Basty bet

Басталған жұмыс уақтылы аяқталуы тиіс

Облыс орталығында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 163 аула алаңын абаттандыруға қаражат бөлінген. Көптеген аулалар автотұрақ, әткеншектер мен орындықтармен жабдықталып, айтарлықтай өзгергені атқарылып жатқан жұмыстардың жемісі екендігі даусыз. Дегенмен, кейбір мердігерлердің белгіленген мерзімнен ауытқып, басталған істерін жарты жолда қалдыруы тұрғындардың шағымдарын туғызуда.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын аралау барысында проблемалық нысандарды аралап, қалалықтардың шағымдарына құлақ асты. Талас, Жайлау, Самал шағын аудандарындағы жағдайлар ұқсас. Құрылысшылар аулалардағы асфальттау жұмыстарын толықтай аяқтамаған, ойын алаңдарындағы әткеншектер және басқа конструкциялар дұрыс орнатылмаған.
– Қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында соңғы бірнеше айда үлкен жұмыс атқарылды. Бірақ кейбір компаниялар өз күштерін бағамдай алмай, соның салдарынан қазір тұрғындарға қолайсыздықтар туғызуда. Сіздерде барлық жағдай жасалынды, қажетті қаражат бөлінді. Тек бір аула үшін 11 миллион теңге қарастырылған. Жұмыстың кешігуі негізсіз. Біз мұндай жұмысты қабылдамаймыз. Басталған жұмыс уақытылы аяқталуы тиіс. Осы аптада барлық кемшіліктерді түзету қажет. Асфальтты мұқият жауып, балалар алаңын реттеп, орындықтар мен әткеншектерді жөндеңіздер, – деді Бердібек Сапарбаев мердігерлерге.
Мұны Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қадағалауы тиіс. Сондай-ақ, аймақ басшысы су арықтарын жөндеуді және аулаларды қоқыстан тазартуды тапсырды. Ол бір аптадан соң бұл нысандарға тағы да келетінін ескертті.
Жайлау ықшамауданының тұрғыны Құндызай Әсемқұлова да көліктерін ыңғайсыз қоя салатын немқұрайлы жүргізушілерге қатысты шағымын жеткізді.
Облыс әкімі бұл мәселені шешу үшін учаскелік инспектордың айналысатынын айтты.
Бердібек Сапарбаев Талас шағын ауданындағы коммуналдық дүкенге арнайы бас сұқты. Тұрғындар мұндағы бағалардың нарықтағыдан төмен екенін, бірақ барлық өнім уақытында жеткізілмейтінін атап өтті. «ӘКК-Тараз» ҰК» АҚ басшылығына бұл мәселені бақылауға алу тапсырылды.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Әмір және Д» ЖШС-нің қоймалары бар фармацевтикалық өндіріс кешенінің құрылыс барысымен танысты. Мұнда экспресс-тесттер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар шығарылады. Жобалық қуаттылығы – жылына 15 миллион дана экспресс-тест, 1,5 миллион бақылау ерітіндісі және зарарсыздандыруға арналған 50 мыңға жуық ораманы құрайды.
Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы көпбейінді аурухананың жұқпалы аурулар бөлігінде болды.
Жамбыл облысы
әкімінің баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close