «ашуын» олар біледі. Боранда қорадан ұзап кеткен қойларды қораға жеткізу қиын болады. Ал, сен болсаң байырғы шопанды қолына кеше ғана таяқ ұстаған тәжірибесіз шопанның іс-әрекетіндей етіп суреттегенсің. Мына сөйлеміңді өзгерт, жалпы журналист сөйлем түгілі әрбір сөзіне асқан жауапкершілікпен қарауы керек, – деді.
Осылайша Амангелді ағам менің әрбір мақалама өзінің пікірін айтып, ақыл-кеңесін беріп тұрды. Кейбір мақаламды сызып-сызып, лақтырып жіберген кездері де болды. Мұндайда мен алғашқы кездері Амангелді ағама кәдімгідей ренжіп те жүрдім. Сонымды тез-ақ байқайтын Әб-аға (Амангелді ағаны кейін осылайша атап кеттім) арқамнан қағып:
– Көп оқып, көп жазу керек, – дейтін. Алғашында «бұл кісі нені оқы дейді, менің журналистік мамандығымның жоқтығын айтып тұр ма, әлде?» деп те ойланып қалатынмын. Сөйтсем, ол кісінің оқы деп тұрғаны кітап оқудан бөлек – республикамыздағы күнделікті шығып жатқан мерзімдік басылымдарды, яғни әртүрлі газеттерді оқуды айтады екен ғой. Шынында мен газеттерді оқуды Әб-ағадан үйрендім. Ол кездері республикалық «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақстан»), «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») т.б. да толып жатқан газеттер мыңдаған таралыммен еліміздің түкпір-түкпіріне тарап, еліміздің, шет елдің жаңалықтарымен жұртшылықты хабардар етіп жататын-ды. Міне, сондай газеттердің біразына редакциямыз да жазылушы еді. Неге екенін білмеймін, сол кездері хат тасушының редакциямызға жазылған басылымдарымызды әкелуін күтпестен Амангелді аға осы газеттерді (арасында Жамбыл облысының барлық аудандық газеттері де бар) поштаға барып, күнде таңертең өзі алып келуші еді. Сосын, жұмысының ара-арасында жаңа газеттерді парақтап, кейбірін шұқшия, астын сызып оқитын-ды. Екі-үш рет мені де поштаға алып барып, ол газеттерді кімнен алу керек екендігін де көрсетті.
– Менің қолым тимей жатқанда бұл газеттерді енді сен әкеліп тұратын боласың, – деді.
Бір күні мені кабинетіне арнайы шақырып алып:
– Газет әкелуді үйрендің, енді оқуды қашан үйренесің, – деді.
– Оқып жүрмін ғой, аға, – дедім.
– Жоқ, сен оқып жүрген жоқсың, шолып ғана жүрсің «Жақсы журналист болғың келсе – газет-журналдарға шыққан әрбір жанрдағы мақалаларды зерделей оқуың керек. Қай мақала қалай жазылады екен, бұл мәселеде автордың ұстанымы қалай, мақала берудің формасы қандай болу керек, т.б. да тұстарына көңіл аударсаң – өзің де тәжірибе жинақтай бересің, – деді. Міне, осыдан соң бұрындары газеттерді тек аударыстырып, парақтап ғана шығатын мен Амангелді ағамнан газет оқуды үйреніп, әрбір жанрдағы көңіліме ұнаған мақалаларды зейін қоя оқуды әдетке айналдыра бастадым және оның маған көмегі өте көп болды. «Өзім армандаған газетке орналасып, мақалалар да жазып жүрмін» деп ыстық-суығым басылмаған алғашқы кездері өлең, әңгімелер жазуға да талпынғаным бар. Мұндайда Амангелді ағам менің соншалықты ақындық шығармашылығымның жоқ екенін білсе де, көңіліме қарап, біраз өлеңдерімді түзеп, күзеп дегендей газетке беріп те тұрды. Айтқандай, Әб-ағаның оқта-текте тәп-тәуір өлең, әңгіме жазатыны да бар еді. Кейін ойлаймын, «Әттеген-ай, Амангелді аға республикалық, ең болмаса облыстық басылымда жұмыс істесе, белгілі қаламгерлермен араласа жүріп, ортанқол ақын-жазушы болып кетуге мүмкіндігі бар еді ғой» деп. Осы жайында сол кездері өзінен де сұрағаным бар еді.
– Аға, мықты журналистсіз, жазушылыққа да, ақындыққа да ыңғайыңыз бар, қаншама жастарды баулып жүрсіз, неге облыстық, болмаса республикалық басылымдарға ауысып кетпейсіз? – деймін.
