Basty bet
Елдің даму деңгейін білгің келсе, статистикасына үңіл
Қараша айының алғашқы онкүндігінде еліміздің статистика саласының мамандары кәсіби мерекесін атап өтеді. Бұл атаулы датаның тарихы сонау 1920 жылғы 8 қарашадан басталады. Қазақ АКСР үкіметі Қазақстандағы бірыңғай орталықтанған статистика жүйесінің бастауы болған «ҚазАКСР-дегі мемлекеттік статистика туралы ережені» қабылдады. Содан бергі арада өткен 100 жыл ішінде бұл күн еліміздің статистика саласы үшін тарихи дата болып белгіленіп, кәсіби мерекелер қатарына енді.
Жуалы аудандық статистика басқармасын ағымдағы жылдың маусым айынан Ерлан Тыныбеков Нұрмаханұлы басқарып келеді. Басқарма басшысының айтуынша, статистика мемлекет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды деп есептейді. Себебі, кез келген өңірлік, ұлттық жəне əлемдік деңгейдегі статистика саяси жəне бизнес шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ мемлекеттің əлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де аталған саланың рөлі зор. Əсіресе, мемлекеттік басқару органдарының, халықты еңбекпен қамту жəне жұмыссыздық, кедейшілік, баға, халықтың əл-ауқаты, инвестиция, төлем теңгерімі, сыртқы экономика жəне тағы басқалар жөнінде сапалы жəне жедел статистикалық ақпараттардың мемлекеттік статистика жүйесінде өзіндік орны бар.
Мемлекет статистикалық мəліметтер бойынша түрлі салалар мен ведомстволардың жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік алады. Сол арқылы бюджет бөлінісін де реттейді. Мемлекеттен басқа статистикалық қызмет жұмысына түрлі ұйымдар мен бизнес құрылымдар да жүгініп жатады. Сондықтан да статистердің жұмысы нақтылықты, талдаудың дұрыстығын талап етеді.
Бір сөзбен, статистика мемлекеттік органдарды қажетті мəліметтермен қамтамасыз етеді. Дегенмен, ол белгілі бір көрсеткіштердің айнасы болып қана қоймай, шешім шығару үшін де маңызды рөл атқарады. Сондықтан статистика саласы əлеуметтік-экономикалық құбылыстарды талдауды өзіндік əдіс-тəсілдер, ережелер жиынтығы арқылы жасайды. Тіпті оны басқа да ғылымдар өз зерттеулерінде, тəжірибесінде қолданатынын ескерсек, статистиканың біздің өмірімізде алар орны зор екенін байқаймыз.
Өзінің құрылған бір ғасырлық уақыттың ішінде статистика жүйесі заман талаптарына сай өзгерді. Бүгінгі таңда бұл салада заң жүйесі, нарықтық экономика елдеріне сай статистика салалары, статистикалық əдістемелері бар. Сонымен қатар статистика жасау үшін қажетті заманауи технологияларды енгізу жұмыстары да сəтті жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік статистика – статистикалық ақпаратты жинау мен өңдеудің орталықтандырған жүйесі. Бүгінгі статистика жүйесі мен оның өңірлердегі құрылымдары осы саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асырушы өкілетті орган саналады жəне елдегі бүкіл статистикалық қызметті ұйымдастырып, үйлестіріп, бағыттап отырады.
Елімізде мемлекеттік статистика органдарының жұмысын «Мемлекеттік статистика туралы» Заң реттейді. Осыған дейін статистикалық қызметтің дамуы Ұлттық экономика министрлігінің стратегиялық жоспарына сай жүзеге асырылып келді.
Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ҚР ҰЭМ Статистика комитеті жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің құрамындағы Ұлттық статистика бюросы болып қайта құрылып, қазіргі таңда мақсаттары мен міндеттері нақтылану үстінде. Осыған орай статистика органдарының жұмыс тәсілі де өзгеріске ұшырайтын болады.
Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін жыл сайын əрбір мемлекеттік орган нақты əрекеттер белгілеп, операциялық жоспар құрады. Республикамыздың статистика органдары экономика, əлеуметтік жəне демографиялық индикатор, ауыл шаруашылығы мен халық тұрмысы секілді түрлі салаларда халықаралық талаптарға сай объективті жəне толық мəлімет бере алады.
Статистика органдарының мақсаты мен міндеттері Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарының «Статистикалық ақпаратты ұсыну саласы» бөлімінде жіктелген.
Ұлттық статистика бюросының миссиясы қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру болып табылады.
Статистика органдарының сан-салалы әрі басты міндеттері ретінде мыналарды атап көрсетуге болады. Олар – статистикалық әдіснаманы қалыптастыру, мемлекеттік статистика қағидаттарын сақтай отырып, статистикалық қызметті жүзеге асыру, қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа деген қажеттіліктерін қанағаттандыру және статистика саласына жүктелген өзге де міндеттерді өз құзыреті аясында жүзеге асыру.
Одан бөлек, мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру, қоғамның, мемлекеттің және халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ ресми статистикалық ақпаратты және (немесе) статистикалық ақпаратты тарату, әкімшілік деректерді тек қана статистикалық ақпаратты жасау және статистикалық тіркелімдерді жаңарту үшін пайдалану, статистикалық жіктеуіштерді әзірлеу және бекіту, мемлекеттік статистика органдарын уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастыру арқылы статистикалық жіктеуіштермен қамтамасыз ету, статистикалық бизнес-тіркелімді, халықтың статистикалық тіркелімін, ауыл шаруашылығының статистикалық тіркелімін, тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімін жүргізеді.
Мемлекеттік органдарда қалыптастырылатын есептіліктің бірыңғай тізілімін әзірлеу, бағаларды тіркеу қағидаларын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ бағаларды тіркеуді жүргізу, шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің анықтығына нақтылау жүргізу, шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің анықтығына нақтылау жүргізу қағидаларын бекіту, шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізу жөніндегі статистикалық әдіснаманы және тіркеу жазбаларын жүргіузді ұйымдастыру нысандарын бекіту, ұлттық санақтарды жүргізу қағидалары мен мерзімдерін әзірлеу, өткізу, үй шаруашылықтарынан олардың кірістері мен шығыстары туралы қажетті алғашқы статистикалық деректерді өтеулі және өтеусіз негізде алу қағидаларын бекіту, мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның қызметімен қанағаттану деңгейін мониторингтеу мақсатында респонденттер мен пайдаланушыларға сауал салу қағидаларын әзірлеу және бекіту, мемлекеттік мекеменің мүлкін есептен шығару және т.б. статистика органдарының басты міндеттеріне жатады.
– Міне, осы аталған міндеттер барлық өңірлердегі департаменттер мен басқармалар жұмысында айна қатесіз орындалады. Жуалы аудандық статистика басқармасының мамандары жыл бойына түрлі мерзімдерде жалпы саны 143 есепті қалыптастырып, табыстап отырады. Мәселен, оның ішінде күнделікті екі есеп, айлық 31, тоқсандық 26, жартыжылдық 1, жылына үш мәрте 1, жылына бір мәрте 9, жылдық 70, біржолғы 1, бес жылда бір мәрте 1 есеп тапсырады. Бұл есептер өңір экономикасының барлық салаларының көрсеткіштері мен халықтың тұрмысын, күнкөріс деңгейін, отбасы мүшелерінің санын, табысын, тапқан қаражатын жаратуын, базардағы азық-түлік, тұрмыстық бұйымдардың бағаларын, тіптен демалуға жұмсайтын шығынын, бір сөзбен айтқанда бір өңірдің бүкіл тыныс-тіршілігін түгелдей қамтиды. Мұны есептеп шығару үшін жыл сайын ауданнан іріктемелі түрде екі ауылдан 30 үйден таңдап алынып, ондағы қосалқы үй шаруашылығы зерделенеді. Осының негізінде әр ауданның, облыстың, жалпы республиканың тұрғындарының күнкөріс деңгейі анықталады. Әр өңірдің күнкөріс деңгейі бөлек есептеледі. Мәселен, Жамбыл облысындағы күнкөріс деңгейі батыс өңірлерден төмен болуы мүмкін. Неге десеңіз, бізде көкөніс, ет өнімдері бізде арзан, оған халық қаражатты батыс өңірлеріне қарағанда аз жұмсайды. Сондықтан батыс аймақтарда күнкөріс деңгейі бізден жоғары болады.
