Basty bet
Шағын маркетте санитарлық талаптар сақталмаған
Тәртіптің аты – тәртіп. Қазіргі таңда ел аумағында енгізіліп отырған карантин талаптарын мүлтіксіз сақтау – баршамызға ортақ жұмыс. Бұл бостан-босқа енгізіліп отырған талап емес. Пандемияға байланысты қолға алынып жатқан карантин талаптары көп жағдайда сақтала бермейтіні белгілі. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың тарапынан құрылған мониторинг топтары ауылдарға шығып, сауда орындары мен мемлекеттік мекемелердегі санитарлық талаптардың сақталуын қатаң қадағалап отыр.
Аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев жетекшілік ететін мониторинг тобы Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылында болып, азық-түлік сататын дүкендердегі санитарлық талаптарды тексерді.
Топ мүшелері «Гүлшат», «Кямран», «Айзере», «Ажар», «Әлихан» дүкендеріндегі санитарлық тазалық талаптарының сақталуына көз жеткізіп, дүкенге тұтынушыларды, ауыл тұрғындарын медициналық бетпердесіз кіргізбеу, дүкен ішінде антисептик, тағы да басқа дезинфекциялық ерітінділердің болуы, сонымен қатар, тұтынушылар арасында тиісті арақашықтықты сақтау талаптарын кеңінен түсіндірді. Мониторинг тобының жетекшісі Е.Қалмұрзаев дүкен иелеріне карантин және шектеу шараларына байланысты облыстың бас санитар дәрігерінің №39 Қаулысында көрсетілген талаптарды, одан бөлек, жалпы карантин талаптарын сақтамаған жағдайда әкімшілік айыппұл салынатынын қатаң ескертті. Айта кету керек, зерделеу барысында Шақпақата ауылында карантин талаптарының өрескел бұзылу фактілері анықталған жоқ.
* * *
Мониторингтік топ келесі кезекте аудан орталығы Б.Момышұлы ауылының Б.Сафинов көшесінің бойындағы дүкендердің санитарлық жағдайына назар аударды. Алдымен «Аян», «Салтанат» шағын дүкендеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Одан кейін топ мүшелері «Аружан» шағын маркетіне бас сұғып, онда карантин талаптарының өрескел бұзылғанын анықтады. Атап айтсақ, дүкеннің иесі мен сатушылары да тұтынушыларға қызмет көрсету барысында арнайы бетперде кимеген. Олар: «дүкенге келген тұтынушыларға бетперде киіп қызмет көрсетеміз. Тынысымыз тарылып, ауа жетпей қысылған соң, бетпердені қазір ғана шешкен едік» деп ақталды. Одан бөлек, тексеру барысында шағын маркетке кіріп-шығып жатқан тұтынушылардың көбісі медициналық бетпердесіз емін-еркін жүр. Осыған қарап-ақ, дүкен иелері мен сатушыларының карантин талаптарының сақтамайтынын оңай аңғаруға болады. Өздері бетперде тақпаған соң, тұтынушыларды да бетперде тағуға міндеттей алмайтыны анық.
Шағын маркетте анықталған карантин талаптарының бұзылуына байланысты дүкен иесінен және дүкен ішінде бетпердесіз жүрген бір тұтынушыдан түсініктеме алынды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»