– Айналайын, мені шақырған басылымдар да болды, бірақ, бала-шаға, ағайын-туыс дейміз бе, әйтеуір елден ұзап шығудың реті болмады ғой, сендер жассыңдар, сендер үлкен басылымдарда қызмет етсеңдер бізге сол да қуаныш, бақыт, – дейтін. Қарап отырсам – сол кездері Амангелді ағаның жасы 28-29-да екен ғой. Бізге ол кісінің жүріс-тұрысы, сөз саптауы, жалпы болмыс-бітімі ересек жандардай көрінетін еді. Мақалаларын да әртүрлі жанрда жазатын еді. «Бұйра толқындар», «Құс жолы», «Тау бөктеріндегі қос жұлдыз» тағы басқа да тақырыппен әңгіме сияқты жазылған очерктері мен суреттемелерін оқып, «Шіркін-ай, Амангелді аға сияқты жаза алсақ ғой» деп армандаған кездеріміз де аз болған жоқ. Ал, Амангелді ағамыз болса біздерге өзінің журналистикадағы жетістігін мақалалары арқылы көрсетіп ғана қоймай, оған жетудің қыры мен сырын үйретуден жалықпады.
Мен Амангелді ағаның қарамағында тұп-тура алты жыл жұмыс істедім. Қайда жүрсем де өзімнің журналистикадағы жолымды аудандық «Jańa ómir» газетінен бастағаныма, осында жүріп өмірлік көзқарасым мен сүйікті мамандығыма деген махаббатымның қалыптасуына және осы жолда менің бағыма қарай Амангелді аға Ормантаев сияқты ақылшы-ұстаздан тәлім-тәрбие алғаныма шүкіршілік етіп жүремін. Амангелді аға тек менің ғана ұстазым болып қойған жол, ол бүгіндері республикамызға танымал жазушы-журналистер Доқтырхан Тұрлыбектің, Талғат Айтбайұлының, Толымбек Әлімбекұлының, Талғат Сүйінбайдың, марқұм Алпысбай Шымырбайдың, марқұм Бауыржан Үсеновтың, тағы басқа да көптеген қаламгерлердің жолын ашты. Бұл азаматтар менің білетіндерім ғана. Ал, жалпы ол кісі аудандық газетте еңбек еткен 35-40 жыл ішінде қаншама жасқа қамқорлық жасап, ұстаздық етті десеңізші?! Амангелді аға әрдайым «Үйрету үшін ұрсудың, пайдалы болу үшін намысқа тиюдің түк қажеті жоқ» деген ұстанымда бола жүріп, өз шәкірттерінің еңбектен қуаныш табуларына барын салған мерейі үстем ұлағатты ұстаз, жүрегі жарқын жан еді. Ол өзінің алтын уақытын аямай, өзгенің бақытын аялау үшін өзі аудандық газетте отырып-ақ шәкірттерін баулып, қанаттандырып, алысқа самғатқан, соны өзіне жоғары дәреже санаған аяулы азамат, қаламы жүйрік журналист, көптеген кітаптар жазған қарымды қаламгер.
Қай жерде болмасын ұстаздар жайлы сөз қозғалғанда мен алдымен Амангелді ағаны бірден еске аламын. Сондайда әл-Фараби бабамыздың мына бір сөздері де ойға оралады: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуы тиіс: ол тым қатал да болмауы қажет, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет». Міне, ғұлама ғалымның осы ойлары Амангелді аға сияқты ұстаздарға арналып айтылған сияқты.
1970 жылы корректор болып орналасып, одан жауапты хатшылыққа дейін қызмет атқарған, осында жүріп аз да болса журналистиканың қыр-сырын үйренген, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түсуіме жолдама беріп, өмірлік ұстанымдарымның қалыптасуына жол көрсеткен, талай-талай жақсы ұстаздармен қанатымның қатаюына қамқоршы болған «Жаңа өмір» газетінен 1976 жылдың жазында кетуіме тура келді. Редакторымыз Әбдіғаппар Айтақов ағамызға неге жақпай қалғаным – әлі күнге дейін белгісіз. Бірақ, «Жаңа өмір» газетінен қызметтен босағаныма сол кездері өкінгеніммен, кейінірек қуанғанымды жасыра алмаймын. Алматы қаласында (сол кездері еліміздің астанасы еді ғой) 3-4 ай бос жүріп, республикалық «Лениншіл жас» газетінің (қазіргі «Жас Алаш») баспаханасына әріп теруші болып орналастым. Қысқасы, осы газетте 1976-1997 жылдар аралығында әріп терушіден бастаған мен корректор, тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқардым. Арасында, яғни 1990-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде аға тілші болып істедім. Ал, 1997 жылы шілде айында сол кездегі ҚР Баспасөз министрлігі мен Әділет министрлігіне қарайтын «Заң газеті» басылымына бас редактор болып тағайындалдым. «Заң газетінде» қызмет ете жүріп бірнеше жыл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде болашақ журналистерге сабақ бердім. Міне, осылардың барлығын жіпке тізгендей етіп айтып отырған себебім, – әрбір қызметім көтерілген сайын мен өзімнің ардақты ұстазым – Амангелді ағаммен хабарласып тұрдым. Ал, ол кісі болса қуана-қуана маған ақжарма тілектерін айтып, жұмысыма сәттіліктер тілеп жатты. «Шәкірт болып көрмеген – ұстаз болып жарытпайды» демекші осы жылдар ішінде мен де Амангелді ағамыз сияқты көптеген шәкірттерді тәрбиеледім. Қазіргі кезде солардың көбі республикамыздың түкпір-түкпірінде әртүрлі салада табысты еңбек етіп жүр.
