Basty bet
Сотқа дейінгі бітімгершіліктің маңызы артуда
Қазіргі таңда сотта қаралатын әкімшілік істер бойынша құқықбұзушылықтар азаймай отыр. Алайда, қарапайым халық кейбір құқықбұзушылықтарды сотқа дейін бітімгершілікпен, яғни татуласу арқылы шешуге болатынын біле бермейді. Бұл татуласуды іске асыру үшін тұрғындар әр ауылдық округтерде орналасқан билер кеңесінің мүшелеріне жүгінуі қажет.
ҚР ӘҚБтК-нің 64-бабында көрсетілгендей, әкiмшiлiк жауаптылықтан тараптардың татуласуына байланысты босатуға төмендегідей баптар жатады: ҚР ӘҚБтК-нің 73, 73-1, 73-2, 73-3 баптары, 79 (бірінші бөлігінде), 146, 185, 186 баптары, 190 (бесінші және алтыншы бөліктерінде), 220, 229 (екінші бөлігінде)-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы iстер жәбiрленушiнiң арызы бойынша ғана қозғалады және ол әкiмшiлiк құқықбұзушылық жасаған тұлғамен татуласқаннан кейiн тоқтатылуға жатады.
73, 73-1, 73-2 және 73-3-баптарда көзделген әкімшілік құқықбұзушылықтарды алғаш рет жасаған адамдар жәбірленушілермен, арыз иелерімен, соның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірген зиянын өтесе, сот оларды әкімшілік жауаптылықтан босатуы мүмкін.
Татуласу жәбiрленушi мен әкiмшiлiк құқықбұзушылық жасаған тұлға қол қойған жазбаша келiсiм негiзiнде жүзеге асырылады.
– Бүгінгі таңда ауданымызда көбінесе отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу құқықбұзушылықтары бойынша әкімшілік істер қозғалады.
Аудандық сотта 2020 жылдың 12 айында, осы жоғарыда аталған құқықбұзушылықтар бойынша 49 әкімшілік іс қаралған, 14 іс бойынша жазаға тартылып, 35 іс, соның ішінде татуласумен яғни, билердің көмегімен 18 әкімшілік іс тоқтатылған. Осы баптар бойынша сотқа дейін төрт әкімшілік іс тоқтатылған.
Жуалы аудандық соты тарапынан 05.11.2020 жылы аудандық полиция бөліміне ҚР ӘҚБтК-нің 73, 73-1, 73-2 баптарымен қозғалған әкімшілік істерді сотқа дейін татуласу арқылы тоқтату қажеттігі туралы хат жолданған.
Жергілікті тұрғындар әр ауылдық округтерде қызмет атқаратын учаскелік полиция инспекторларының әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер бойынша тараптарды сотқа дейін бітімгершілікке келтіру мақсатында билер кеңесі мүшелерін міндетті түрде қатыстыруға мүдделі екендігін білуі қажет.
Бүгінде ауданда құрылған билер кеңесінің 41 мүшесі бар. Әр ауылдық округте екі-үш биден, ал Бауыржан Момышұлы ауылында жеті би тіркелген. Сол себептен, аудан тұрғындары билерден көмек алып, татуласуға толық мүмкіндігі бар екенін білгені абзал, – дейді Жуалы аудандық сотының судьясы Байжан Жамалбекұлы.