Basty bet

Істі болған азаматтар жұмыспен қамтылуы тиіс

«Nurai Plaza» бизнес орталығында орналасқан Пробация кабинетінде аудан әкімдігінің жанынан құрылған консультативтік-кеңес органының пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен атқарылған шаралары туралы комиссия отырысы өтті.

Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды.
Жиында аудандық Пробация қызметінің бастығы Қуат Сарғалтақов ағымдағы жылдың жеті айы бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар туралы және олармен атқарылған шаралар жөнінде баяндама жасады.
Өз кезегінде кеңес мүшелері баяндамашыға сұрақтарын қойып, баяндамашының тарапынан нақты әрі тиянақты жауаптарын алды.
Бұдан соң, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен пробация қызметінің бірлесе ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Бұл жәрмеңкеге халықты жұмыспен қамту орталығы, «Жуалы-Су» мемлекеттік-қазыналық кәсіпорны, аудандық «Жастар ресурстық орталығы», «Бурное сүт» компаниясы, аудан әкімдігінің ветеринария қызметі және ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің өкілдері қатысты. Сондай-ақ, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қатысып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауаптарын алды.
Айта кету керек, бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 25 бос жұмыс орындары ұсынылып, 2 азамат жұмысқа орналастырылды. Сонымен бірге, аудан әкімдігі және пробация қызметі арасында меморандумға қол қойылды.
Аталған шара «Мектепке жол» акциясымен жалғасып, акцияда есепте тұрған азаматтардың балаларына мектепке қажетті құралдар табыс етілді. Одан бөлек, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға электронды білезік тағылды.
Шара соңында, есепте тұрған азаматтар аудандық «Достық» мәдениет үйінде өткізілген концерттік бағдарламаны тамашалады.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close