…Амангелді ағаны мен соңғы рет 2000 жылдың жаз айында көрдім. Ол кезде мен «Заң газетінің» бас редакторы едім. Үйде бір-екі күн болып, аунап-қунап өткен өмірлерімізден әңгіме айтып, мәре-сәре болғанымыз бар. Ол кісі кетерінде сөмкесін ашып, маған «Мәңгі тірі Момышұлы» деген кітабының қолжазбасын ұсынды.
– Қасымжан, айналайын, бір түрлі айтуға да ыңғайсызданып тұрмын, өзің білесің – биыл Бауыржан атамыздың 90 жылдығы ғой. Мына шығармаларымды көптен бері жинақтап, Батырымыздың мерейтойы қарсаңында кітап етіп шығарсам ба деп едім. Бірақ, соған қаражаттың қолбайлау болып тұрғанын көрдің бе? Аудандық әкімшілік аз ғана ақша беріп еді, ол бұл кітапты шығарудың ширегіне де жетпейтін түрі бар, – деді.
Амангелді ағамның бұл кітапты тастай етіп жазып әкелгеніне титтей де күмәнім болмаса да, қолжазбаны қолыма алып, асықпай парақтап шықтым. Тіпті кейбір мақалаларын оқып та шықтым. Керемет жазылған, мөлдіреп тұр-ау, мөлдіреп. Бір артық сөз, бір артық сөйлем жоқ.
– Жарайды, аға, қаражатына алаңдамай сіз елге жүре беріңіз, Бауыржан атаның тойы қарсаңында қолжазбаңызды кітап етіп, беріп жіберемін, – дедім. Шынымды айтсам, іштей қуанып та тұрдым. Себебі, осындай ұстаздың өтінішін орындау мен үшін үлкен мәртебе еді. Мен сөзімде тұрып, Амангелді ағаның «Мәңгі тірі Момышұлы» кітабын Бауыржан атаның 90 жылдығына орайластыра шығарып, Жуалы аудандық әкімшілігіне беріп жібердім. Амангелді аға қуанып телефон шалды.
– Айналайын, Қасымжан, мәртебемді бір көтеріп тастадың-ау, енді екі жылдан кейін мен 60 жасқа толамын, соған келесің міндетті түрде, – деп телефон тұтқасын қимастықпен қоя салды.
Айтқандайын, екі жылдан соң, яғни 2002 жылы Амангелді аға менің ұялы телефоным арқылы хабарласып, өзінің мерейтойына шақырды. Бұл кезде мен ҚР Әділет министрлігіне қарасты «Заң» акционерлік компаниясының Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласындағы филиалына бас директор болып Алматыдан кетіп қалған едім. Қас қылғанда сол, яғни, Амангелді ағаның мерейтойы өтетін күні министрлікте кездесу жоспарланып, мен амалсыздан ұстазымның тойына бара алмай қалдым. Кейінірек қайтыс болғанын есіттім. Өкінішті-ақ. Бірақ, қалай болғанда да менің кішкентай ғана ауылдан шығып, аз да болса бүгінгідей дәрежелерге жетуіме, үлкен сәулелі соқпаққа түсуіме Амангелді Ормантаев ағаның өлшеусіз үлес қосқанын ешуақытта да ұмытқан емеспін. Өйткені, ол – менің ұлағатты ұлы ұстазым!
Қасым ӘЗІМХАНҰЛЫ,
«Jańa ómir» газетінің 1970-1976 жылдардағы қызметкері, республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінің бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының корреспондент-мүшесі,
Қазақстан және бұрынғы КСРО Журналистер одақтарының мүшесі,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қазақстан Журналистикасының қайраткері,
Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, халықаралық
журналист, заңгер