Басқармада бес мемлекеттік қызметкер, төрт сұхбатшы, төрт техникалық жұмыскер еңбек етеді. Басқарманың бас маманы Бақытжан Сыпатаев мекемеде 17 жылдан бері жұмыс істейді. Оның функционалдық міндеттеріне ауыл шаруашылығы, тіркелімдер, демография және құрылыс статистикасы кіреді. Жетекші маман Мақсат Алпысбаевтың 18 жылдық жұмыс өтілі бар, тәжірибелі қызметкер. Ол бағалар, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, инвестиция статистикасымен шұғылданады. Одан бөлек, жетекші мамандар Нұрқанат Арипов пен Марат Жарлықасым еңбек, тіркелімдер, өнеркәсіп, құрылыс, қаржы статистикасы саласында еңбек етеді. Ардақ Байболов, Берік Арыпбаев, Фатима Райымбекова, Арайлым Затыбекова сынды сұхбатшыларымыз қосалқы үй шаруашылығы, еңбек, ауыл шаруашылығы статистикасы саласында сауалнамалар жүргізумен айнлысады.
Статистиканың интернет-ресурсын пайдаланушылар санының артуы байқалады, осылайша 1 қазанда 1500 адамды құрады.
Ресми статистикалық ақпаратпен қанағаттану бөлігінде қоғамдық пікірді зерделеу мақсатында жыл сайын пайдаланушыларға сауалнама жүргізіледі. Тұтастай алғанда, пайдаланушылар статистикаға оң көзқараста. Жыл сайын пайдаланушылардың статистикалық деректерге деген сенімі деңгейінің жоғары екені байқалады.
Статистикалық ақпаратты жасау үшін статистика органдары сондай-ақ мемлекеттік органдардың әкімшілік деректерін пайдаланады. Деректермен электрондық алмасуды қамтамасыз ету үшін «е-Статистика» ИАЖ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен ықпалдастығы іске асырылды, бұл респонденттерге деген жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.
Алғашқы статистикалық деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету үшін нормативтік құқықтық актілерге кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексеру құқығынсыз және орталық және жергілікті атқарушы органдарға қатысты тексеру құқығымен мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға бақылау функцияларын беру бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, айыппұл санкциялары ұлғайтылды.
Өндірілетін өнім сапасын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі – жоғары білікті қызметкерлердің болуы. Қазіргі уақытта статистика органдарында жоғары деңгейдегі экономикалық, математикалық, статистикалық және компьютерлік дайындығы бар, жүйелік талдау мен болжау әдістерін меңгерген мамандардың жетіспеушілігі сезіледі.
Бұдан басқа, респонденттерге түсетін елеулі жүктеме олар ұсынатын бастапқы деректердің сапасына ықпал етеді, бұл шығарылатын статистикалық ақпараттың сапасына әсер етеді.
– Аудандық статистика басқармасы құрылғалы бері мұнда білікті басшылар мен тәжірибелі мамандардың талай буыны еңбек етті. Соңғы кездері мекемеге 2013 жылдан бері басшылық еткен Мұсахан Зайнутдинов шілде айында құрметті еңбек демалысына шықса, осы салада табан аудармастан жемісті еңбек еткен ардагер статистиктер қатарында Сәбира Шоматаеваны, Халел Шыршымбаевты және тағы басқаларды атап өтуге болады. Кәсіби мереке қарсаңында басқармада ұзақ жылдар жемісті жұмыс істеп, саланың дамуына үлес қосқан ардагерлерімізді арнайы барып құттықтап, естелік сыйлық табыстаймыз, – дейді аудандық статистика басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханұлы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»