Basty bet
Меморандумға қол қойылды
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру, оның ішінде «Туған жер», «Қасиетті Қазақстан», «Ұлы Даланың Ұлы есімдері», «Архив-2025», «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобалары аясында жұмыс жүргізу маңызды. Орталық базасында жинақталатын ұлттық мәдени мұраны, Жамбыл облысы аумағындағы жылдар бойы қалыптасқан әдебиет, тарих, этнография, аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар және ақын-жыраулардың еңбектерімен облыс жұртшылығын, оның ішінде өскелең ұрпақты рухани дүниемен сусындату мақсатында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы мен Жуалы ауданындағы №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің басшылары өзара ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойды.
Мектеп директоры Руслан Сайлаубаев аталған орталық жұмысымен алдын-ала танысып, саналы ұрпақ тәрбиелеуде орталықтың жұмысымен мектеп оқушыларын таныстыруды, білім беру аясын кеңейтуді жөн деп тауып, орталықпен меморандум жасасуға Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиұлына ұсыныс берген болатын.
Қол қою рәсімінде Сауран Қалиұлы өлке тарихы ұлттық құндылықтарымыздың негізі екенін айтып, оны әрбір жас ұрпақ танып, білуі, қастерлеп сақтау қажеттігіне тоқталды.
Өз кезегінде Руслан Бахытұлы Шерхан Мұртазаның кіндік қаны тамған ауданға қарасты Талапты ауылының азаматтары Шерағаңның шығармаларын оқып, оны тереңінен танымаса, азаматтығына сын екенін баса айтты. Шераға бір ауылдың ғана емес, күллі қазақ жұртшылығының рухани абызына айналған тұлға. Айта кету керек, бүгінде мектептің 10-11 сынып оқушыларына вариативті сабақ ретінде «Шерхантану» пәні оқытылады. Халық жазушысының шығармашылығын бүгінгі ұрпаққа насихаттау әрбір ұстаздың абыройлы борышы деп есептейтінін де жеткізді.
Аталған келісім-шарт негізінде алдағы уақытта Шерхан Мұртазаның туған ауылы Талапты ауылындағы №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің ұжымы мен Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы бірлесе отырып өлке тарихы туралы мектептегі тарих пәнінің ұстаздарымен танымдық және саяхат сабақтарын өткізуді жоспарлауда. Онда отбасы құндылықтары мен отбасы тәрбиесін дәріптеуге байланысты кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізу, мектеп ұстаздары мен оқушылардың Шерхан Мұртазаның шығармашылығына зерттеу жұмыстарын жоспарлауда бағыттауды және өзге де Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған конференциялар мен танымдық шараларды ұйымдастыратын болады.
-Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы – тарихымызды тереңнен танып білуге, өнеріміз бен мәдениетімізді, әдебиетіміз бен салт-дәстүрімізді жаңғыртар, рухымыздың өзегі болар бірден-бір мекеме. Меморандумның мақсаты – туған өлкеміздің түлегі, ел мақтанышы, Халық жазушысы, шындықтың шырақшысына айналған белгілі қоғам қайраткері Ш.Мұртазаның шығармашылығын насихаттау. Сонымен қатар, бірлескен мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, мектеп оқушыларының тарихи ақпаратқа, білімге, мәдениетке еркін қол жеткізуін қамтамасыз етудегі ынтымақтастық.
Ұлт руханиятын дамытуға бар саналы ғұмырын арнаған Шерхан Мұртаза сияқты тұлғалар ел тарихында өте сирек кездесетін құбылыс. Әлбетте, Шерағаңның Жуалы жерінде туып-өсуі де кездейсоқтық емес. Жалпы Жуалы жерінің табиғаты қатал, осыған сәйкес азаматтары да тау мінезді, бірбеткей болып келеді. Хас батыр, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлынан кейін жұлдызы биік өлкені әлемге танытқан таутұлғалы азаматтың бірі, сөз жоқ – Шерхан Мұртаза. Шерағаның жас ұрпаққа қалдырған нақыл сөздері, әдеби мұралары, басқа да рухани дүниемізді байытатын дүниелері жетерлік. «Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады, таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады» демекші, Халық жазушысының мұраларын теңіз тереңінен сүзіп алғандай етіп, жас ұрпаққа жеткізе білсек, оқушылардың бойына сіңіре білсек, басты жеңісіміз осы болмақ,- дейді №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры Руслан Сайлаубаев.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»